Basty bet

«EM Stom» – тұрғындарға сапалы қызмет көрсетеді

Әлемдегі халықтың басым бөлігі ұдайы жүгінетін медицинаның бірден-бір саласына стоматология жатады. Қазіргі уақытта тістен келетін қауіптің алдын алудың жолы көп. Білімі мен біліктілігі жоғары тіс маманын іздейтін көпшілік денсаулығына аса көңіл бөлетіні рас. Бұл ретте, жуалылық жеке кәсіпкер, стоматолог Ерлан Сәбитұлы мен Майра Мұхаммеджанқызының «EM Stom» стоматологиясының жұмысын атап айтуға тұрарлық. Аудан орталығы Б.Момышұлы ауылында орналасқан «EM Stom» тіс емханасының тұрғындарға қызмет көрсете бастағанына биыл бес жыл толып отыр. Аталған тіс емханасы осы уақыттың ішінде емделушілерге сапалы қызмет көрсетіп келеді. Бүгінде жергілікті тұрғындарға заманауи үлгіде қызмет көрсетуді көздейтін орталықтың келушісі көп.

«EM Stom» тіс емханасында екі білікті стоматолог дәрігер жұмыс істейді. Дертіне шипа іздеген жандар стоматологияның қызметіне жүгінуге толық мүмкіншілігі бар. Тіске күрделі ем-дом жүргізетін кәсіби мамандар бірнеше заманауи аппаратты жетік меңгеру арқылы ем алушыларға ыңғайлы қызмет түрлерін ұсынуда.
Жас маман Ерлан Сәбитұлы Алматы қаласындағы С.Ж.Асфендияров атындағы Қазақ ұлттық медициналық университетін стоматология мамандығымен бітіріп, өмірлік жары Майра Мұхамеджанқызымен сонда танысып, екеуі отау құрады.
Алматы қаласында стоматологияда бірге үш жыл жұмыс жасаған жас отбасы 2019 жылы ауданға келіп, осында тіс емханасын ашуды жоспарлайды. Жас мамандардың бірге ойлаған жоспарлары жүзеге асып, өздері қалаған тіс емдеу орталығын ашады. Бүгінде аудан тұрғындарына сапалы қызмет көрсетіп, келушілердің алғысын алуда.
Көбінесе адамдар тіске дұрыс күтім жасауды білмей, дәрігерге уақтылы қаралуды ұмыт қалдырады. Осылайша, уақыт өте, тісі ауырып, жанға батқан кезде сапалы тіс емдейтін стоматологты іздейтіні анық. Өз кезегінде «EM Stom» стоматологиясында білікті мамандар тісі ауырған кісілерді емдеп, тісті күтудің дұрыс жолдарын айтып, кеңестерін беруде.
Әсілінде, тісті емдеу барысында ескерілетін өзіндік қағидасы бар. Яғни, гигиеналық тазалықты сақтау – бірінші орынға қойылады. Сонымен бірге, мамандардың дұрыс диагноз қоюға ықпал жасайтын соңғы үлгідегі аппаратпен қамтамасыз етілудің рөлі зор. Осы тұста айта кетерлігі, орталықта тіс орналасқан ауыз қуыстарын түсіретін рентген аппараты жұмыс істейді.
Зaмaнауи үлгідeгі құрaл-жaбдықтармен толықтай жабдықтaлғaн eмхaнa келушілерге тіс жұлу, eмдeу және брeкeт салу және тағы басқа да қызмeт түрлeрін ұсынады.
Ауызбіршілігі мен ынтымағы, өзара сыйластығы бекем жас мамандардың бұл сaлaдa еңбек етіп жүргеніне сегіз жылдай уақыт болған. Өз мамандықтарына деген адалдығы мен сүйіспеншілігі зор дәрігерлер жерлестеріне сапалы қызмет көрсетуді мақсат тұтуда.
Тіс емханасының қызметіне жүгінушілер дәрігерлерге алдымен алдын ала жазылу арқылы ғана кіреді. Дәрігерлердің айтуынша, бір адамның тісінің қаншалықты зақымдалуына байланысты ем-дом шарасы 4-5 күнге созылады екен. Расында, мұнда білікті маманның көмегімен тісті емдеу, ауырсынуды басу, пломба салу, жансыздандыру арқылы тіс жұлу, емдеу, протездеу, брекет салу, сан түрлі қызмет түрлері бар.
Бұл ретте, көпшілікті тіс емдеудің бағалары да қызықтыруы мүмкін. Мамандардың сөзінше, бастапқы тіс жегі 5000-7000 теңге көлемінде болса, орта тісжегі 7000-9000 теңге, терең тісжегі 10000 теңге аралығын құрайды. Өз кезегінде тіс салу бағалары оның сапасы мен материалына байланысты өзгеріп отырады.
-Жалпы әрбір адамның тісі сау болғаны, оның денсаулығына тікелей әсер етеді. Бізге емделушілер көбінесе тіс ауруларын асқындырып алғаннан кейін ғана келеді. Адамдарда тістің зақымдалуынан тісжегі (шіруі) пайда болады. Тіске күтім жасауда немқұрайдылыққа жол берілмеуі керек. Ауыз қуысының бактерияға толуы, тамақтан кейін тістердің дұрыс тазаланбауы көбінесе ауруға шалдықтырады. Қазіргі уақытта тістерді бірден жұлып тастамай, емдеуге аса мән берген дұрыс.
Тісіңіз ауырмасын десеңіз, ауыз қуысының гигиенасын сақтау, тістерді дұрыс тазалау техникасын білу, тамақтанған соң ауызды міндетті түрде шаю қажет. Күніне екі рет таңертең және кешкі тамақтан соң тіс щеткасымен тазалау керек. Құрамында фторы бар тіс пастасын қолдану керек, – дейді стоматолог Ерлан Сәбитұлы.
Алдағы уақытта жеке кәсіпкер тұтынушының сұранысын қанағаттандыру мақсатында сапалы жұмысты үйлестіре бермек.

Лаура МҰСАБЕКОВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close