Basty bet

Қара қодықтың өлімі

Осы күнде теледидар жаңалықтарынан ит пен мысықты қинап, азаптаған бұзақыларды құқық қорғау орындары қылмыстық жауапкершілікке тартып, жаза кесіп жатқаны туралы ақпараттарға жиі ұшырасатын болып жүрміз. Тірі тіршілік иелеріне қатыгездік көрсеткен бұзақыларға заң тұрғысынан шара қолданылғаны дұрыс қой деп ойлаймын. Өйтпесе төңірегіміздің бәрі рахымсыздарға толып кетер ме еді, кім білсін?! Осыдан ба, балалық шағымда өзім куәсі болған мына бір оқиға көкейімде тұрады да қояды…
Ол заманда біздің ауылда жеке автокөлік деген атымен болмайтын. Сондықтан елдің күнделікті тіршілік-әрекеті есек арбаға тәуелді. Ауыл адамдары шөп-шаламын да, отын-суын да есек жеккен шағын арбамен тасып күнелтеді. Үй салар болса тасын да, кірпіші мен ағаштарын да осы көлікке артатыны бар. Ол кезде арбаға жегетін жылқы аз, елдің тұрмысы нашар. Биесі бар екі-үш үй болса, олардың өзі оны аяп, барлық жұмысты тек есек арбаға жүктейді. Осыдан болар, ауыл адамдары үйме-үй есек ұстайтын еді.
Кешке дейін арба сүйреп, пішен тасып, отын артып, мойынын қажаған қу қамыттан әзер босаған есек байғұстар түнге қарай бір-біріне мұңын шаққандай ақырып-шақырып, ауылды басына көтеріп жатқаны. Иә, ол да бір қайталанбас қызық заман екен ғой, шіркін!
Байқап қарасам, жер бетінде есектей көнбіс, айтқаныңнан шықтайтын момын жануар жоқ сияқты. Қаншама бейнет пен азап-тозақты басынан кешіріп жүрсе де былқ етпейді-ау жануар, мыңқ етпейді, иесіне де реніш білдіріп, не тістеп, не теуіп мінез көрсететін ол емес. Ежелден адамзат баласы есекті ақымақ деп, ақымақ адамды есек деп кемсітіп келе жатқаны осы жануардың адамға қарсылық білдіре алмай, оның айтқанымен жүре беретін жуастығынан болса керек деп ойлаймын мен өз басым. Әйтпесе өз өлкесін, өз жерін жақсы танитын, егесінің дауысын оқыс естісе елең етіп, ақырып дыбыс беретін есек енді шіли ақымақ та, есалаң да емес. Оның естілігін мен өзім де көрген жайым бар. Сонау бір жылы, әкем қайтыс болған соң, көк есегімізді алыста тұратын бір жекжатымызға беріп жіберген едік, екі-үш күннен кейін сол жануар арса-арсасы шығып өзіміздің үйге қашып келді. Әсіресе, ауылға жақындағанда төңіректе арқандаулы тұрған өз «бауырластарына» аялдап, әрқайсысын иіскелеп, екі көзінен жас парлап, ал алдынан шыққан бізді көргенде әкесін көргендей ақырып жіберген сәті әлі де есімде. Көк есек ессіз, ақымақ жануар болса, өстер ме еді?!
Тегінде бұл байғұстың жұмысы арба тартып, шөп-шалам, отын-су тасумен ғана шектелмейді. Үстілеріне жапалақ құсап жәрбиіп отырып алған шал-кемпірді алыс-жақындағы той-томалақ, ас-жиындарға апарып келетін де осылар. Қамыттан, шал-кемпірден енді құтылып, ауызы көкке жаңа тие бергенде ауылдың әумесер балалары бастарына ноқталарын қайта кигізіп, «есек көкпарға» аттанады. Есектерін басы-көзден ұрғылап, бір жаман тулақты әрі-бері тартқылаған есерлердің есіріп алғандары сонша, күн ұясына отырып, қараңғы түскенше бір тыным таппайды. Тұяқтары тозып, үстілері қара терге малшынған сорлы жануар қап-қараңғы түнде енді жерден бір тістем шөп іздеп таң атқанша көз ілмейді. Сонда да болса есек өз тағдырына налығанын сыртқа білдірген емес.
