Basty bet

Ажырасу – тығырықтан шығар жол емес

Әр отбасының басындағы жағдай әркелкі. Бақыттың күйі бәрінде бірдей шертіле бермейді. Бұрын ұрыс шыққан үйде «ыдыс-аяқ сылдырламай тұрмайды» десе, қазір сол болмашы сылдырға бола ажыраса салатындар бар. Шаттыққа құрылған шаңырақтың бұлай жиі шайқалуы, үйленгендердің бір-бірімен үйлесім таппауы, жартылай жетімдердің көбеюі шынында көңілге кірбің ұялатады. Бұған кінәлі адам ба, қоғам ба?
Ұлы ұяға, қызы қияға қонған ата-анаға бала бақытынан бас­қа ештеңенің қажеті жоқ. Бү­гін үйленіп, ертең ажырасып, ар­ғы күні қайта татуласу да әдет­ке айналғандай. Көпке топы­рақ шашпағанымызбен статис­тика­лық көрсеткіш те көңіл көншіт­пейді. Қазақстанның Ұлттық статистика бюросы елдегі ажырасу дерегін жыл сайын зерделеп отырады. Көз жүгіртсек, былтыр 9 айдың (қаңтар-қыркүйек) ішінде 13 527 ажырасу тіркелген. 2021 жылға қарағанда 6,1 пайызға кемі­генімен, ажырасудың 73,9 пайы­зын қалалықтар, 26,1 пайы­зын ауылдықтар құрап отыр. Халық санын мың адамға шақ­қан­дағы ажырасу көрсеткіші бо­­йынша Шығыс Қазақстан облысы – 1,47, Қарағанды облысы – 1,43, Павлодар облысы – 1,40 коэф­фициентпен үздік үштікте. Ал ең төменгі көрсеткіш Түркістан облысы – 0,32 коэффициент.
Ажырасу себептері әралуан. Пси­холог мамандар өзекті мәсе­ленің салдарымен емес, себебі­мен күресу керегін жиі ескер­теді. Халықтың өсіп-өнуіне кері әсер ететін мәселеге бұқара пікірі де сан түрлі. Яғни тәлім-тәрбиенің жоқтығы, еркектің әйелге қол көтеруі, қызғаншақтық, ене мен келіннің тіл табыспауы, ұялы телефон, пыш-пыш өсек, екі жастың өміріне ата-ананың шектен тыс араласуы, жауапкершіліктің болмауы – осының бәрі ажырасудың негізгі себептері. Сондай-ақ «Іші­ме сыйған қызым сыртыма да сыяды» деген сыңаржақ пікір­ден арылып, керісінше «Келі­нің жаман болса, ұлыңнан көр, күйеу балаң жаман болса, қызыңнан көр» деген мақалға мойынсұнатын және зорлық-зомбылықты тоқтату үшін арнайы заң қажет екенін де айтатындар көп. Соның бірі – Абай облысы Үржар ауданы Көктал ауылының тұрғыны, екі баланың анасы Динара Рауанқызы. Ол жақында ғана WhatsApp желісі арқылы күйеуінен күнделікті зорлық-зомбылық көретінін, табыс көзінің жетіспеушілігінен әбден шаршап, қажығанын қын­жыла жазды. Сондай-ақ дағдарыс орталықтарынан қалай қолдау көруге болатынын сұраған ол, өзі жұмыссыз болғандықтан жолдасы екі баланы алып қалатынын айт­қан. Иә, күйеуінің күнде теп­кісі келсе, әйелінің кеткісі келе­тіні, ылғи ұрғысы келсе, бірге тұр­ғысы келмейтіні түсінікті жа­йт. Алайда кетейін десе де ке­те алмай жүрген ананың күпті көңі­лі қос баласын қалдыруға қимайды.
Ал Өскемен қаласы әкімді­гінің «Үлбі» халыққа әлеуметтік кыз­мет көрсететін қалалық аумақ­­тық орталығының директоры Сания Әубәкірованың айтуынша, 2022 жылдың 11 айында орталыққа 50 адам (балалар – 30) тұрмыстық зорлық-зомбылыққа байланысты өтініш білдірген.
«Әйелдер мен балаларға уақыт­ша баспана беру – өзін қауіп­­сіз сезінуге, кәсіби психоло­гия­­лық көмек алуға, жағдайды тал­дауға және одан әрі әрекет ету ту­ралы өз бетінше шешім қа­­был­­дауға мүмкіндік беру. Бас­­па­нада болу мерзімі көмекке жү­гінген нақты жағдайлар мен жеке ерекшеліктерге байланыс­ты. Тұрмыстық зорлық-зомбы­лық құр­бандарына арнаулы әлеу­мет­­тік қызметтер көрсетудің 2016 жылғы 21 желтоқсандағы №1079 стандартына сәйкес баспанада болу мерзімі – алты айға де­йін. Баспанада әйелдер мен бала­ларға әлеуметтік-тұрмыс­тық қызметтер – төсек-орын, жи­һаз жабдықтарымен жатын бөл­ме, тамақтану, демалыс, ойын бөлмесі, душ кабинасы, медици­налық көмек, төрт рет тамақ­тану ұйымдастырылған. Соны­мен қатар әлеуметтік-педагоги­ка­лық, пси­хологиялық қызметтер де көрсетіледі», дейді Сания Мағауқызы.
– Ата-енемен тұрған дұрыс деп ойлаймын. Бұрын қыз баласы су тасудан басқа ештеңе істемеген, тірліктің бәрін енесі үйреткен. Ал қазір 18 жастағы жас өрім қызды келін етіп, оған дым білмейсің деп талап қою дұрыс емес. Үй тірлігімен қоса өмірге дені сау ұрпақ әкелу де оңай шаруа емес. Босанған соң дұрыс қалжалануы тағы бар. Қазір келін жұмыс істемесе ата-енесі келінін күйеуінің мойнында отыр, баласы жұмыс істеп жүр деп ойлайды. Жас келін бірден дана келін бола алмайды ғой. Ақылды ене келінін кемінде 5 жыл тәрбиелесе саналы келін ары қарай өзі-ақ алып кетеді. Қысқасы, «келін – қайын ененің топырағынан» демекші, ене қалай қараса келіні сондай болады», дейді елордалық жас келін Айсұлу Хажімхан.
