Basty bet

«Еңбек етпеген ішіп-жемейді»

Социализм ұраны Зәуірбековтер отбасының да қанатты қағидасына айналған

Қызыларық ауылдық округі Қызыларық ауылының ең байырғы тұрғынының бірі, тыл және еңбек ардагері, ауыл еңбеккері Сайлаубек Зәуірбеков осы көктемде 85 жасқа толды. Отбасында екі ұл, төрт қыз тәрбиелеп өсіріп, ел қатарына қосқан, бүгінде жасы егде тартқан ақсақалдың өмір және еңбек жолы өскелең ұрпаққа үлгі-өнеге етуге тұрарлық.

Ол 1937 жылы шаруа отбасында дүниеге келген. Бұл жылдары елімізде жағдай аса ауыр еді, бесіктен белі шықпай жатып, тұрмыс тауқіметін тартуына тура келді. Тағдырдың кез келген сынағына мойымай, табандылығы мен шыдамдылығының арқасында барлық қиындықтарды жеңе білді.
Ұлы Отан соғысы бұрқ етіп, жұрт одан бетер қыспаққа түсті. Әкесі Зәуірбек майданға алынып, соғыс даласынан қайтпай қалды. Буыны бекімеген бозбала, өзінің көптеген құрдастары секілді, ойнау дегенді білмей өсті, тылдағы жұмысқа жәрдемдесті. Жесір алған анасы Теңгекүл қызылша плантациясында еңбек етті. Сайлаубек бозала таңнан аттарды арбаға жегіп, шаруашылыққа қол ұшын берді, анасының суғармалы алқаптағы тәжірибесін үйренді.
Соғыстан кейінгі жылдары жас жігіт өзінің келешек тағдырын ауыл тұрмысымен байланыстырып, жерде еңбек етуге бекінді. 50-жылдардың басында Бүкілодақтық комсомол ұйымының шақыруымен ол Қазақстанның солтүстік облыстарына тыңды игеруге барды. Екпінді комсомол жастар бригадасының құрамында 3-4 жыл Целиноград облысының астықты алқаптарында жұмыс істейді. Егінші жігіттің жанқиярлық және адал еңбегі ескеріліп, «Тың және тыңайған жерлерді игергені үшін» орденімен марапатталды.
Уақыт өте келе еліміздегі жағдай жақсара бастады. 50-жылдардың соңында, Жуалы ауданында әскери бөлімшелерді мал етімен және көкөністермен қамтамасыз етуге маманданған алғашқы әскери совхоз пайда болғанда, Сайлаубек осы шаруашылыққа жұмысқа кіреді. Өзінің ұқыпты, шаруа қолдарымен картоп түйнектерін баптап өсіруге кірісіп, таңнан қара кешке дейін алқапта еңбек етті. Алғашқы картоп өсірушілердің, соның ішінде Сайлаубек те болды, жанқиярлық еңбегінің арқасында Жуалы картоптан жоғары өнімге қол жеткізіп, картоптың отанына айналды.
Совхоз жерлері тың болды. Алғашқы жылдары ол гектарына 150-160 центнерден өнім алып жүрді. Жаңа технологияны қолданып, оған қоса тәжірибе жинақтап үлгерген Сайлаубек кейінгі жылдары егіс алқабын ұлғайтып қана қоймай, сонымен бірге жоғары өнімге де қол жеткізді. Бұл кезде өнімділік екі есеге дерлік артып, гектарына 320-360 центнерге дейін жетті.
Халық шаруашылығының қалпына келуімен және күрт өсуімен бірге елде жалпыға бірдей еңбек қоғамын белсенді құру ісі жедел қолға алынды, барлық жерде жұмыс қызу қарқынмен жүріп жатты. Жұмыс бригадалары мен звенолары құрылып, олар үлгілі нәтиже үшін жарысқа түсті. Адамдар ортақ социалистік Отанның гүлденуі жолында тер төге еңбек етті. Бұл үрдістен әскери совхоздар да сырт қалмады.
– Біздің «Бурный» совхозында жеті құрылым жұмыс істейтін, соның бірін мен басқардым. Біз жас әрі қажырлы картоп өсіруші Жақсымбет Сыдықбековпен бірге өзіміздің жастар комсомол звеносын ұйымдастырдық. Біздің звено жыл қорытындысы бойынша социалистік жарыста бірнеше мәрте жеңіп шығып, озаттар қатарында болды. Кеңестер елінің астанасы Мәскеу қаласына, Халық шаруашылығы жетістіктері көрмесіне үш дүркін барып қайттық. БХЖК Бас комитеті біздің табысымызды екі қола және екі күміс медальдармен атап өтті, – деп еске алады ардагер.
Барлық бесжылдық тапсырмалары мен социалистік міндеттемелерді картоп өсіруші мерзімінде және айқын басымдықпен орындап отырды. Мәселен, 1961-70 жылдары ІХ-ХІ бесжылдық қорытындысы бойынша шаршауды білмейтін жұмыскер «Социалистік еңбек екпіндісі» төс- белгісімен марапатталды. Бұл кезде Сайлаубек картоп өсірушілер бригадасына, кейіннен мал шаруашылығы фермасына басшылық ететін.