Қыс бойы небір көз ашырмайтын дүлей борандарда, тісіңді-тісіңе тигізбейтін сақылдаған сары аязда ашық аспан астында арқасынан суық, табанынан сыз өтіп тұрса да есектер қой-ешкіден қалған немесе әумесер сиыр сарып тастаған сасық кәшекті күтір-күтір шайнағаны үшін өз өмірлеріне шүкіршілік ететін сияқты. Үндемейді. Момақан күйі… Жасыратыны жоқ, «Есектің еті арам, еңбегі адал» деп мақалдатқан қазақтың өзі байғұстың қадірін бір білген емес. Жылқысын, сиырын, торпағын қақаған қыста жылы қораға кіргізіп әспеттейтін қазекеңнің атшаптырым сол қорасынан «еңбегі адал» есекке алақандай бір орын табылмағаны ұят-ақ. Орыс пен немістің есектері қыстың күні сиырмен қатар жылы қорада иісі жұпар анқыған таза пішен жеп, арпа-бидайды күтірлете шайнап тұрғанда ашық аспан астында қалған-құтқан кәшекті талғажау еткен біздің есектердің соры бес елі-ау, бес елі…
Сөйтсе де, жаны сірі мақұлық емес пе, қабырғалары ырсиып көктемге әзер шықса да, болашақтан үміттерін үзбей, сәуір-мамыр айларында шеттерінен құлындап, жас төлмен өмірлерін көркейтіп жатқан олар нағыз қасиетті жануар деп ойлаймын. Біздің жақта есектің төлін «қодық» деп атайды. Ботадай көздері жәудіреп енесінің төңірегінде ерсілі-қарсылы құлдыраңдай шауып жүрген сүйкімді қодықты тамашалап тұра бергің келеді. Бізді баласынып ойнағысы келе ме, жанына жақындасаң сүйкімді қодық өзі-ақ құлдыраңдап келіп қолыңды, бетіңді иіскеп, еркелей бастайды.
Бірақ осы бейкүнә байғұстар үлкен адамдарға ұнамай-ақ қойды. Өйткені, жас төлдеген ұрғашы есек мінсең де, арбаға жексең де соңындағы қодығына алаңдап жүре қоймайтыны ежелден мәлім. Қамшымен ұр, таяқпен таяқта, желкесін үшкір қазықпен шұқыла, бәрібір, бір орнынан міз бақпай төрт тағандап тұрғаны тұрған. Аспан өртеніп, жерге түсіп кетсе де қодығы көз алдында жүрмей көңілі жай таппайды.
Есектері жылдам жүріп, істері өнімді болуы үшін ауыл адамдары жаңа туған қодықтарынан тез құтылуға асығады. Кейбіреулері тұмсықтары көкке ілінісімен қодықтарын басқа ауылдарға, жекжат-жұраттарына беріп жіберіп құтылып жатқаны. Қодықты аман-сау осылай жөніне жіберген де жақсы екен-ау, ал бірақ бір күні мен қодықтан құтылудың мына бір сұрқия амалының куәсі болдым…
Бірде ауыл маңындағы жалпақ сайға бұзау арқандай барсам, сол жерде Жақыпбектің жаңа құлындаған қара есегі тұр екен. Жас қодықты қызықтап біраз бөгеліп қалдым. Мына жарық дүниеге көзін жаңа ашқан жануардың қап-қара жүні түкті қыжымдай жылтырайды. Тік шаншылаған ұп-ұзын қос құлағы мен сидиған сирақтары, әлі сопайып ұзара қоймаған басы мен жағы оны сүйкімді үй қоянына ұқсататын еді. Ал танадай жарқыраған тұп-тұнық екі көзі бейкүнә жан-дүниесінің айнасы сияқты және сол көздер мына өткінші жалғанда жамандық, қатыгездік жоқтығына шынайы сенгендей ештеңеден алаңсыз.
