Basty bet

ҰЛТТЫҚ МАЗМҰН ҚҰРҒАН БАСЫЛЫМ

Биыл «Қазақ» газетінің жарық көргеніне 110 жыл толады. 1913 жылы 2 ақпанда алғашқы саны баспа бетін көрген басылым Алаш арыстарының бастамасымен қалың оқырманға жол тартқанын көзі қарақты қауым біледі. Алайда ұлттық мүддені ту етіп көтерген газеттің талайлы тағдыры туралы жалпы көпшіліктің, әсіресе жастар жағының хабары аз екенін байқаймыз. Міне, біз осынау айтулы дата тұсында «Қазақ» газетіне қатысты ғалымдардың зерттеу еңбектері мен мұрағат құжаттарын жүйелі жариялап, осы олқылықтың орнын толтыруды мақсат етіп отырмыз.

Басылымның тарихына шолу жасасақ, 1913–1918 жылдары Орынбор қаласында жарияланып тұрған қоғамдық-саяси және әдеби-мәдени басылымның осы жылдары 265 нөмірі жарық көрген. Орал облысы Әскери Губернаторы ІІМ Баспасөз ісі жөніндегі бас басқарманың «Қазақ» газетін шығаруға рұқсат берген бұйрығы генерал-лейтенант Сухомлиновтың қол қоюымен шыққан. Онда «Бас Басқарманың 1905 жылдың 9 желтоқсанындағы №14508 өкімхатты (циркулярный) қаулысына сәйкес Торғай облысы Қызылшеңгіл болысы 8-і ауыл қазағы Мұстафа Ахметұлы Оразаевқа, Торғай уезі Түсіп болысы 5-ші ауыл қазағы Ахмет Байтұрсыновтың толық жауапкершілігімен және редакторлығымен Орынборда апталық «Қазақ» газетін қырғыз (қазақ) тілінде шығаруға рұқсат берілгенін хабардар етемін» …Губернатор Сухомлинов» делінген. Рұқсат қаулы 1905 жылы шықса да түрлі себептермен газет сегіз жылдан кейін бір-ақ жарық көреді. Дегенмен алғашқы ұлттық басылымды шығаруға ұйысқан Алаш арыстары оған үлкен дайындықпен келген. Бүгінде «газетті безендіру ісі» деп журналистика факультеттерінде арнайы оқытып жүрген мәселеге дейін олар көңіл бөлген. Мәселен, газеттің рәміздік бейнесі ретінде киіз үй таңдап алынған. Оның түндігі батыс жақтан жартылай ашылып, есігіне төте жазумен «Қазақ» деп жазылады. Мұны ұлт зиялылары «Қазақ ішіне Еуропаның ғылым-білімі, өнері таралсын, «Қазақ» газеті қазақ жұртына әрі мәдениет есігі, әрі сырт жұрт жағынан күзетшісі болсын» деп жазған. Басылымның алғашқы санында Ахмет Байтұрсынұлы «1907 жылғы санаққа қарасақ, Россияда сол жылы 2173 есімді газет һәм журнал шыққан екен. Оның 1396-сы орыс тілінде, 867-сі басқа тілде басылыпты. Сол 867-інің ішінде біздің татар қандастарымыздың отыз шамалы газет-журналы болды. Бізде біреуі болмады…», – деп жазады.
Сол замандағы Орынборға әйгілі көпестер «Каримов, Хусаи¬новтар баспаханасынан» шығып тұрған басылымның неліктен «Қазақ» аталғанына белгілі алаш¬танушы-ғалым Мәмбет Қойгелді төмендегідей тұжырым жасаған. «Қазақ» газеті, белгілі дәрежеде, сол кезеңдегі қазақ ұлт-азаттық қозғалысының ең бел¬сенді қайраткерлері Ә.Бөкейхан, А.Байтұрсынұлы және М.Дулатов¬тың үлкен еңбегінің ортақ жемісі еді», – деп тарихи бағасын берген.
