Basty bet

Мемлекеттің қолдауы – сүт өндірушілерге тиесілі

Жасыратын несі бар, қазіргі таңда елімізде азық-түлік өндірісін ұлғайту және оның қауіпсіздігі мен қолжетімділігін қамтамасыз ету, сонымен қатар бағаның тұрақтылығын сақтау маңызды мәселеге айналып отыр. Осы орайда Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Жолдауында айтылған Қазақстанның аграрлық әлеуетін дамыту жайы мен ондағы туындап отырған бірқатар проблемаларды жою үлкен маңызға ие.

Президент аталған Жолдауда бұл саладағы негізгі проблемаларға тоқталды: «Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс»,- деп, асыраушы саланың әлеуетін көтерудің жолдарын жан-жақты көрсетіп берді.
Жуалы ауданы – аграрлы өңір. Шөбі шүйгін, суы мол қасиетті өңірде жыл санап малдың басы да өсіп келеді. Оның ішінде, қазір өңірде мүйізді ірі қараның басы 53 мыңнан асып жығылады. Ал оның ішінде, сауынды сиырдың басы 25 мыңға жуықтайды. Қазір ауданда сүт өңдеп, одан түрлі өнімдер шығаратын тоғыз бірдей кәсіпорын жұмыс істеуде. Қайбір жылдары аудандағы сүт өңдеу кәсіпорындарын шикізатпен қамтамасыз етіп, зауыттардың жүктемесін арттыруға күш салына бастады. Тиісінше, бір кездері шикізаттың тапшы болуына байланысты сүттің бағасы да жоғары болды.
Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімі берген ресми ақпаратқа сәйкес, аудандағы сүт өңдейтін зауыттар 2021 жылы сүттің бір литрін 130 теңгеден қабылдаса, 2022 жылдың басында сүт бағасы 180 теңге болды. Ал тамыз айында баға 220 болса, қазан айында 240 теңгеге көтерілді. Биыл жылдың басында сүт бағасы 240 болса, ал қазіргі баға 170 теңге болып бекітіліп отыр.
Ал енді өңірдегі сүт өңдейтін зауыттардың қуаттылығына келер болсақ, аудандағы үлкен кәсіпорынның бірі – «Бурный сүт компаниясы» ЖШС-ның тәуліктік қуаттылығы 60 тонна болса, зауыт осынша шикізаттың жартысына ғана қол жеткізіп отыр. Одан кейін «Ақ Мол-2025» ЖШС тәулігіне 20 тонна өңдеуге қауқарлы болса, кәсіпорын 75 % жүктемемен жұмыс істеуде. Ал «СМТС» ЖШС 25 пайыз жүктемен, «ЛФ Компания» ЖШС-ның бес тонна сүт өңдеуге шамасы жетсе, қазір қабылдап отырғаны бір тоннадан сәл ғана асады.
«Нысанов» жеке кәсіпкерлігінің күнделікті өңдейтіні екі тонна көлемінде ғана. «Самурай» ЖШС тәулігіне сегіз тонна өңдей алса, қазір цехта үш тонна сүт өңделеді. «Бурный ірімшік компаниясы» жеті тонна, «Алатау сүт өнімдері» АШӨК небәрі екі тонна сүт өңдеуде. «Бірге» жеке кәсіпкерлігі үш тонна сүт өңдей алады. Ал қабылдап отырғаны бір тоннаға да жетпейді. Жалпы аудандағы сүт өңдеу кәсіпорындары 54,4 пайыз жүктемемен жұмыс істеу үстінде. Қазір ауданда сүттің бағасы 170 пен 190 теңгенің аралығында қалыптасып отыр
Сөзіміз дәлелді болуы үшін аудандағы бірқатар сүт өңдейтін кәсіпорынның басшыларын да сүт шикізатына және оның бағасына қатысты қалыптасып отырған жағдайдың барысын сұрап-білдік.
Ең бірінші «Бақдәулет» ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативінің өкілі Ғани Бейсеқұловпен хабарласқанымызда: «Бірге» жеке кәсіпкерлігі ағымдағы жылдың басында қызметін тоқтатқан болатын. Ал ендігі кезекте оның орнынан «Бақдәулет» АШӨК жыл басынан бері өндіріс бағытындағы жұмыстарды атқаруды қолға алды. Қазіргі таңда аудандағы сегіз сүт тасымалдаушымен тұрақты жұмыс істеудеміз. Оның ішінде, өндірістік кооператив, жеке кәсіпкерлік және шаруа қожалықтар бар. Өнімді өңдеу мәселесіне келсек, кәсіпорында тәулігіне орта есеппен жеті тоннадай шикізат қабылданып, одан түрлі өнімдер шығарылуда. Атап айтқанда, сары май, ірімшіктің төрт түрі, чечель, брынза, сулугуни, иогурттың бірнеше түрі және құрт өндірудеміз. Бізде өнімді өткеруде ешқандай проблема болып отырған жоқ. Бұл бағытта өнімді тасымалдаушылармен тікелей келісім-шарт жасасу арқылы жұмыс істеудеміз. Өнім негізінен Қазақстанның Атырау, Ақтау, одан бөлек, Тараз, Алматы және Астана қалаларына жөнелтілуде. Зауытта сүттің қабылдау бағасы орта есеппен 180 теңгенің аралығында», – дейді.