Ойланып кеткен екем, бір кезде қара есек оқыс шыққан тықырға жалт қарады. Мен де арқа тұсыма тез бұрылдым. Сөйтсем қолында ет шабатын ақ күмістей жалтырған ықшам балтасы бар Жақыпбек бізге таяп келеді екен. Жүрісі тым суыт. Қатқан қайыстай қап-қара беті одан әрі қара қошқылданып, суық жүзі жауар бұлттай түнеріп, түсие түскен, өте ызғарлы. Алғаш ол балтамен есегінің қазығын қаққалы келе жатыр ма деп жайбарақат тұр едім, бірақ ол өйткен жоқ, келе сол қолымен бейкүнә қодықтың тікірейген қос құлағынан шап берді де, оң қолына сығымдай ұстаған қасап балтасының өткір жүзін күнге жарқ еткізіп, қодықты қақ маңдайынан шауып жібергенде жануардың жап-жас миы жан жаққа шашырап, өзі ыңқ еткен аянышты дыбыс шығарып, кемерінен аса бұлқына ағып жатқан ағын суға құлай берді… Жақыпбек қодықты емес, менің маңдайымнан шапқандай көзімнің оты жарқ ете қалды. Есеңгіреп барып есімді жисам анадай жерде бейкүнә қодықтың өлі денесі қып-қызыл қанға боялған сумен бірге ағып бара жатыр екен… Сөйтіп жаңа ғана танадай көздері мөлдіреп, мына жарық дүниеге келгеніне риза көңілмен айналаға тамсана қарап, енесінің төңірегінде әрі-бері құлдыраңдап шауып жүрген сүйкімді жануар қас пен көздің арасында мына бейопа жалғанның қатыгездігіне ұшырап, менің көз алдымда оқыстан мерт болды.
Істерін істеп, кінәсіз мақұлықты жаһаннамға жіберген соң қодықтың балбыраған жас миы мен қызыл күрең қаны жұққан балтасын көк шөпке сүртіп, орнынан тұрған Жақыпбек енді маған шындап назар аударып, мақтана тіл қатты.
– Мен жылда жаңа туған қодықтарымнан осылай құтыламын. Әйтпесе есегі құрғыр төліне алаңдап не арба тартпай, не мініс бермей сілеңді қатырады, – деді Жақыпбек өз ісіне риза болған жандай миығынан күліп. Бірақ оның күлкісі маған жаналғыш әзірейілдің мазағындай болып көрінді. Едірейген қара мұрты, біз ертегілерден ғана білетін диюдың танауындай делдиген қос танауы оны шынымен де қара албастыға ұқсататын еді.
Бір қарасам қара қодықтың енесінің екі көзінен жас парлап тұр екен. Өзегін қақ жарып, жаңа туған жас төлі көз алдында миы шашырап қатыгез егесінің жауыз балтасынан мерт болса, одан асқан қасірет бар ма тірі жан иесіне? Ішкі әлемі өртеніп, мына бейопа жалған дүниеге, инедей адамгершілік қасиеті, тырнақтай да жанашарлық сезімі жоқ қатыгез қожайынына лағнет айтқандай үнсіз егіліп тұрды…
Жаңа ғана қас қаққанша көз алдымда болған осы бір сұмдық оқиға жан-дүниемді найзағайдай тіліп өтіп, жүрегім қан жылаған мен алды-артыма қарамай үйге қарай тұра жүгірдім. Әлгінде ғана еркелей келіп менің қолымды иіскеген сүп-сүйкімді жануар енді менен араша сұрап, соңымнан құлдыраңдап шауып келе жатқандай арқама бұрылып қарауға дәтім жетпей, жүгірген бойы үйге жетіп құладым. Безгек тиген аурудай қалшылдап жатқан мына түрімді көріп анам байғұс шошып кетті.
