Basty bet
Жауапкершілік жүгі өте салмақты
Мемлекеттік қызмет – мемлекеттік қызметшілердің мемлекеттік органдардағы мемлекеттік биліктің міндеттері мен функцияларын іске асыруға бағытталған лауазымдық өкілеттігін атқару жөніндегі қызметі.
Мемлекеттік жүйені дамытудағы басым бағыттардың бірі – Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметшісінің жағымды имиджін қалыптастыру және нығайту екені белгілі. Мемлекеттік қызметшінің жағымды имиджін қалыптастыру процесі атқарушы биліктің беделді саясатымен тығыз байланысты.
Мемлекеттік қызметшілердің басты мақсаты – халықтың сенімін ақтап, ұлтымыздың абыройын асыру болып саналады. «Ел дегенде еміреніп, жұрт дегенде жүгініп қызмет еткін» деп даңқты қолбасшы Бауыржан Момышұлы жазып қалдырғандай, елге адал қызмет ету оңай жұмыс емес. Бұл ретте мемлекеттің қызметтің де, мемлекеттік қызметкердің де арқалаған жүгі салмақты, жауапкершілігі де аз емес. Өйткені мемлекеттік қызметкер – әрбір өркениеттің өріне қадам бастаған мемлекеттің ең басты тірегі, оның идеясы мен саясатын алға апарушы жауапты тұлға.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Мемлекеттік қызметкерлер барынша ашық жұмыс жүргізіп, халыққа шынайы есеп беруі керек. Мемлекеттік қызмет дегеніміз – жеке бастың бақ-дәулетін арттыратын жер емес. Бұл – туған халқыңның алдында айрықша жауапкершілік арқалау деген сөз»,- дейді. Бұл – біздің негізгі бағыт-бағдарымыз.
Республикалық қоғамдық штабта өткен жиында «Адам – мемлекет үшін емес, мемлекет – адам үшін» ұстанымының маңыздылығына тоқталған Президент мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдеп нормаларының сақталуы туралы да айтты. Ендігі мәселе ұлт мәртебесін көтеретін, ел абыройын асқақтататын мемлекеттік қызметкер болу – мәртебелі міндет екенін түсінетін ұрпақ өсіру. Еліміздің әлеуметтік және экономикалық тұрғыдан алға басуы да көп жағдайда осы қызметшілердің адал ісіне байланысты.
Мемлекеттік қызметшіде жоғары моральдық жауапкершілік, кәсіби білімі, оны іс жүзінде қолдана білу, адалдық, ынталы өмірлік ұстанымының болуы, сонымен қатар патриоттық сезімі жоғары болуы қажет.
Бағдат ОРАЗБАЕВ,
аудандық қазынашылық
басқармасының басшысы