Енді сол кездегі қазақ қоғамында қалыптасқан саяси-әлеуметтік жағдайға қарасақ, ол уақыт Ресей империясының қазақ даласындағы үстемдігі әбден шегіне жеткен уақыт болатын. Әкімшілік басқару жүйесі түгелдей орыс патшалығына бағындырылып, сол елдің заңы үстемдік құрды. Осынау замана зобалаңын, қазақ басына үйірілген қара бұлтты жүрегімен сезінген ұлт зиялылары қайткенде де елді оятуды көздеді. Бұл күрескерлік жолда бұрынғыдай білек пен жүрекке сеніп, қарсылық жасаса шығынға ұшырайтынын сезді. Өйткені патшалы Ресей оған дейін жүз жыл бойына жүргізілген көтерілістерді қару мен қаптаған қалың әскер күшімен басып, жаншыды.
Сондықтан Алаш арыстары қармана ізденіп, қазақтың сана-сезімін оятпаққа талпынды. Оқу-ағарту жұмыстарын қолға алу арқылы халықтың саяси сауатын көтеріп, көзі ашылуына мұрындық болғысы келді. «Қазақ» газеті алғашқы сандарынан бастап-ақ ел өміріндегі ең өзекті де өткір мәселелерді көтерген. «Қазақтың тарихы», «Дін таласы», «Жер іздеген қазақтар!», «Қазақтан солдат ала ма?», «Земство не нәрсе?», «Ұры тию» секілді көптің көкейінде жүрген тақырыптарды талдап жазған. Басылым алғаш 3000 тиражбен тарап тұрса, кейін 5-8 мың тиражға жеткен. Газеттің бір санын тұтастай бір ауыл, аймақ болып оқығанын ескерсек, «Қазақ» газетінің үні миллиондарға жеткен. Оған басылым бетінде жарық көрген төмендегі деректер дәлел.
«Қазақ» газетасын 10 облысқа қараған киіз туырлықты қазақ байдың баласынан 1913 жылдың ішінде алдырып тұрғандардың есебі мынау: 1) Торғай облысы – 694, 2) Семей – 612, 3) Ақмола – 584, 4) Сырдария – 327, 5) Орал – 301, 6) Жетісу – 157, 7) Ішкі оралдық – 136, 8) Ферғана – 30, 9) Самарқан – 8, 10) Закаспий – 5. Өзге жерлерден: Оренбург шаһары – 37, 2) Уфа – 14, 3) Қазан – 13, 4) Қытай қазағы – 10, 5) Петербург, 6) Түркия – 5, 7) Мәскеу – 3, 8) Томск – 3, 9) һәм басқа шаһарлар –57. Бәрі – 3007.
Ал «Қазақ» газетінің 1917 жылғы санында жарияланған Қытай қазақ-тарының қазақ баспасөзіне көмек қолын созып, ниеттерін білдіріп жолдаған «Баспахана туралы» хаттарында былай деген:
«Қазақ» басқармасының баспахана туралы жазған сөзіне ішіміз еріп, Қытай қол астындағы Күнес елінің қазақтары «Азамат» серіктестігіне 600 сом жібердік. Алаш ұранды қазақ баласы «аһ» десіп қолға алған ісінен бізде құр қалмалық дедік. Алаш туының астына біз де қосылдық! Қараңғы бір шет жерден біздер қосылғанда басқа көзі ашық, көңілі сергек қай қазақ қарап қалар дейміз. Бүтін Алты Алаш болып бір баспаханаға ие бола алмаса, қанша ноғайға күлкі болмаймыз ба? Баяғыдан бергі телміргеніміз аз ба? Шөміштен қағылып жүргеніміз бе? Егер қазақтың бір баспаханасы болса, әр түрлі газета, журнал басылып, қазақша мектеп кітаптары көбейіп, көзіміз ашылар еді»…
Бұдан біз «Қазақ» газетінің қолдан қолға өтіп, Қытай, Ресейдегі қазақ арасына жеткенін, ондағы мақалалардың қандастар көңіліне сәуле түсіргенін байқаймыз. Кейін олар да арнайы тапсырыс беріп, жаздырып алып оқып тұрғаны жөнінде деректер бар.