– Не болды, балам, біреу тиді ме?-деп бәйек болған шешеме тіл қатуға шамам келмей, әзер дегенде басымды шайқадым.
– Онда неге қалшылдап жатырсың, ауырып қалғаннан саумысың?! – деп анам маған үрейлене қарады.
– Апа, Жақыпбек… Жақыпбек есегінің қодығын балтамен шауып өлтірді… – деп кемсеңдей жөнелгенім сол еді:
– Ой, балам-ай, ол сондай жауыз адам емес пе, шошынып қалған екенсің ғой, – деп анам бетіме су бүрікті…
Апам көршінің баласын жұмсап, ауылдағы үлкен молда Мұсабек атаны алдырды.
– Ата, мына балаңыз Жақыпбек залымның жаңа туған қодығын балтамен шауып өлтіргенін көріп, шошынып келіпті. Үшкіріп берсеңіз болмай ма? – деп апам молда атаға үрейлі жүзбен қарады. Мұсабек ақсақал ләм деместен жұп-жұмсақ алақанмен маңдайымнан сипап көрді де:
– Е, шошынса шошынған болар, қаннан қорықпайтын адам бола ма?! – деп төс қалтасынан алақандай көне құран кітабын шығарып, маған дем салуға кірісті. Қалың қара қастары мен найзадай ұзын кірпіктері қабағын, бір қап қою сақалы омырауын жапқан молданың бой балқытар әдемі әуезді әуені, анда-санда «сүф», «сүф» деп салған демі мені тылсым дүниеге тартып әкеткендей, тұла бойым балбырап, көзім ілініп кетіпті. …Қап-қараңғы түнде қолында қасап балтасы бар Жақыпбек маған тұра ұмтылғанда жан дауысым шығып, қарғып тұрған болуым керек, Мұсабек ата «бісмілла», «бісмілла» деп кеудемнен ақырын басып, орныма қайта жайғастырды…
Алайда таң ағарып атқанша кірпіктерім айқаспады. Көз алдымда манағы өзім көрген сурет көлбендеп тұрып алды. Жақыпбектің күнге шағылысып жарқ еткен қасап балтасы, жан-жаққа жас миы шашырап, ағын суды қып-қызыл қанға бояп ағып бара жатқан бейкүнә қодық… Мен атар таңды осылай әзер атырдым.
Ертеңіне Мұсабек молда тағы келіп дем салғанда кәдімгідей сергіп қалған сияқтымын. Сонан соң Мұсабек ата мен апама кешегі болған жағдайды қаз-қалпында баяндап бердім.
– Бұл нағыз қатыгездік. Алла жаратқан тіршілік иесін себепсіз өлтіру күнәнің ең ауыры,- деді Мұсабек ата, – Мен Жақыпбекті бала кезінен білемін. Ит пен мысықтың құйрықтарына от байлап, байғұс жануарларды шырқыратып азаптап ойнайтын оның бүкіл өмірі жауыздықпен өтіп келеді. Өзім дегенде туған бауырын құрбандыққа шалып жіберетін оның талай-талай қиянатына куә болған жайым бар. Бертінде, жігіт болған шағында, бір күйеуі өлген жеңгесіне таласып мал қораның үстінде шөп жинап жүрген ағасының бір құлағын қыршып тістеп, жұлынған құлақ етін түкіріп тастап, өзін төбеден лақтырып жіберген Жақыпбектің айуандығына бүкіл ауыл лағнет айтып, жағаларын ұстаған… Ал ағасы құлағының жартысы жоқ шұнақ, жамбасы шорланып бітіп, ақсақ болып қалды…
Мұсабек ата қыза-қыза келіп, Жақыпбектің мен білмейтін тағы біраз қырларын ашып берді.