Сүттің бағасына байланысты аудандағы «Нысанов» сүт өңдеу кәсіпорнының басшысы, жеке кәсіпкер Мұрат Нысановтың да айтар өз уәжі бар.
-Аудандағы сүт бағасының тұрақсыздығын бірқатар мәселелермен байланыстыруға болады. Оның ең біріншісі – Жамбыл облысына көршілес Қырғыз Республикасынан біздікінен қарағанда арзан бағада дайын сүт өнімдері көптеп кіргізіліп жатыр. Сырттан келетін өнімнің бағасы арзан болғанымен, оның сапасына да мән беруіміз қажет. Оған қосымша Қырғыз кәсіпкерлері облысқа арзан бағада сүт тасымалдауды да жоспарлап отырған көрінеді. Бұл – жергілікті сүт өңдеушілерге өте қауіпті.
Ендігі кезекте айта кететін тағы бір маңызды мәселе бар. Бұл – жергілікті жерде өндірілген отандық өнімге деген мемлекеттің қолдауы туралы. Өзімнің кәсіпорнымды алатын болсам, қазіргі таңда күніне екі тоннадай сүт қабылдап, одан түрлі өнім шығарудамын. Ал биыл өнімді өткеру жағы өте күрделі болып отыр. Бұрын дайын өнімді Шымкент, Тараз және Алматы қалаларына өткерсем, биыл бұл қалалардан тапсырыс аз түсетін болды. Өнімге сұраныс болмағаннан кейін қазір мұздатылған қоймаларда төрт тоннадай сары май, оған қосымша екі тоннадай ірімшік өнімін сақтауға қоюға тура келуде. Бір қоймаға сыймаған соң екінші қойманы іске қосып, өнімді сақтауға көшіп жатырмын. Бұл да кәсіпкер үшін қосымша шығын,- дейді кәсіпкер.
Біздің білуімізше, сүт өңдейтін кәсіпорындарға да субсидия қаралған. Қосымша айта кететін болсақ, 2022 жылы ауданның сүт өндірушілері 690 миллион теңгеге жуық субсидия алған. Бұл ауданда құрылған 42 ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне қатысты. Ал сүттің әр литріне берілетін 20 теңге көлеміндегі мемлекеттен бөлінетін субсидия шын мәнінде сүтті өндіріп отырған тұрғындарға жетуі қажет. Бұл – мемлекеттің қолдауы.
Сүттің бағасына келер болсақ, нарықтың заңына сәйкес баға мәселесінде құбылу көп байқалып отыр. Оны тұрақты ұстап тұру өте маңызды. Негізгі еңбек – ауылдағы сүт өндіретін шаруаларға тиесілі. Сондықтан, бұл мәселенің маңыздылығын терең ескеруіміз. қажет. Мемлекет тарапынан сүтке берілетін қолдаулардың, оның тұрғындарға қолжетімділігін арттыра отырып, бұл мәселені шешуге болады.
Әділетті әрі Жаңа Қазақстанды құруға бағытталған Мемлекет басшысы Қ.Тоқаевтың Жолдауында айтылған аграрлық саланы дамытуға бөлінген бюджет қаражатының қайтарымы болуы керектігі, субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейтудің қажеттігі және мемлекеттің қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейтіні туралы айтылған тапсырмалары әлі де болса орындалмай келеді. Мысалы, ауылдық жерлердегі шаруаларға, оның ішінде, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативіне біріккен шаруаларға мемлекет тарапынан бөлінетін субсидияның тиісті жеріне жетпеуі де қазіргі таңда сүт өнімдерінің қолжетімділігін арттыруға үлкен қолбайлау болып отырғанын айтуымыз қажет.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close