Basty bet
ҚАҢТАР ОҚИҒАСЫ: РАҚЫМШЫЛЫҚ ТУРАЛЫ ЗАҢ ЖОБАСЫ ЕНГІЗІЛДІ
ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасын талқылайды.
Заң жобасы Мемлекет басшысының 2022 жылғы 1 қыркүйектегі Қазақстан халқына Жолдауында берген тапсырмасын орындау мақсатында әзірленген.
«Заң жобасының мақсаты – Қазақстан аумағында 2022 жылғы 4-7 қаңтар аралығында жаппай тәртіпсіздіктерге байланысты қылмыстық құқықбұзушылықтар жасағандарды қылмыстық жауаптылықтан босату немесе сот тағайындаған жазаның мерзімін қысқарту. Құжат – азаматтар мен мемлекеттің қауіпсіздігіне елеулі қатер төндірмейтін қылмыстар жасаған адамдарға мемлекет пен қоғам жағынан мейірімділік және ізгілік актісі болып отыр», – деді Мәжілістің Заңнама және сот-құқықтық комитетінің төрағасы Арман Қожахметов палатаның жалпы отырысында.
Биыл қыркүйекте Қазақстан халқына Жолдауында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жасалатынын айтқан болатын.
«Бізге ел бірлігі ауадай қажет. Ереуілге қатысқандар да, күштік құрылым қызметкерлері де – өз азаматтарымыз. Олар сот әділ өтеді деп қана емес, қоғам кешірімді болады деп үміттеніп отыр. Мемлекет қаңтар оқиғасына қатысқан, бірақ ауыр қылмыс жасамаған азаматтардың жазасын жеңілдетті. Заң бұзғандардың бірқатары кінәсін түсініп, өткен іске өкініп отыр. Оларға кешіріммен қараған дұрыс деп ойлаймын. Сондықтан мен қаңтар оқиғасына қатысушыларға бір реттік рақымшылық жариялау туралы шешім қабылдадым», – деген еді ҚР Президенті.
Қаңтар оқиғасына қатысқан 1520 адамға рақымшылық жасалуы мүмкін. Бұл туралы Бас прокуратураның ашық талқыға шығарылған «Рақымшылық жасау туралы» ҚР Заңының жобасы негізіндегі консультативтік құжатында көрсетілген еді. «Қаңтардағы оқиғалар бойынша іс жүргізуде рақымшылық жасауға жататын 391 қылмыстық іс бар. Олар бойынша 383 күдікті айыпталушы ретінде өтіп жатыр. Бұлтартпау шаралары бойынша: ешқайда кетпейтіні туралы қолхат – 153, күзетпен ұстау – 147 адам, үйқамаққа алу – 24, кепіл – 19, жеке кепілгерлік – 2, бұлтартпау шарасы таңдалмаған – 28, іздеуде – 10. Сондай-ақ соттың іс жүргізуінде 102 адамға 36 іс бар. Сотталғандар – 1 035, оның ішінде бас бостандығынан айыру орындарында жазасын өтеушілер – 93, пробацияда–930, айыппұл тағайындалды – 3, қоғамдық жұмыстар – 9. Ағымдағы жағдайды, халықаралық тәжірибені ескере отырып, мәселені шешу үшін ұсынылатын реттеу – рақымшылық жариялау» деп көрсетілген құжатта.
Бас прокуратура ауыр емес және орташа ауыр қылмыс жасаған адамдарды қылмыстық жауапкершіліктен толық босатуды ұсынып отыр.
Ал ауыр және аса ауыр қылмысқа барғандардың жаза мерзімі қысқартылуы мүмкін.
Мемлекетке опасыздық жасау, жаппай тәртіпсіздік, сыбайлас жемқорлықты ұйымдастырған, террористік және экстремистік қылмыс жасаған, азаптаған және қылмысқа қайта барған азаматтарға рақымшылық жасалмайды.
“Ana tili” газеті,
13 қазан, 2022 жыл