Basty bet
Жақсылыққа ұмтылу – жастарға тән қасиет
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2020 жылды «Волонтер жылы» деп жариялағаны белгілі. Президент Волонтер жылында көптеген ауқымды жоба қолға алынатынын атап өтіп, волонтерлікпен айналысу қазақ халқының бойында бар асыл қасиет екенін еске салып, ата салтымызды қайта жаңғыртудың сәті келгеніне тоқталған болатын.
«Игі іспен айналысу адамдарға жақсылық жасау – халқымыздың көне заманнан келе жатқан дәстүрі. Біз осы дәстүрді сақтап қалуымыз керек. Себебі біреуге қол ұшын созып, қолдау көрсету – қанымызға сіңген қасиет. Волонтерлік қызметтің басты мақсаты да – бірге жұмылып, халыққа қызмет ету» деді Президент өз сөзінде.
Осы тұста, талай қызықты танымдарға жол ашып, жастардың өздерін жаңа қырынан тануға мүмкіндік беретін қызметтің жай-жапсары мен аудандағы еріктілердің игі істеріне тоқталсақ.
Аты айтып тұрғандай, волонтер – өз қызығушылығына қарай ерікті түрде тегін жұмыс жасау. Дамыған әрі дамушы мемлекеттерде жастардың әлеуеті мемлекеттік шаралар мен қоғамдық жұмыстарға белсенді түрде пайдаға асатыны анық. Кей елдерде волонтерлік қозғалыстың дамығаны соншалық, тіпті волонтерлік корпорациялар құрылып, көздеген мақсатқа тез әрі оңай жетуге мүмкіндік беріп отыр.
Ал жастарға тегін жұмыс істеу не үшін қажет? Әдетте еріктілердің белгілі бір әлеуметтік немесе қоғамдық міндеті болады. Жастар мұндай ауқымды шараларға әрине, қызығушылық таныту арқылы ғана жұмылатыны анық. Көбіне еріктілер ірі спорттық шараларға немесе бұқаралық оқиғаларға, мүгедек жандарға көмек қолын созу, жастарға арналған фестивальдар сынды шараларға қатысып, волонтерлік арқылы қоғамдық шараларда түрлі қызықты оқиғаға куә болады. Бұл іс балалар, қарттар үйлерінде, ауруханалар, мектептер, экологиялық акцияларда және тағы басқа да салаларда жүзеге асырылады. Волонтер өз еркімен уақыты, күші мен ресурстарын жұмсай отырып, қоғамның дамуына үлес қосып, сондай-ақ адамның жеке дамуына да ықпал етумен қатар, жаңа дағдыларды игеріп, әлеуетін ашпақ. Сонымен қоса, жауапкершілікті сезініп, қоғаммен жұмыс істеуді үйренеді.
Волонтерлік қозғалыста бизнес идеяларды жүзеге асыру, бизнес бастау, мемлекеттің қоғамдық, саяси және мәдени өміріне әсер ету сынды бағыт бар. Мұндай бағыт «корпоративті волонтерлік» деп аталады. Негізінен шетелдерде ірі компаниялар мен креативті қозғалыстар жастар әлеуетін белсенді қолданады. Мақсаты – ұйымдар мен жеке тұлғаларға волонтерлік қызметті дамытуға көмектесу, елдегі волонтерлік қызметті дамыту. Себебі, жас буында түрлі идеялар мен креативті ой көп.
Ал біздің өңірде еріктілер қозғалысы қарқындап, олар түрлі бағытта даму үстінде. Сонымен қоса, волонтерлік ұйымдар жастар идеясын жүзеге асырып қана қоймай, ұяңдықтан арылып, дәлелдеу машықтары, білімді жетілдіру, бір сөзбен айтқанда көшбасшылық қабілетін ашуға көмектеседі. Осындай бағытта жұмыс істеп келе жатқан аудандық «Жастар ресурстық орталығы» жанынан құрылған «Қамқор» еріктілер клубының жұмысын айта кетпеске болмас. Бүгінде клубтың жарқын істері жетерлік. Атап айтар болсақ, дағдарыс орталықтарындағы волонтерлік қызмет, медицина, білім беру, өнер саласы, хоспистерде, ерекше қабілеті бар балалар мен ересектер, көпшілік кеңістіктерді дамыту, нашақорлықтың және басқа да тәуелділіктің алдын алу мен азайту бойынша, гуманитарлық әлеуметтік көмек, медиа волонтерлік, ивент, спорттық және СӨС, ТЖ, экология, этноволонтер, қарттармен жалғыз өмір сүретіндер, сондай-ақ, өмірлік қиын жағдайға тап болғандар және әлеуметтік қамсыздандыру үйлеріндегі балаларға және толық емес, сонымен қатар, аз қамтылған отбасыларға қол ұшын созуда еріктілердің еңбегі ерен.
2025 жылы волонтерлікті дамыту мақсатында бекітілген жоспарға сәйкес, еріктілер қозғалысының 22 бағыты бойынша 162 іс-шара өткізіліп, оларға 715 жас тартылған. Жасақ құрамында ерікті жастардың дені мектеп және колледж оқушылары болғандықтан жасақ құрамы жыл сайын жаңарып, толығып отыратыны тағы бар. Бұл әзірше аудандағы еріктілерді біріктіретін жалғыз ұйым. Алдағы уақытта ұйымның қатары толысатынына сенім мол.
Жаңашылдыққа тез бейімделу, жылдам шешім қабылдау қасиеттері де жастарға тән. Сондықтан олардың әлеуетін тиімді пайдалану арқылы біраз іс тындырып, үлкен жетістікке жетуге болады.
Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»