Basty bet

Табиғатқа жауапсыз, немқұрайды көзқарастан қашан құтыламыз?

Адам – табиғаттың ажырамас бөлігі. Табиғат пен адам – егіз ұғым.
Табиғат – тіршіліктің құт-берекесі. Табиғат сөз жетпес сұлулық, баға жетпес қазына, көз тоймайтын әсемдік. Сондықтан табиғатты қорғау адамзаттың міндеті.
Қазақ тумысынан табиғатты сүйіп өскен, табиғатқа үлкен ілтипатпен қарап, құрмет тұтқан халық. Себебі, адам баласы табиғаттың тіршілігінде өсіп-өніп, жетіледі.
Табиғат – ырыздық, ырыс, ең бастысы ауырсаң еміңді де табиғаттан табасың.

Өкінішке қарай, қазіргі кезде экология мәселесі нашарлап кетті. Яғни, табиғаттың ластануы – үлкен мәселе.
Туған жеріміздің, тұрып жатқан жеріміздің табиғатын ластап, жанашырлық жағдайға душар етіп, үлкен мәселеге айналдырған ол өзіміз, сіз бен біз. Адам баласында экологиялық мәдениет болмай, бұл мәселе шешілмейді.
«Табиғат пен адам – егіз ұғым» десек, олардың арасында үйлесімділік болуы керек.
Егіз адамдар бірі ауырса, екіншісі де ауырады. Олар бір-бірінің жағдайын қатты сезеді. Адам мен табиғаттың арасы да сондай.
Біз табиғатты ластау арқылы адамзатқа, өзімізге қауіп төндіреміз. Жас ұрпақ осыны түсініп, сезінуі керек. Ол үшін әрине, үлкендер өзімізден бастауымыз керек.
Қазір көктем шығып, табиғат тамаша күйге енді. Адамдар көктем, жаз мезгілінде табиғат аясына жиі шығып демалады. Суға шомылып, бір мезгіл ойын, бойын сергітеді. Бұл –тамаша! Бірақ, адамдардың демалып, еш ұялмастан айналасын шашып, өртеп, жаралап кететіні қандай өкінішті. Үлкендердің осындай әрекетін көрген балалары да жүрген жерінде осы әрекетті қайталайды. Үлкен-кіші отырып әңгімелескен, демалған жер міндетті түрде артынан жинауды қажет етеді. Әрине, барлық адамдарға топырақ шашуға болмайды. Бірақ, табиғатқа жауапсыз, немқұрайды көзқарастағы жандар көп. Осындай ойсыздарды тезге салатын, ойланатын кез әбден жетті.
Экологиялық мәдениеттің қайнар көзі халықтың ғасырлар бойы жинақталған өмір тәжірибесі – табиғатты аялау, оған ұқыпты қарау, қорғау мен үндестікте өмір сүру және оның байлығына деген есепті қарым-қатынас.
Қазақстан Республикасының Конституциясында басты талаптарының бірі – табиғатты қорғауды күшейтіп, табиғи қорларды тиімді пайдалануды жолға қою болып табылады.
Мемлекетіміздің тәуелсіздігін нығайтып, асқақ руханият пен азаматтықты өркендету, шынайы мәдени-этникалық мұраны жандандыру мен болашаққа аманаттау, ұлттық тектілікті сақтау, ең алдымен мектеппен байланысты. Шәкіртті мектепке алғаш қадам басқаннан бастап, өзінің ата-анасын, ұстаздарын құрметпен сыйлауға, айнала қоршаған табиғатты, туған өлкесін сақтап-қорғауға, сол арқылы адамгершілік мінез-қасиетті орнықтыруға баулу – мектептің қоғам алдындағы атқаратын қызметі. Қазіргі мектептің бүгінгі күннің өзекті міндеттерінің бірі жас ұрпаққа экологиялық білім беріп, қоршаған табиғи ортаны қорғауға, аялауға тәрбиелеу.
Мектеп қабырғасында балаларды еңбекке баулуды мықтап қолға алуымыз керек. Біздің оқушы кезімізде еңбек сабағында мұғалім оқушылармен бірге құстарға ұя жасап, оны бірге ағаштарға іліп, оның маңызы, табиғатты сүю туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізетін. Бұл сабақ балалар үшін өте қызық әрі маңызды еді.
Сонымен бірге мектеп бақшасында оқушылар сынып болып кезектесіп еңбек етуші едік. Біз үйде ата-анамызға көмектесіп те, мектепте сынып жетекшісінің тапсырмасын да орындап та үлгеретінбіз. Ал, қазір баланы мектеп былай тұрсын, үйінде де жұмсай алмайтын ата-аналар көп. Бұл қуанарлық жағдай емес.
«Атадан мал қалғанша, тал қалсын», «Бір тал кессең, он тал ек», «Бұлақ көрсең, көзін аш» деген табиғатты аялауға, құрметтеуге тәрбиелеу мақсатындағы нақыл сөздерімізді басшылыққа алып тәрбие беру, жас ұрпаққа үлгі-өнеге көрсету отбасындағы ата-әженің, әке-шешенің, мектепте ұстаздың міндеті.
Табиғатты сақтау арқылы ғана адамзат өзінің болашағын жасай алады. Себебі, адамзат табиғатқа тәуелді. Сондықтан табиғат байлығын үнемдеп пайдаланып, оны аялауға, қорғауға міндеттіміз.
Табиғатқа жанашыр болу адамзат қоғамына, оның келешегіне жанашырлық жасау болып табылады. Сол себептен туған жеріміздің тамылжыған, тамаша табиғатын сүю, оны қастерлеп, қадірлеу әрбір адамның азаматтық парызы.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты халыққа арнаған Жолдауында «Қоршаған ортаны қорғау және экологиялық даму – еліміз үшін алдыңғы кезекте тұрған мәселе.
Мектептер мен жоғары оқу орындарында өскелең ұрпаққа экологиялық тәрбие беру ісіне жеткілікті назар аудару қажет. Қоғамда экологиялық құндылықтарды орнықтыруға үндейтін «Бірге таза Қазақстан!» атты экологиялық акциясын жүйелі түрде өткізіп тұрған жөн» деген болатын.
Табиғатты қорғау, сақтау – бүгінгі іс-әрекетімізге байланысты. Сондықтан еліміздің экологиялық ахуалының жақсаруына біркісідей атсалысайық!

Таңдаулы материалдар

Close