Basty bet
Жүрегіне мейірім тұнған Гүлжәмила
Әйел – ана, әйел – жар, әйел – қызметкер. Бүгінгі таңда қоғамда, қызметте абыройлы жан, отбасында шаңырағының ұйытқысы, берекесі болып отырған әйел-аналар көп. Соның бірі – Нұрлыкент ауылындағы М.Ломоносов атындағы орта мектепте 35 жылдан аса техникалық кіші қызметкер болып жұмыс істейтін Гүлжәмила Замбаева.
Ол 1965 жылы Көктөбе ауылында, қарапайым шаруа отбасында дүниеге келген. Әкесі Жаңабай мен анасы Ханзада колхозда жұмысшы болған.
-Мектепті бітірген соң бір жылдық бухгалтерлік курс оқыдым. Әрі қарай «Большевик» колхозында диспетчер болып жұмыс істедім. Сол жерде жұмыс істеп жүріп, болашақ жолдасымды кездестірдім. Ол кезде Аманжол М.Ломоносов атындағы орта мектепте жұмыс істейтін. Содан не керек 1986 жылы Нұрлыкент ауылына үлкен әулетке келін болып түстім.
Біз қара шаңырақта тұрдық. Ата-енем көрегенді кісілер еді. Енем Бексұлу 10 бала дүниеге әкелген, алтын құрсақты ана. Білмеген жерімді үйретіп, өзінің аналық сезімін көрсете білді. Балаларымның барлығын енем қарап, өсірді.
1987 жылы сол ауылдағы мектепке еден тазалаушы болып жұмысқа орналастым. Ол уақытта бұл ауылда неміс, орыс ұлтының өкілдері көп шоғырланған еді. Қазақтар аз болатын. Мектеп директоры орыс әйелі Роза Андреевна деген кісі еді. Басшымыз тазалықты қатты талап ететін,- дейді Гүлжәмила Жаңабайқызы.
Гүлжәмила апайдың жолдасы Аманжол Замбаев үйдің екінші перзенті. Ол қазіргі таңда мал шаруашылығымен айналысады. Екеуі өмірге төрт ұл-қыз әкеліп, құтты орындарына жайғастырып, қазіргі таңда олардан алты немере сүйіп отырған жайы бар.
Келін болып түскеннен енесімен бірге тұрып, қас-қабағына қарап, сыйлап, тәрбиесін алған Гүлжәмила Жаңабайқызын ауылдастары мен әріптестері ауыздарынан түсірмей мақтап отырады.
Гүлжәмила әпкенің қайнысы Нұрлыбек Замбаев Ауған жерінде интернационалдық борышын өтеп жүріп қаза болған. Қазіргі таңда ол кісінің атына Нұрлыкент ауылында бір көше берілген.
Біз Гүлжәмила әпкемен бірге жұмыс істейтін әріптестерін әңгімеге тартқан едік.
-Гүлжәмила өз тірлігіне пысық, ақкөңіл, аузын ашса жүрегі көрінетін жан. Біз бірге ұзақ жылдан бері жұмыс істеп келеміз. Бірақ бір рет те сөзге келіп, ол кісінің дауыс көтергенін байқамадық,- дейді олар.
-Мен осы мектепте жұмыс істегелі үш директормен жұмыс жасадым. Үш басшы да бізге жайлы болды. Басшылардың бәрі бірінші кезекте тазалықты бірінші орынға қояды. Қазіргі директорымыз Гүлсара Омарбекова жаны жайсаң кісі. Әйел адам болған соң барлық жағдайды түсіне біледі.
Аллаға шүкір, денсаулығымыздың арқасында жұмыс істеп жүрмін.
Бүгінгі шуақты күніме шүкіршілік айтамын. Президентіміз жастарға қолдау білдіруде. Менің перзенттерім осы ауылда өмірге келді, өсті, жетілді. Алған білімдерінің арқасында мақсаттарына жетіп, қалаған мамандықтарын алды. Мұның бәрі мемлекетіміздің нық орныққан шешімдерінің, татулық пен бірліктің жемісі,- дейді Гүлжәмила Замбаева.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»