Basty bet
Көмекке мұқтаж азамат баспаналы болды
Халқымыздың тұрмыс-салтында ежелден желісі үзілмей келе жатқан игі дәстүрлер өте көп. Соның бірі – асар. Көпшіліктің көмегін пайдаланып шөп шабу, егін жинау науқандарына, сондай-ақ үй салу сияқты ауыр жұмыстарды атқаруда ағайын-туыстың және көрші-қолаңның көмекке мұқтаж жанға бірлесе көмек қолын созуын асар деп атаймыз. Бұл – халықтың қайырымдылығы мен ұйымшылдығын танытатын игі дәстүр. Бұл дәстүр бізден басқа қырғыз, өзбек, тәжік, түркімен халықтарына ортақ әрі өте ертеде пайда болған.
Міне, халқымыздың қиналған жанға қол ұшын беру, сүрінгенге сүйеу бола білетін қасиетінің арқасында осынау дәстүр елімізде қайта жанданып, жаңа заманға сай жаңаша сипат алуда. Бұл қазақ¬ дейтін халықтың мәрттігін ғана емес, бауырмалдығын және көпшілдігін әйгілейтін дара қасиет.
Жамбыл облысында өңірдің бұрынғы әкімі, мемлекет және қоғам қайраткері Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен қолға алынған «Асарлатып үй салу» жобасы облыста өз жалғасын тауып келеді. Осынау игі дәстүрдің аясындағы жұмыстарды қасиетті Жуалы ауданының өмірінен де көруге болады. Бұл – үлкен мәні бар қуанышты оқиға.
2023 жылы «Асарлатып үй салу» жобасының аясында ауданда жылдың аяғына дейін барлығы 10 тұрғын үй тапсырылу жоспарланып отыр. Оның ішінде, жаңадан бой көтеретін тұрғын үй құрылыстарының саны – 7. Олар ауданның орталығы – Б.Момышұлы ауылы, Ақсай, Билікөл, Қарасаз, Күреңбел, Мыңбұлақ және Шақпақ ауылдық округтерінде.
Бес саусақтың да бірдей еместігі сияқты, өңір тұрғындарының да тұрмыс жағдайлары бірдей емес. Ауданға қарасты Жетітөбе ауылдық округінде де мұндай отбасылар бар. Биылғы жаз мезгілінің шуақты күндерін тиімді пайдаланған ауылдық округ әкімшілігінің мамандары және ауыл тұрғындары күш біріктіре отырып, «Асарлатып үй салу» жобасымен бір үйдің қосалқы құрылысын аяқтап, оны 30 тамыздағы Конституция күні мерекесінің қарсаңында пайдалануға берді.
Толығырақ айта кетсек, Кәріқорған ауылының тұрғыны, жалғызбасты азамат Василий Дороштың баспанасы толықтай күрделі жөндеуден өтіп, үйдің бір бөлігі қайта салынды. Василий Владимировичтің туған жері Украинаның Новотройц ауданы Воскресенское селосы. Ол сонда 1980 жылы туған, 1983 жылы қазіргі Кәріқорған ауылына (бұрынғы Казанка селосы) анасымен көшіп келген. Ол отбасында жалғыз тұрады. Мектепте білім алмаған, денсаулығы нашар, анасы және асырап алған әкесі қайтыс болған.
Баспанаға және көмекке мұқтаж, күнкөрісі төмен жан Василийдің жағдайын және тұрмысын ескерген ауыл әкімшілігі және көрші-қолаң оған үнемі көмектесіп, азық-түлікпен және отын-сумен тұрақты қарайласып отырады. Күні кеше ғана құлаудың аз-ақ алдында тұрған баспанасын да күрделі жөндеуден өткізіп, қамкөңіл азаматқа қуаныш сыйлаған да дәл осы – ауылдастары.
Баспананы үйдің иесіне тапсыру рәсіміне ауыл ақсақалдары және тұрғындар, сонымен қатар ауданның басшылары да осында арнайы келді. Жалпы ынтымағы берік, ауызбіршілігі жарасқан Жетітөбе жұртшылығының атқарған игі әрі сауапты істерін аудан әкімінің орынбасарлары Рақымғазы Құниязов, Асхат Жабағы, аудандық мәслихаттың хатшысы Зиядхан Бүрлібаев, аудандық ардагерлер және қоғамдық кеңестердің төрағалары Сейітхан Жұмашев және Әбдікерім Уркумбаев аса жоғары бағалайтындарын жеткізіп, үйдің иесі Василий Владимировичті баспаналы болуымен құттықтады. Аудан орталығынан келген лауазымды азаматтардың барлығы сауапты істердің ұйытқысы болып жүрген ауылдық округтің әкімшілігі мамандарының және ауыл халқының ауызбірлігін де көпшілікке үлге ете отырып сөйледі.
Қызыл таспаны аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы Сейітхан Жұмашев және ауылдың қадірлі қариясы, ардагер ұстаз, ауданның Құрметті азаматы Рақымжан Сатаев салтанатты жағдайда кесті. Қуанышты бөлісуге келген ауыл әйелдері тәттіден шашу шашып, жаңа баспағана құтты болсын айтты.
Қазақ – жетімін жылатпаған, жесірін қаңғыртпаған халық. Қанда қиын-қыстау кезеңдерде де қолындағы барын мұқтаж жандармен бөлісуді құп көріп, көзі жасты, көңілі қаяу жандарға жанашыр бола білетін халқымыздың осынау дара қасиетіне осындайда қалай риза болмайсың!
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»