– Ілгеріде біздің ауылдың маңындағы терең сайдың күнгей жақ жарқабағында жылан ордасы болатын, – деді ол әңгімесін одан әрі сабақтап. – Сайдың ішімен әдемі мөлдір бұлақ ағады. Ал жарқабақтың түбінде қайнар бастау бүлк-бүлк қайнап жатады. Бұлақтың жағалауы мен бастаудың айналасы тұнған жалбыз. Міне,осы жер ұзындығы екі-үш қарыс келетін күмістей жалт-жұлт еткен ақ жыландарға толы. Жардың бүйіріндегі шұрқ тесік індеріне кіріп-шығып жатқан жыландар тіршілігі құж-құж қайнаған базар өмірін көзіңе елестетеді. Ал кейде інінен шығып, жарқабақтың сары топырағында күнге қыздырынып жатқан олар суға шомылып, теңіз жағалауында жатқан адамдарға ұқсайды. Кеш батып, күн салқындай жыландар бір-біріне оратылып, бірін-бірі құшақтап доптай болып домаланып қалады. Осы суретті қарап тұрудың өзі қызық. Ордалы жыланға өзің тимесең одан жамандық күтпегенің абзал. Кейде олар айт кезінде үй аралап айттап жүрген адамдардай ауыл кезіп кететіні бар. Таңертең ұйқыдан ояна қалсаң аяқ жағыңда, мамық көрпенің үстінде манаурап жатқан ақ күміс жыландарды көресің. Үйдің тіреуінде, бесіктің балағында оралып тұрған жыландарға да елдің көзі үйренгені сонша, ешкім де үрей шақырмай, жайбарақат, алаңсыз жүре береді. «Жылан екеш жыланды үйден ақ құйып шығарады» деген мейірімді қазақ үйіне кірген жыланның алдына бір қасық айран төгіп, одан соң бір-бір тамшыдан есіктің сыртына дейін тамызып қоятыны даналықтың белгісі деп ойлаймын. Алдындағы ақты жалап, тояттап алған соң ақ жыландар жердегі айран ізімен сыртқа шығып, өз жөндеріне кете барады.
Адам мен жылан арасындағы сыйластық бұрын осылай еді. Сол заманда ел арасында оғаш, тосын ештеңе де болмайтын. Бір күні осы бейбіт тіршілікті әлгі Жақыпбек жауыз бұзды, – деп Мұсабек бір тоқтады.
– Ол сонда не істеді, ата?-дедім әңгіменің ақырын тезірек естуге асығып.
– Сол есерсоқ Жақыпбек осы ордалы жыланды тып-типыл етпесем атым өшсін деп, бір күні жылан ордасына қураған шөп пен кепкен кәшекті үйіп тастап, трактордың бір шелек жанар майын құйып, өрт қойып жіберді, – деп молда ата бір тоқағанда мен әңгімені одан әрі тыңдағым келіп, ынтыға түстім. – Отқа қақталған жыландардың жан дауысы шығып ысқырып, ысылдап, балықтай шоршып бұқынғаны, жарқабақтағы тесік-тесік індеріне қарай жан ұшыра қашып кіріп жатқаны нағыз қасіретті сурет еді. Мұны көріп бүкіл ауыл жағамызды ұстадық.
– Әй, оңбаған Жақыпбек, өзімен-өзі тыныш жатқан бұл мақұлыққа тиіп нең бар еді?! Бұл тегін емес, әулиелі жылан, олар енді бізге өшігіп, зиянын тигізбесе неғылсын, – деп ауыл ақсақалы Ағыбай қарт Жақыпбекті ақ таяғымен салып қалғанда, жанына батып кеткен Жақыпбек:
– Ақсақал, жыландармен қосып өзіңді өртеп жібермегеніме шүкіршілік ет те, менен аулақ жүр! – деп сес көрсетті.
