Basty bet
Ұлттарды тату тірлікке шақырды
Аудан прокурорының және ішкі саясат бөлімінің бекіткен жоспарына сәйкес, ауданға қарасты Күреңбел ауылдық округінің Қаратас ауылы және Қарасаз ауылдық округінің орталығында тұрғындар арасында құқық бұзушылық және ұлтаралық қатынастарды нығайту мақсатында ауыл тұрғындарымен және этнос өкілдерімен кездесулер өтті.
Шараның мақсаты – ұлтаралық қатынастарды нығайтып және ел тыныштығын, татулығын, бірлігін, ынтымағын сақтауға, ауыл тұрғындары арасындағы арандатушылықтың алдын алу және этносаяси мәселелерді тұрақтандыруға халықты шақыру.
Кездесуге аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова, «Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның Жуалы аудандық филиалының төрағасы Сейітхан Жұмашев, аудандық билер кеңесінің төрағасы Мұратқали Рахметов, «Мехрибан-Шаңырақ» әзірбайжан ұлттық орталығының төрайымы Эсьмира Мамедова, «Славян» ұлттық орталығының төрайымы Ирина Протасова, «Неміс» ұлттық орталығының төрайымы Надежда Галахова қатысып, өз ой-пікірлерін білдірді.
Ең алғашқы жиын Күреңбел ауылдық округінің Қаратас ауылында өтті. Округ әкім Ғани Жұбаевтың баяндамасына сүйенсек, ауылдық округке қарасты Күреңбел және Қаратас ауылдарында жалпы халықтың саны – 2 065 адамды құрайды,
Экономикалық белсенді халық саны – 1 014, шаруа қожалықтары – 183, көпбалалы аналар – 79, оның көпшілігін этнос өкілдері құрап отыр.
Екінші кездесу Қарасаз ауылдық округінің мәдениет үйінде өтті. Мұндағы тұрғындар саны – 3 587, оның ішінде, қазақтар – 3093, орыс – 324, әзірбайжандар – 21, украиндар -95, татарлар – бес, молдаван – біреу, кәрістер – үшеу, тәжіктер – бесеу, өзбектер – төртеу. Тұрақты жұмыспен қамтылғандары – 419 адам оның көпшілігін жергілікті этнос өкілдері құрап отыр. 2023 жылы 238 шаруа қожалықтары болса, оның 23-і өзге ұлт өкілдерінің жастары.
Осы округ тұрғындарымен өткен кездесулерде ауыл тұрғындарының көп бөлігін түрлі этнос өкілдері құрайтынын айтып, ел бірлігінің татулығын және ұлтаралық қатынастарды нығайтудың маңызды екеніне ерекше тоқталды.
«Ардагерлер ұйымы» РҚБ-ның Жуалы аудандық филиалының төрағасы Сейітхан Жұмашев Тұрмағамбет Ізтілеуовтің халықты ел бірлігін сақтауға, татулыққа шақыруды насихаттайтын өлең жолдарын айтып өтті.
-Елдің тыныштығы өте маңызды, өсіп жайқалған, өркендеген, өр рухты ұрпақтары бар халықтың ғана түтіні түзу ұшпақ. Өркениеті дамымақ. Ата-аналар бала жүрегіне сызат түсірмеуі керек. Жалғыздықта, ата-анасыз өсіп жетілу кезеңінен өмір соқпағымен күресу, кибербуллинг құрбанына айналып кетпеуі үшін бар жағдай жасалғаны жөн,- деді ол.
Ал аудандық билер кеңесінің төрағасы Мұратқали Рахметов өз сөзінде: «Бақ қайда барасың десе – ынтымағы жарасқан құтты мекенге барамын»,- депті. Мұндағы басты мақсат – ел арасында алауыздық, дау-дамай орнатпай, қайта қарапайым халықты бітімге шақыру, жастар арасындағы тәлім-тәрбиенің дұрыстығы, көпке өнегесімен үлгі боларлық отбасы институтын күшейтудің маңызы зор.
Аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметова жас өрендер елдің ертеңгі болашағы екенін баса айтты.
-Жастардың дұрыс ойлауы, тәлім-тәрбиеннің асыл діңгегін тұла бойына сіңіріп өсуі аса маңызды жайт. Қазіргі таңдағы дабыл қағып жатқан өзекті мәселе жастардың өз өмірлерінің қадірін, парқын білмеуі, қоғамнан алшақтап қалуы, қауіпті топтардың құрығына тез түсіп, жастар арасындағы қылмыс, бір-бірін кемсіту, дөрекілік танытуы, мәдениетсіздік. Сондықтан бүгінгідей жастарды татулыққа, бірлікке шақыру мақсатындағы кездесулер әрі қарай да жалғасын табады,-деді А.Ахметова.
Қорытындылай келе, біздің елімізде алуан түрлі этникалық қауым бейбіт өмір сүру арқылы бірлік бар жерде тірліктің бар екендігін көрсетіп отыр. Достық туы мәңгі желбірей берсін!
Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»