Basty bet
Еңбекпен өткен сол күндер естен шықпайды
Сұрапыл соғыс жылдары тылда қызмет еткен еңбеккерлердің еңбегі, жеңісті жақындатуға қосқан үлесі аз емес. Олар майданға аттанған солдаттардың ас-суын, киім-кешегін уақтылы жеткізумен қатар, ауылда қалған үлкен кісілер мен шиеттей балалардың қамын қоса арқалап, тылда еңбек етті. Сондай жандардың бірі Ақбастау ауылының тұрғыны Әсемкүл Абдалиева. Мақала кейіпкері Әсемкүл Әбдіразаққызы бүгінде өзінен тараған алты қыз, алты ұлынан 30 немере, 20 шөбере сүйіп отырған ардақты әже. Алтын құрсақты ана өткен қиыншылықтардың қайтарымы ретінде қазіргі таңда балаларының ортасында өмір сүріп отырғанына шүкіршілік етеді. Сексеннің сеңгірінен асқан әжей балалық шағының алаңсыз күндерін ұрлаған сұм соғысты есіне де алғысы келмейді. Бүгінгі егеменді ел болып, бейбіт күнде ұрпағының өсіп-өніп отырғанын көріп, ел Тәуелсіздігінің баянды болуын аналық ақ жүрегімен тілейді.
Әсемкүл апа 1937 жылы көршілес Түркістан облысының Түлкібас ауданының Қызыл ту деген ауылда дүниеге келген. Әкесі ол алты айлық нәресте болған шағында өмірден өтеді. Анасы Ханшайым үш қызбен жесір қалып, бар қиыншылық пен ауыртпашылықты бастан өткереді.
-Анамыз жарықтық балалары үшін бар күш-жігерін, өмірін арнады, – дейді ардагер. – Жолдасынан айырылған соң, қазақ халқының әмеңгерлік салтымен қайнысына қосылады. Одан өмірге бір ұл, бір қызды әкеліп, көпбалалы ана атанады. Сұм соғыс басталып, қайнысын майданға алып кетеді. Содан ол соғыстан оралмады. Ал, анам шиеттей балаларымен, қарт енесімен бірге қалады.
Сөйтіп күндіз-түні еңбекке араласады. Қамбаға қарауыл болып, түнделетіп арпа, бидайды қарайды. Теміржолды қалың қар басып қалған кезде нәзік жанды екенін ұмытып, қолына күрек алып, оны тазалайды. Үйде бір ғана сиырымыз болатын. Бізді сол сиырдың сүтімен асырап, күнделікті тамағымызды жасап беретін. Соғыстан мүгедек болып келген ер азаматтар майданға жауынгерлерге киерге жылы шұлық, ішерге май, жұмыртқа керек, барлығың соны өткізіңдер дейді. Ал, анамыз жалғыз сиырым бар. Онымен мына қарт пен жас балаларды асырап отырмын. Өткізе алмаймын деп айтады. Анамызға мұның барлығы ауыр тиеді. Ол кейде сендерді аман-есен аяқтандырып, жеткізсем деп жылап алатын.
Ал, мен анама көмектесу үшін 13 жасымнан алқапқа мақта шабуға, жинауға жұмысқа шықтым. Бұғанамыз қатпаған біз жұмыстың ауырлығына қарамадық. Таңертең өгіз арбаға мініп болмаса жаяулатып егістікке жетеміз. Күннің ыстығына қарамастан, үлкендерден қалмай, тапсырылған жұмысты атқарамыз. Ауылда бір жылдары қызылша екті. Сол қызылшаны жинап, ас ретінде пайдаланып, күнімізді көрдік. Міне, біздің балалық шағымыз осындай қиын күндермен, тынымсыз еңбекпен өтті. Асыр салып ойнауды білмедік, – дейді сол күндерді күңірене еске алды қария.
Еңбек ардагері 17 жасында Аманбек Әбделіұлымен үлкен өмірге қадам басып, отау құрады. Аманбек ата ол кезде бұрынғы оңтүстік өңірдегі Арыстансазы деген жерде ата-анасымен бірге жұмыс істеп жүрген кезі екен. Содан ата-енесі туған жері Жуалы ауданына оралуды аңсап, 1956 жылы Ақбастау ауылына көшіп келеді.
-Марқұм жолдасым Аманбек те тыл ардагері. Отбасы өнерлі, еңбекқор жандар еді. Біз ата-енемізбен бірге бір шаңырақтың астында екі келін тұрдық. Ұзақ жылдар бойы ағайынның ауызбіршілігі мен абысындардың татулығымен өсіп-өндік. Аманбектің өлең жазатын қабілеті бар етін. Кітаптары да жарық көрді.
Жуалыға оралған соң, ол Карл Маркс совхозында қой, жылқы бағып, абыройлы еңбегімен зейнетке шықты. Мен де колхоздың жұмысына шығып, дүниеге бала әкеліп, өміріміздің қалай өткенін де байқамай қалыппыз. Тұңғышымыз сәби кезінде шетінеп кетті. Ал, үлкен ұлым Тәттімбетті қызылшада жұмыс істеп жүрген кезімде дүниеге әкелдім. Совхоздың басшысы, жақындарымыз өмірі тәтті болсын, әрі қарай жақсылық көп болсын деп ырымдап Тәттімбет деген есім берді.
Кейде түнде қырманда жұмыс істеп келеміз. Ауылдан үй соғамыз деп ер азаматтармен бірге кірпіш құямыз. Сөйтіп жүріп, баспанамызды көтеріп, бірлігіміздің арқасында қоныс тойымызды жасадық, – дейді Әсемгүл апа.
Өмірін еңбекке, алаңсыз балалық шағын тынымсыз тіршілікке арнаған Әсемкүл апа колхоздың жұмысынан кейін 17 жыл ауылдағы сегізжылдық мектепте техникалық қызметкер болып жұмыс істейді. Білім ошағында абыройлы еңбек етіп, осы жерден зейнетке шығады.
– Ауылдағы мектепте таңертең барып, шелек-шелек күл шығарып, от жағамыз. Көшенің барлығы топырақ, шаң. Жаңбырлы күндері батпақ болып жататын. Балалар аяқтарымен соның барлығын мектептің ішіне алып келеді. Біз сол топырақты тазалап, шелекпен далаға тасып шығарамыз. Қанша тазалап жусақ та, шаңнан құтылмайтынбыз. Ал, қазіргі теп-тегіс, асфальтталған жол бар. Балалар таза барып, таза келеді.
Ал, біздің саналы ғұмырымыз бейнетпен, еңбекпен өтті. Қаншама қиыншылықты бастан өткердік. Бүгінгі күнімізге шүкіршілік етеміз. Талай баланы әкесіз, әйелді ер азаматсыз қалдырған соғыс ешқандай жақсылық әкелген жоқ. Балалардың тәтті ұйқысын мен күлікісін, алаңсыз балалық шақтарын ұрлады. Ойын деп асыр салып жүретін баланы өгіз айдатып, егістікке еңбекке салды. Әйелдерді жастығынан, нәзіктігінен айырып, нәзік жанды екенін ұмыттырды. Қаншама ауыртпашылық мойындарына артылды. Осындай сұрапыл соғыс енді қайталанбасын. Біздің көргенімізді ұрпағымыз көрмесін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш, іргеміз бүтін болып, Тәуелсіздігіміз мәңгілік болсын. Бейбіт күннің қадірін білейік, – деген қария ақ батасын елдің тыныштығына арнады.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»