«Қазақ» газеті саяси, әлеуметтік-экономикалық мақалалармен бірге, рухани, мәдени тақырыпта әр түрлі хабарлар мен ақпараттар, өлеңдер, әңгімелер жариялап тұрған. Мәселен, Жетісудың Қапал оязын (уезін) жайлаған Маман байдың балалары Есенғұл, Тұрысбектердің ұлт мәдениетіне қатысты демеушілік шаралары басылым бетінде жарияланып отырды. Атап айтқанда, 1913 жылы «Қазақ» газетінде басылған Есенғұл қажы Мамановтың қазақ романына бәйге жариялағаны туралы хабары қазақ оқығандарының арасында сілкініс тудырған. Осы бәйгеде Жүсіпбек Аймауытовтың «Бақытсыз Жамал» романы бас жүлдені алған. Осыдан-ақ «Қазақ» газетінің ұлттық әдебиет саласының дамуына үлкен үлес қосқанына көз жеткіземіз.
Алашорда көсемдерінің саяси басылымына айналған газетті патшалы Ресей билеушілері үнемі бақылауында ұстаған. Бұған 1913–1918 жылдар аралығында «Қазақ» газеті 26 рет жабылып, оның редакторы Ахмет Байтұрсынұлының өзі бірнеше рет тұтқындалып, тіпті түрмеге қамалғаны дәлел. Газеттің соңғы нөмірлеріндегі мақалалардан алаш көсемдерінің келешекке үлкен сеніммен қарағандығын көрсеміз. Алайда билік басына большевиктердің келуімен, алдымен, «Қазақ» газеті жабылды. Ал қазақтың қамын ойлаған ұлт зиялыларының бәрі атылып, аман қалғаны сотталды. Сын сағатта жарық көріп, Алаш автономиясының үніне айналған «Қазақ» газеті халық алдындағы өз міндетін толық орындаған басылым. Біріншіден, сол кездегі қазақ халқының ұлттық мұң-мүддесінің, теңдік пен бостандыққа ұмтылған күресінің, тарихы мен мәдениетінің, күнделікті тұрмыс-тіршілігінің айнасына айналды. Екіншіден, ХХ ғасырдың басында қазақ қоғамының шамшырағы, еуропалық үлгідегі ұлттық–демократиялық мемлекеттік құрылымның үлгісін көрсеткен Алашорда үкіметінің саяси үнқағазы болды. Үшіншіден, қазақ ті¬ліндегі кәсіби газет стилін қалып¬тастырды.
«Ана тілі» басылымына сұхбат берген зерттеуші Өзгежан Кесижи «Екінші, бір мемлекеттің бір бұрышы мен екінші бұрышындағы азаматы бір газетті, бір романды, бір кітапты оқыса, сол мазмұн арқылы олар шалғайда жатып-ақ бір ел екенін сезеді деген теория бар. Болмаса екі мемлекеттің екі бөлек адамы бір ғана мемлекеттің басылымын, газетін, кітабын, романын оқыса, басылымды шығарған мемлекеттің мазмұнына ойысып кету қаупі де бар. Ахмет Байтұрсынұлы бастаған зиялы қауым «Қазақ» газетін шығарып, бір тілде сөйлеген газет, роман, кітап шығару ісіне белсене кірісті. Яғни қазақ даласының солтүстігі мен оңтүстігінде жатқан, бірін-бірі көрмеген, бірақ бір «Қазақ» газетін оқыған екі адам бір ұлттық мазмұнда болды. Бұл да Алаш зиялыларының ұлтты біртұтастандырудағы зор еңбегі екені анық. Олар қоғам келбетін білім, ағарту арқылы өзгертуге ұмтылды. Егер Алаш тұлғаларының осы қадамына сол кездегі Кеңес Одағының режимі қарсы тұрмағанда, олар халықты ағарту жолымен сәтті алып өтер еді деп ойлаймын. Отарлық санадан азаттық алудың бір жолы – білім екенін түсінген Алаш зиялылары дәл осы жолда мұраттарына жетті деген пікірдемін», деген еді.
