Basty bet
Мектеп лигасында чемпион атанды
Шақпақ ауылдық округіндегі №4 Құрманбек Сағындықов атындағы орта мектептің волейбол командасы Қазақстан Республикасының Ұлттық мектеп лигасында шын мықтылығын дәлелдеп, Республика чемпиондары атанды.
Елдің түкпір-түкпірінен келген мықты командалар арасынан суырылып шығып, Астананың төрінде атой салған Шақпақ жастары ауыл ғана емес, тұтас облыс мақтанышына айналды. Бұл – тарихта қалар, жүректе жатталар үлкен жеңіс!
Жеңісті бірге бөлісу – қуаныштың ең үлкен көрінісі. Осы мақсатта Шақпақ ауылдық округінің әкімі Нұрбақыт Балтабаев жас чемпиондарды қабылдап, олардың бұл тарихи жеңісіне шынайы ризашылығын білдірді. Кездесу барысында әкім жас спортшылармен емен-жарқын тілдесіп, олардың алдағы арман-мақсаттарын, спортқа деген қызығушылықтарын сұрап білді. Командалық спорттың, әсіресе волейбол сынды тәртіп пен ұйымшылдықты талап ететін ойынның тәрбиелік мәніне ерекше тоқталып өтті.
Бұл жеңістің артында үлкен еңбек пен маңдай тер бар. Команданың жетекшілері – Нұрлан Дүйсенбекұлы мен Рауан Сазанбаев – жылдар бойы шәкірт тәрбиелеп, әр жаттығуды жауапкершілікпен өткізіп келген нағыз жаттықтырушылар. Олардың спорттағы жанқиярлық еңбегі – бүгінгі жеңістің алтын тұғыры.
Аудан әкімінің Алғысхаты мен естелік сыйлықтар жаттықтырушылар мен ойыншыларға табыс етілді. Бұл – ауыл спортына, жастардың әлеуетіне берілген жоғары баға.
Бұл жеңіс – ауыл мектебінің рухани серпілісі, ауыл жастарының мүмкіндігі, мұғалімдер мен ата-аналардың бірлескен еңбегінің нәтижесі. Бір мектептің оқушылары бір команда ретінде ауыл атын ел астанасында танытты.
Осы жеңіс жас ұрпаққа үлгі болып, ауыл балаларының спортқа деген қызығушылығын арттырары сөзсіз.
Ақжан Ахметов,
Шақпақ ауылдық округі