Basty bet
Әскери өмір азаматты шыңдайды
Әскери салаға өмірін арнаған азаматтың бірі аудан аумағында орналасқан 91678 әскери бөлімнің оқ атумен қолдау ротасының мергендерге қарсы взводының командирі Фархат Шымырбаевтың әскери атағы 3-сыныпты сержант. Түктібай ауылында туып-өскен ол бала кезінен спортқа әуес.
Фархат Шымырбаев Астана қаласындағы «Экономика жане Заң» колледжін заңгер мамандығымен 2010 жылы бітіреді. Алғашқы еңбек жолын Астана қаласындағы «Ақсұңқар» ЖШС-ның пластик цехында стекольщик болып бастайды. Сонда жұмыс жасап жүріп әскерге шақыртылып, әскери борышын Астана қаласындағы 6636 әскери бөлімінде өтейді. Отан алдындағы борышын өтеп келген соң, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне заңгер мамандығымен сырттай оқуға түсіп, оны 2014 жылы бітіреді.
2013 жылы Жуалы ауданының қорғаныс істері жөніндегі бөлімі арқылы 91678 әскери бөліміне келісімшарт негізінде әскери қызметке шақырылып, арнайы мақсаттағы барлау ротасының 3-ші арнайы мақсаттағы барлау тобының аға маман (аға барлаушы) лауазымына орналасады. Онда ол тау-атқыштар ротасының 3-ші тау-атқыштар взводының, 2-ші тау-атқыштар бөлімшесінің командирі, тау-атқыштар ротасының 1-ші тау-атқыштар взводының, взвод сержанты, оқ атумен қолдау ротасының мергендерге қарсы взводының командирі болады.
– «Армансыз адам – қанатсыз құспен тең» деген сөз бар емес пе? Сол сияқты мен де әскери адам болуды бала кезімнен армандадым. Мектеп қабырғасында оқып жүргенде десанттық шабуылдарға қатысты түрлі фильмдерді көріп, қызығушылығым күн өткен сайын арта бастады. Арманымды іс жүзіне айналдыра алдым деп ойлаймын. Қазір өмірімді әскери формасыз елестете алмаймын. Жалпы әскери сала кез келген адамды тәртіп пен төзімділікке әрі спортқа жақын болуға үйретеді,- дейді Фархат Керімқұлұлы.
Жұмыс барысында өзін жақсы қырынан көрсете білген Фархат 3-сыныпты сержант шенінде қызмет етуде . Мұнда ол 18-30 жас аралығындағы 16 адамнан құралған взводты басқарады. Оның тобына барлаушы, мерген сынды өз маманының хас шеберлері жиналған.
– Әсіресе, таңғы саптық даярлық кезінде рота мүшелерімен бірге түрлі патриоттық әндерді шырқаймыз. Бұл көбінесе топ мүшелерінің көңіл-күйін көтеруге өз әсерін тигізеді. Қазақ және орыс тілдеріндегі әндерді барынша жаңартып отыруға тырысамыз.
Сержанттың әр жұмыс күні белгіленген жоспар бойынша өтеді. Әскери өмір әлемде болып жатқан түрлі жағдайларға сақадай-сай болуды талап етеді. Сондықтан олар әскери даярлықтарын шыңдап отыру үшін үнемі түрлі дене жаттығуларын жасауға көңіл бөледі. Жаудың күшін басуға бағытталған мергендер бригадасы кез келген тапсырманы орындауға әрқашан дайын болуы тиіс.
Біз, ҚР Қарулы Күштерінің сарбаздары қоян-қолтық ұрыстарда шеберлікті арттырып, қарсыласты жеңудің түрлі әдістерін пайдаланамыз. Сонымен қоса, қару-жарақтармен қатар, көптеген жарылғыш заттарды да қолданып, оның қыр-сырын меңгереміз,- дейді сержант.
Қызмет бабында өзін үлгілі маман ретінде көрсете білген сержант Фархат Шымырбаев түрлі жарыстарға да белсенді қатысуға уақыт табады. Ол «Әскери қызметші өз саласының нағыз шебері болу үшін ұдайы шыңдалып отыру қажет» деген пікірде.
– Мамандығымды болашақта өз Отанына мүлтіксіз қызмет етуді қалап, өмірін осы әскери саламен байланыстыруды мақсат еткен жастарға ұсынар едім. Ең бастысы, өтпелі қиындықтардан қорықпайтын және өзінің діттеген мақсатына жете алатын азамат болу қажет,- дейді ол.
Фархат Шымырбаев жолдасы Әсел екеуі отбасында бес ұл-қыз тәрбиелеп отыр. Жолдасы М.Әуезов атындағы орта мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Қазіргі таңда бала күтімімен демалыста. «Болашақта ұлымның менің жолымды қуып, әскери адам болғанын қалаймын. Болмаса спорт саласында үлкен асуларды бағындыратын спортшы болса екен деген тілек бар. Барлығы да уақыттың еншісінде» дейді кейіпкеріміз.
Лаура Мұсабекова
«Жаңа өмір»