Расымен де, осыдан 110 жыл бұрын жарық көрген «Қазақтың» мұраты күллі елдің мұратымен үндес еді. Ол барша ха¬лықтық мазмұнды ортақ етуге күш салды.
Қайрат САҚ, Алаштанушы ғалым, филология ғылымының кандидаты:
«Қазақ» газетінің үлгісі жаңғырғаны маңызды
– Қазақ баспасөзінің тарихын, оның ішінде «Қазақ» газетін зерттеушілер турасында сөз қозғағанда есімін айрықша атауға тиісті тұлға – белгілі әдебиеттанушы ғалым Бейсембай Кенжебаев. Оның шәкірті Темірбек Қожакеевпен бірге жазған «Қазақ совет баспасөзі тарихынан» (ҚазМУ, 1962) атты еңбегі «Қазақ» газетін зерттеудің көшін бастайды. Сонымен бірге бар саналы ғұмырын қазақ баспасөзі тарихын зерттеуге арнаған белгілі ғалым Х.Бекхожиннің «Қазақ баспасөзінің даму жолдары» (1964), «Қазақ баспасөзі тарихының очеркі» («Мектеп», 1981) атты кітаптарында «Қазақ» газетіне сол заман талабына сай баға беріледі. Аталған кітаптарды қазір оқысаңыз қазан төңкерісіне дейінгі газет-журналдарды, әсіресе «Қазақ» газетін айыптап тұрғандай әсерге бөленесіз. Ол үшін оларды кінәлауға болмайды. Өйткені ол уақытта солай жазбаса, кітаптары жарық көрмес еді. Олар «Қазақ» газетінің аты ұлт баспасөзінің тарихынан мүлдем шығып қалмасын деп сондай тәсілге барды. Содан бергі уақытта «Қазақ» газеті туралы біраз зерттеу еңбектер дүниеге келіп үлгеріпті. Әсіресе, библиограф-ғалым Үшкүлтай Сұбханбердинаның «Қазақ» газетінің халқымен қайта қауышуына қосқан үлесі қомақты. Зерттеуші бұл игілікті іспен 1956 жылдан бері айналыса бастаған екен. Сол кезден газет тігінділерін тауып, басылым материалдарының картотекасын түзуге көз жұма кірісуі – ерлікке пара-пар іс. Сұбханбердинаның 1993–1996 жылдары қайта тірілген «Қазақта» (осы аралықта профессор Файзулла Оразаев ұстазым екеуміз «Қазақ» газетін 266-нөмірі етіп жалғастырып шығарғанбыз) жарияланған «Қайта жанған шамшырақ» сынды мақалалар топтамасы сөзімізге тұздық бола алады. Ал 1998 жылы Қазақ энциклопедиясы Бас редакциясында басылып шыққан «Қазақ» газеті материалдарының іріктелген мәтіндік жинағы осынау қызметінің ұшар биік шыңы деп бағаланарына ешбір күмәніміз жоқ.
Жарық көргеніне биыл 110 жыл толатын «Қазақ» газетінің әлі де терең зерттей түсуді қажет ететін тұстары баршылық. Өйткені «Қазақ» – тарихы күрделі, көтерген мәселелері қомақты, күні бүгінге дейін көкейкесті әрі жан-жақты, талай ғылым саласына, сондай-ақ барша жұртымызға рухани мол азық боларлық энциклопедиялық басылым. Оны философтарымыздан бастап, тарихшы, саясаттанушы, экономист, этнограф, филолог, өнертанушы, т.б. ғалымдарымыз жұмыла зерттегенде ғана терең де толық игеруге мүмкіншілік туады деп білеміз.
