Basty bet

Ауылдың атпал азаматы

Ауыл берекесінің бастауы негізінен ағайын-туыстың ынтымақ-бірлігінде. «Береке қайда барасың десе, ынтымаққа барамын» деген сөз содан қалса керек. Сол айтқандай, әр ауылдың ынтымағын ұйытып, берекесін кіргізіп отыратын қариялары, ел ағалары болады.
Шүкір, біздің елде ынтымағы жарасқан, сол құндылықтарды жоғалтпай, кейінгі жас ұрпаққа ұдайы насихаттап келе жатқан аға буын азаматтар да жетерлік.
Таулы Жуалы ауданындағы мұндай үлгілі ауылдардың қатарында Боралдай ауылдық округіне қарасты Рысбек батыр ауылы да бар. Ежелден іргесін берік етіп, өзіне тән жарасымдылықты, салт-дәстүрді сақтап отырған аядай ғана ауылда сол туған топырақтың түлеуіне аянбай атсалысып келе жатқан атпал азаматтар да аз емес. Солардың бірі – ауылдың байырғы тұрғыны Кенже Мешелов. Көпті көрген, имандылықты алға ұстайтын азаматтың ауыл имамы болып сайланғанына да көп уақыт бола қоймаса да, ауылдың жанашыр азаматы бірқатар игі тірліктердің басы-қасынан табылуда.
Сөзіміз дәлелді болуы үшін Кенже ағаның бастамаларының бірқатарын атап өтсем деймін. Бұл ең біріншіден жас ұрпаққа үлгі-өнеге. Ол ауылға имам болғалы бері мешітке келушілердің қатары, яғни жамағаттың саны артты. 2014-2015 жылдары «имамы жоқ» деген себеппен ауыл мешітінің есігінен қара құлып салынып, ғибадат үйі жабылып қалған болатын. Кенже Сағынбекұлын ауыл болып имам сайлаған соң, бұл кісі бірден Алла үйінің құжаттарын түгендеуге кірісті.
Үлкен ағалардың сөз жәрдемімен аудандық мекемелердің табалдырығын тоздырып, жүгіріп жүріп мешіттің құжаттарын түгендеп, қайта заңды түрде ашылуына көп еңбек сіңірді.
«Өлі разы болмай, тірі баймайды» деген. 2020-2021 жылдары ауыл имамының бастамасымен және тікелей ұйымдастыруымен ауыл жанындағы бейіттің қоршауы жөнделіп, маңы ретке келтірілді.
Ауданның айнасы – «Жаңа өмір» қоғамдық-саяси газетінде жұртшылыққа жария болғандай, биыл ауылымыздан жаңа мешіт бой көтеріп, ағымдағы жылдың 19 мамыры, қасиетті жұма күні Алла үйінің салтанатты ашылуы болды. 2022 жылдың күзінде ескі мешіттің қабырғасы бұзылып, оның орнына жаңасының құрылысы басталған еді. Құрылыс қыстың ортасы, қақаған аязда ғана тоқтап, көктем шыға қайта жалғасты.
Ауыл имамы Кенже аға сол жұмыстардың басы-қасынан табылды. Ұйымдастыру жұмыстарынан бөлек, жұмысшылардың жатар орны, тамақпен қамтамасыз ету, тіпті, жұмысшы қолы жетпей жатқанда оның жұмысшы болып кеткен кездеріне ауыл тұрғындары куә.
«Алланың жолы тар болмас» деген. Осы мешіттің ашылатынына «кейбіреулердің» күмәнмен қарап, тіпті мазақ еткеніне де Кенже аға елең ете қойған жоқ. Бір сөзбен айтқанда, ауылдың үлкен кішісі бұл кісіге дән риза. Алланың разылығын алу үшін жасалған жақсылығыңыз еселеп қайтсын дейміз, ауылдың жанашыр, атпал азаматына!

Жарас ӘЛІШЕРОВ,
Рысбек батыр ауылының тұрғыны

Таңдаулы материалдар

Close