Basty bet
Біздің рухани әрі сенімді серігіміз!
Біз «Баспасөз – өмір айнасы» деген қағиданы жастайымыздан жадымызда ұстап өскен ұрпақтың өкіліміз. Бала кезімізден республикалық газет-журналдарға көптеп жазылып, оның әрбір санын асыға күтіп, құлшына оқушы едік. Өйткені, рухани құндылық пен адамға қажетті рухани қажеттіліктердің барлығы сонда.
Шыны керек, қазіргі буын кітап, газет-журналдарды ақтарғаннан гөрі әлеуметтік желіні қарағанды дұрыс көреді. Әлі де ақылы толыспаған, оңы мен солын танып үлгермеген жастардың ондағы жөнді-жөнсіз айтылған әрі шындыққа жанаспайтын ақпараттарды құныға сіміретіні, оны жөн санайтыны өте өкінішті.
Иә, ғаламтор – ғылым мен техниканың шынайы жетістігі екендігіне ешбір дау жоқ. Қазіргі жаһандану заманында ғаламтордың пайдасы орасан зор екендігін, онсыз іс бітпейтіндігін де жақсы түсінеміз. Жалпы ақпараттың технология біздің қазіргі қоғамның ажырамас бөлігіне айналғаны рас. Бірақ кітап пен газет-журналдың орны бөлек. Неге? Газет-журналды қолыңмен ұстап, тұшынып оқығанға не жетсін?!
Келер жылы жарық көре бастағанына мерейлі 90 жыл толатын төл басылымымыз, ауданның айнасы – «Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газеті қасиетті Жуалы өңірі тұрғындарының, оның ішінде, оны сүйіп оқитын тұрақты әрі басылымға жанашыр оқырмандар үшін маңызға ие басылым. «Жаңа өмір» – біздің мақтанышымыз!
Газет ұжымы оқырмандардың көңілінен шығу үшін бар жігер-күшін жұмсап, қаламгерлік жолда аянбай еңбек етуде. Аудандық басылымда тіл мен діл, салт-дәстүр, тарихи тұлғалар туралы, өнегелі отбасылар және жас ұрпақтың тәрбиесі жөнінде жазылған мақалалар үзбей жарияланып тұрады. Газеттің ішкі мазмұнымен қатар, сыртқы дизайны да ерекше безендірілуде. Мұны газетті тұрақты әрі сүйіп оқитын көзі қарақты оқырман ғана байқаса керек.
«Ер бірлігі – ең асыл қасиет» деген ұлағаттың бар екенін білеміз. Бұл жолда қалам ұстаған қауымның ел арасындағы ынтымақ пен бірлікті ұйытуға, қасиетті өңір тұрғындарының мәдени һәм рухани дамуы жолындағы қалтқысыз еңбектеріне дән ризамыз. Біздің отбасының мүшелері кәсіби шеберлігі толысқан әрі қалыптасқан майталман журналистер мен тілшілерді әрдайым мақтан етеді.
Төл газетіміздің облыстық, тіпті, республикалық басылымдардан ешбір кем түспейтініне шын көңіліммен қуаныштымын. Сөздің реті келіп тұрғанда айта кетсем, газет тілшілерінің жанкешті еңбегін қалай дәріптесек те болады. Ал соңғы жылдары газетке жазылатын оқырмандардың азайып кетуі қалам ұстаған журналистердің жүрегін ауыртпай қоймайтыны анық. Газет қашанда қалың оқырманымен ордалы.
Аудандық газетпен жарты ғасырдан бері тұрақты байланысымыз үзілген жоқ. «Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газетін отбасымызбен сүйіп оқитындықтан, жазылым науқаны кезінде басылымға демеушілік көрсетуді азаматтық парызым деп санаймын. Бұл ретте ұзақ жылдан бері жыл сайын демеуші ретінде ауыл-аймақтағы аз қамтылған бес отбасын «Жаңа өмір» газетіне жаздырамын. Алла ғұмыр берсе, әлі де осы үрдісті жалғастыра беремін.
Алда қалам ұстаған қауымның мерекесі келеді. Бұл 28 маусымдағы Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні кәсіби мерекесі. Айтулы мереке қарсаңында аудандық газеттің ұжымын және бұқаралық ақпарат құралдарында тер төгіп, еңбектеніп жүрген барша қызметкерлерді төл мерекелерімен шын жүректен құттықтай отырып, толайым табыстар және шығармашылық шалқар шабыт тілеймін.
«Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газеті – бәріміздің рухани әрі сенімді серігіміз! Журналистер күніне деген ізгі тілегімді төмендегі өлең жолдарымен жеткізгенді жөн санадым.
Журналистер, тілшілер!
Журналистер, тілшілер,
Қадіріңді білсін ел.
Бұқара мен билікке,
«Алтын көпір» боп жүрсіңдер.
Баспасөздің сардары,
Жүздері жарқын жайдары.
Қаламы ұшқыр жайсаңдар,
Газеттің нағыз бағбаны.
Біледі, жұрт біледі,
Болғанда оқырман тірегі.
Журналистер, тілшілер,
Басылымның сендер жүрегі.
Шабытпен атқан таңдары,
Өрелі, өршіл жандары.
Бейнелеп өмір шындығын,
Қалың оқырманның ардағы.
Шуағын шашқан күнсіңдер,
Жайқалған бейне гүлсіңдер.
Тәрбиенің текті үлгісін,
Көркейте жазып жүрсіңдер.
Қаламдары қарымды,
Жүр ғой небір дарынды.
Майталман шебер тілшілер,
Ізгілігімен танымды.
Ерен еңбек иелері,
Қалың бұқара сүйенері.
Болуға әбден лайықты,
Зор марапат иегері.
Рухына елдің дем берген,
Басылымға жаңа өң берген.
Журналистер, тілшілер –
Оқырман бірге сендермен!!!
Әлия ЖАҚСЫБЕКОВА,
ардагер ұстаз.
Басылымның тұрақты оқырманы,
«Алтын алқа» алқасының иегері.
Көлтоған ауылы