Ауылдың қажырлы еңбеккері Сайлаубек Зәуірбеков шаруашылықтың қоғамдық өміріне белсене араласа бастады, ол аудандық партия ұйымының делегаты болып сайланды, 12 мәрте округтік партия конференциясына делегат болды. Еңбектегі жоғары жетістіктері, жұмыскердің талабы мен талпынысы шаруашылық тарапынан көтермеленіп, оған әскери ведомствоның емдеу-сауықтыру мекемелеріне тегін жолдамалар жүйелі түрде беріліп отырды. Ал Түркістан, кейіннен Орта Азия әскери округінің қолбасшылығы оның жұмысын бірнеше мәрте атап көрсетті. КСРО Қорғаныс министрлігінің Азық-түлікпен қамтамасыз ету басқармасыныың бастығы, генерал-майор И.С.Саушин мен Түркістан әскери округі әскерлерінің қолбасшысы, генерал-полковник Дмитрий Язовтар шаруашылықтың объектілерін аралаған кезде олардың қабылдауында болды.
«Бурный» әскери совхозы Қорғаныс министрлігіне қарасты 89 әскери совхоздың арасында әркез алдыңғы қатарда болды Ауыспалы Қызыл ту жыл сайын совхозда қалып отырды. 1980 жылы совхоз әскери округтің атынан оған «Жигули» автокөлігін сыйға тартты. Оны Қызыл Тулы Орта Азия әскери округі әскерлерінің қолбасшысы, генерал-полковник Дмитрий Язовтың жеке өзі табыс етті.
Картоп өсіруші ардагердің ұл-қыздары бүгінде әкесінің еңбектегі жетістіктерімен мақтанады. Олар өскен отбасында Еңбек адамы әрдайым құрметте болды.
– Дамыған социализм идеясының негізінде тең, алдап еңбек қағидаты жатты. Кеңес заманында «Еңбек етпеген, ішіп жемейді» деген ұран болатын. Мемлекет адамдардың еңбек етуі үшін барлық жағдайды жасады. Үлкен өндірістік ұжымдарда мыңдаған адамдар күні-түні ауысыммен жұмыс істейтін. Қуатты, гүлденген мемлекет мына менің қолым секілді қолдармен құрылды.
Жұмыс істеуден жалтаратын адамдар қоғамға жат элементтер болып есептелді. Олар заңмен қудаланып, «жатып ішерлер» деген атқа ие болды, мемлекетке салық төледі. Біздің буын ондайды білген жоқ. Отбасы, ошақ қасында балаларыма үнемі еңбектің пайдасы, қоғамдық маңызы туралы айтудан жалыққан емеспін. Содан да болар, олардың бәрі өсе келе қоғамға қажетті мамандықтың иелері болды, – дейді Сайлаубек ата.
1981 жылы Сайлаубек Зәуірбеков «Еңбек даңқы» орденнімен марапатталды. Ақсақалдың өңірінде бүгінде «Еңбек ардагері», «Ұзақ жылғы адал еңбегі үшін» медальдары жарқырайды. Ұлы Жеңістің 75 жылдығы қарсаңында оған Ресей Федерациясының Президенті Владимир Путиннің қолы қойылған «Ұлы Отан соғысы» мерейтойлық медалі табыс етілді.
Сайлаубек ақсақал бұл күндері лайықты еңбек демалысында болғанымен, өзінің сүйікті ісінен қол үзген емес. Ол бұрынғыдай алқапта жұмыс істемегенімен, жаңадан бастаған фермерлермен өзінің білімімен және өмірлік бай тәжірбесімен бөліседі.
Ардагердің адал еңбегі ұмытылмақ емес, ол бүгінде де лайықты бағалануда, таяуда ғана ол «Ерен еңбегі үшін» медалімен марапатталды. Жуалы ауданының құрылғанына 90 жыл толуы құрметіне «Ауылға сіңірген еңбегі үшін» медалімен марапаттады. Жамбыл облысының 80 жылдық мерейтой салтанатына ақсақал денсаулығына байланысты қатыса алмады Медальді облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің тапсырмасымен ақсақал сауыққаннан кейін Жуалы ауданының сол тұстағы әкімі Нарбай Ергебеков табыс етті.
Ардагер үшін ең қымбат сыйлық Социалистік Еңбек Ері атағын алу болар еді. Алайда, тағдыр мүлдем басқа арнаға салды. Осы тұста Кеңес Одағы ыдырап, оған бұл атақ бұйырмады. Қазір ақсақалдың қыздары әділдіктің салтанат құруы жолында барынша тырысуда …

Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close