Сөйтіп бейбіт жатқан ақ жыланның ордасы бір қаскөйдің кесірінен әп-сәтте ойран болды. Бірақ інге кіріп үлгеріп тірі қалған жыландар сол түні Жақыпбектің үйіне жөңкіліп барып, бесіктегі баласын шағып өлтіргенін ертеңіне бір-ақ білдік. Ал Жақыпбек болса колхоз қырманың түнгі күзетіне кетіп, содан жаны аман қалыпты. Бірақ біз ордалы жыландардың ауылдың басқа жұртына тимей, Жақыпбектің үйін қалай тауып барғанына таң қалдық. Шынында, аталарымыздың жылан деген әулие деуі бекер емес екен.
Ертеңіне таң алдында ойран болған ордасын тастап, күн батысқа қарай іркес-тіркес жөңкіле көшіп бара жатқан ақ күмістей жалт-жұлт еткен жыландар көшін ерте тұрғандар көріпті.
Содан кейін әлгі мөлдір бастау мен жарқабақтан жылдар бойы жылан көрмеген едік. Жуырда сол маңда ұзындығы құлаштай екі қара жылан пайда болыпты деп естідік. Бәлкім бұл қатыгез Жақыпбектен өшін алуға келген ақ жыландардың әруағы болар, – деп Мұсабек ата әңгімесін аяқтағанда тұла бойым түршігіп, Жақыпбектің қасап балтасынан қапияда мерт болып, судың бетін қып-қызыл қанға бояп ағып бара жатқан бейкүнә қара қодық көзіме елестеді… Ал алаулап жанған жалын арасында ысқырып-пысқырып, аспанға шапшыған ақ жыландардың жанталасы да көкейімде мәңгі тұрып қалыпты.
…Есекті ақымақ жануар деп айтпайтынымыз бекер-ақ. Бұған жуырда көзім тағы жетті.
Жаңа туған қодығын қасап балтасымен шауып өлтіргеннен кейін, арадан апта өтпей, араққа сылқия тойып, көңілі шерге толған есегін бас-көз демей ұрғалап қинап келе жатқан Жақыпбекті жануар ала қашып, баяғы өзі өртеген жарға, жылан ордасының орнына әкеліп, жығып кетіпті. Сол жерде мастығынан ояна алмай, домалап жатқан Жақыпбекті жар қуысынан шыққан бір құлаш қара жылан балтырынан шағып алыпты. Жылан уы оң аяғының басынан жуан санына дейін тегіс тарап, күп болып ісіп кетіпті. Содан әбден асқынып, гонгренаға айналған оң аяғын дәрігерлер кесіп тастап, Жақыпбектің өзін әзер аман алып қалыпты. Енді, міне, шалбарының бір балағын беліне қыстырып, екі қолтығындағы екі балдықпен шоқаңдап келе жатқан оған ешкім де жаны ашып, аяушылық білдірмейді. «Өзіңе де сол керек» дегендей ауыл адамдарының бәрі оны көрсе тіксініп қалатыны бар. «Баяғыда Жақыпбек бір аяғын балтамен шауып кемтар қылған біздің қара ит дәл осылай шоқаңдап жүріші еді, қазір Жақыпбектің өзі сол итке ұқсап қалыпты»,- деді бір күні көршіміз Ербол табалағандай. Тіршіліктегі барлық жақсылық, жамандықтарыңның бәрінің төрешісі де, қиянатың үшін кесімін кесетін де бір Алланың өзі. Адамды Алла жаратса, басқа тіршілік иелерінің бәрінің де жаратушысы сол. Сондықтан тілі жоқ мақұлыққа зарар көрсетіп, қиянат жасаған саналы адамның жазасы да ауыр болмақ дегенді Мұсабек ата көп айтушы еді. Ал мен болсам хайунаттарға қатыгездік жасаған пенделерді заң жүзінде жазалау өте орынды деп ойлаймын.

Мырзахан Ахметов,
Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі

Таңдаулы материалдар

Close