Үлгілі отбасы болудың маңыз­ды бір элементі – жауапкер­шіліксіз екеуара мәміле бол­май­тыны мәлім. Ерлі-зайыптылар­дың өміріне ата-аналардың шектен тыс араласуы да ажырасуға сеп. Келінді кінәлау, зорлық-зомбылық жасау, күйеуін сыйламау, келіндік міндетті дұрыс атқармау және тағы да басқа бітпейтін көңіл толмайтын жайттарды көп көріп, жиі естиміз. Расында мұндай мәселелердің дені аналардың өз баласын келіндерінен қызғануынан туындап жатады. Бұл жөнінде отау құрғандарына 52 жыл болған Қазақстанның халық әртісі Тілектес Мейрамов пен Қазақ­станның еңбек сіңірген қайрат­кері, актриса Жұмагүл Мей­рамова ажырасу мәселесі әркім­нің тәрбие, сана-сезіміне байланысты екенін алға тартады.
«Бәрі кеше ғана сияқты еді. Уақыт байқатпай зымырайды екен. Отбасында татулық сақтау үшін ешқандай ереже жазылмаған. «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» деген. Бүгінде өмір өзгерді. Ақыл айтатын ененің өзін тәрбиелеу керек. «Келінге келін болсаң жағасың» дейді. Ал ұл баланы ерекше тәрбиелеу керек. Ақыл айтпақ түгілі баласын келінге қарсы қоятындар бар. Келін емес күң сатып алғандай, ұлын келінінен қызғануды қою керек. Менің ойымша, ажырасудағы басты мәселе – тәрбиеде. Жастар­ға айтарым, адам өзін өзі тәрбие­лейді. Жақсылыққа жақын жүру керек. Жаман әдет тез жұғады, одан аулақ болыңдар», дейді Жұма­гүл ана. Ал отау иесі Т.Мей­рамов жастардың санасын улап жатқан отандық телеарналардан көрсетілетін мән-маңызы жоқ шетелдің жын-ойнақтарын шектеу керегін айтады.
Шынтуайтында, ажырасудың тағы бір себебі – қымбатшылық, жұ­мыссыздық мәселесі де әлеу­меттік ахуалды төмендетіп, неке бұзу санын арттырары сөз­сіз. Тұрмыстық зорлық-зом­бы­лықтың көбеюі балаларға моралдық жағынан ауыр тиеді.
Белгілі психолог Балабек Сақта­ғанов кейінгі кезде екі жастың арасындағы келіспеу­шіліктің күрт өскенін және оны жеке әлеуметтік желісіне келетін хаттар мен телефон шалып көмек сұрайтындардан байқағанын айтады. Ол «Қолдан келгенше кеңес беруге тырысамын. Бір отбасы ажырасса, оның зардабын тек ерлі-зайыптылар ғана емес, балалары және немере ұрпақтары да тартады. Көп жағдайда анасында қалған балалар үшін қоршаған ортадан «әкең сені тастап кеткен» деген ауыр сөзді естуден ар­тық қасірет жоқ. Егер ана қолын­да ер бала қалса, оның ер же­туі жеңіл, өйткені өз анасынан әйел образын (долдану, манипуля­ция, қылық, мінез) көріп өседі. Ал қыз бала үйдегі еркектің ста­ту­сын, рөлін, мінез-құлқын, қа­рым-қатынасын білмей өседі. Кей­де психолог мамандар қыз бала анасының бауырларымен қа­рым-қатынас жасау арқылы еркек адамның ерекшелігін түсінеді дейді. Ол тіпті қате түсінік. Өйт­кені анасының бауырлары ол қыз­бен нағыз әкесі сияқты қа­рым-қатынас жасамайды, олар әкесі жоқ қой деген аянышты сезім­мен ғана қарайды. Кейін бой жетіп, тұрмыс құрған қыз кү­йеуімен қалай сөйлесу керек, оған қу­лық жасап, көңілін қалай та­бу керегін мүлде түсіне алмай, ақы­ры ажырасып тынады», дейді.
Некелесу барысында немесе кейін өтеу шартымен келісілген қалыңдыққа берілетін дүние-мүлік – мәһр мәселесіне де мән бермеуге болмайды. Оның ажырасу­ға септігі бар ма? Шариғатта тұр­мысқа шыққан қыздың азға қанағат еткені жақсы дейді. Ал кейбірі қанағатсыздыққа барады, оның арты тағы ажырасуға ұласуы мүмкін. Дінде ажырасуға рұқсат етілгенімен соған лайықты себептері болуы керек. Жалпы, жөн-жосықсыз ажырасудан ғарыш тітіркенеді, одан сақ болу керек, дейді имамдар.
Расында кейде адам не үшін ажы­расып жатқанын өзі де біл­мей жатады. Жоғарыда атал­ған бол­машы кикілжіңдер бүгін­де отбасын құрған екі жұп­тың бірі­нің ажырасуына себеп. Ұқ­қаны­мыз, әр адам өзін тәрбие­ле­мей ба­қыт­ты отбасы бола алмасы анық.
Уәлихан ЖАЙЛАУ,
«Egemen Qazaqstan»

Таңдаулы материалдар

Close