«Кезінде қазақтың еңбектеген баласынан, еңкейген қартына дейін өлі денесіне жан бітіріп, қан жүгірткен «Қазақты» (С.Мұқанов) қазіргілер құрметтемей жатса, оған басылымның еш кінәсі жоқ. Заманымыздың заңғар жазушысы Мұхтар Әуезов: «Қазақ» газетінің сүтін еміп өскен бір буын осы күнде пікір-білім жолында бұғанасы бекіп, іс майданына шығып отырса, кейінгі жас буын Ақаң салған өрнекті біліп, Ақаң ашқан мектепті оқып шыққалы табалдырығынан жаңа аттап, ішіне жаңа кіріп жатыр» деп жоғары бағалаған басылымды өз деңгейінде насихаттай алмай жатқан БАҚ пен соны талап етпей отырған қоғам кінәлі. Мұхтар Омарханұлының жоғарыда келтірген сөзінен «Қазақ» газеті мектеп болғанын ұғыну қиын емес. Ол – қазақты ұлт етіп ұйытқан мектеп. Қазақты оятып қана қоймай, ұлттық санасын кемінде елу жыл ілгері оздырған мектеп. Сол себепті де ол мектепті жабуға монархиялық Ресей өкіметі де, кейіннен кеңестік қызыл империя да аса құштарлы болды. Ақырында сол мақсаттарына жетіп тынды. Мектепті жауып қана қоймай, оның үнін шығармай, атын өшіру үшін бар «өнерін» салып бақты. Мектепке қатысы бар адамдардың барлығын тап жауы ретінде жойды. Еңбектерін айтасыз, есімдерін атауды қатаң тыйып, бағынбағандардың басына әңгір таяқ ойнатты. Нәтижесінде, қазақ санасынан «Қазақ» жуылып-шайылып кетті. Еліміз тәуелсіздікке қол жеткізгеннен кейін сол қылмыс әшкереленіп, олқылықтың орны толтырылуы керек еді. Ол өз деңгейінде жүзеге аспай қалды. Әділетті Қазақстан орнатамыз деп жатырмыз ғой. Кеш те болса, сол істі қолға алуымыз керек деп ойлаймын. Ол үшін, ең алдымен, «Қазақ» газетінің үлгісін жаңғыртып, бұқаралық ақпарат құралдарын, шын мәнінде, халықтың көзі, құлағы һәм тіліне айналдыруымыз ауадай қажет. Алаш қайраткерлерінің «Қазақ» газетінде жарық көрген ұлттық құндылықтарға қатысты көсемсөздерін мектеп оқулықтарына енгізіп, олардың таным, тағылымдарын, өмірлік қағидаттарын, азаматтық болмыстарын балабақшадан бастап балаларымыздың бойына сіңіру екінші қолға алатын шаруамыз. Үшіншіден, цифрлы Қазақстан бағдарламасы аясында «Қазақ» газеті материалдары негізінде тик-токтар, мултфильмдер, деректі фильм-дер, телерадио арналарында ағартушылық бағыттағы бағдарламалар түсіріп, олардың барынша кең таралуына жағдай жасап, бүлдіршіндер мен жастардың жүрегін жаулау бағытында кешенді жұмыс жүргізілуі тиіс. Кейінгі кезде алаш қайраткерлері туралы телехиқаялар түсіріліп, телеэфирден беріле бастады. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы туралы телесериалда «Қазақ» газеті туралы тартымды көріністер әдемі берілген. Бұл өте құптарлық бастама. Ендігі жерде қысқа метражды көркем фильмдер түсіріліп, кинотеатрлардан беріле бастаса, көрермендер қатары еселей түсетініне еш күмәнім жоқ.

Нұрболат Абайұлы,
«Ana tili» газеті

Таңдаулы материалдар

Close