Basty bet

«Мал баққанға бітеді»

«Жанасыл» шаруа қожалығының шаруасы шалқыған

«Мал баққанға бітеді» дегенді бұрынғылар бекерге айтпаса керек. Оның төркіні қыста күннің ызғарына қарамай, жазда малдың ауру-сырқауымен алысатын бақташы тірлігінің қиындығын тұспалдайтындай. Соңғы жылдары шалғай ауылдардағы ағайынның еңсесінің көтеріліп, етек-жеңін жинай түскендігі көпке аян. Мемлекет тарапынан берілетін барлық мүмкіндікті ауыл тұрғындары да мүлт жібермеуге тырысады. Біреу мал бақса, екіншісі құс өсіріп, егін егетін шаруалардың шаруасының шалқығаны көңілге қуаныш ұялатады.

Түрлі жеңілдікті жөнімен пайдаланып, бастапқыда жинаған қаржысын салып, кәсібін өркендетіп жүрген шаруа қожалықтардың бірі – Күреңбел ауылындағы «Жанасыл» шаруа қожалығы. Қазіргі таңда, оған Дархан Станбеков жетекшілік етеді. Ол төрт адамды тұрақты жұмыспен қамтыған.
Күреңбел ауылының аумағында орналасқан шаруа қожалығы ісін мұнан біршама уақыт бұрын бастаған шаруашылық алғашқыда өз қаражаты негізінде 33 бас жабағы сатып алған кәсіпкер лезде ісін дөңгелетіп әкетті. Қой, жылқы өсіретін шаруа қожалық мал басы төлі есебінен көбейген жеке игіліктің тұрмыс-тіршілігі ойдағыдай десек болады.
Дархан Станбеков 1987 жылы Күреңбел ауылында дүниеге келген. Әкесі Рахманқұл Станбеков көп жылдар колхозда еңбек етсе, анасы – Фарида Асырамбетова жеке кәсіпкер.
Кейіпкеріміз Алматы қаласындағы С.Асфендияров атындағы медициналық университетті тамамдаған. Ал интернатураны Қазақ-Ресей медициналық университетінде жалпы тәжірибелі дәрігер мамандығы бойынша аяқтаған. Сонымен қатар, осы мамандықтың магистратурасын Алматы халықаралық университетінде оқыған.
Дәрігерлік мамандықты тамамдаса да, ауыл баласының көңілі көк майса шөбі бар, саф ауа, мөлдір бұлағы бар ауылға ауып кетіп отырады. Ол жұмыс істей жүріп ауылда мал басын көбейтуді ойлайды. Осылайша арманның жетегінде жүріп бір күндері ауылға тартып отырады.
Дархан тұңғыш ұлы Жанасылдың құрметіне «Жанасыл» шаруа қожалығын құрып, өз қаражаты негізінде ісін дөңгелете бастайды.
Жастайынан мал өсіруге қызығатын Дархан Рахманқұлұлы дегеніне жетіп, бүгінде шаруа қожалықтың иелігінде 40 бас жылқы және 1000-ға жуық қой бағып отыр.
– Менің атам Кенжеқұл Станбеков Ұлы Отан соғысының ардагері әрі мұғалім болған. Өз заманында жылқышы да болған екен. Сонымен бірге әкем Рахманқұл да мал саудасымен айналысқан. Мен де жастайымнан әкеме қолғабыс болып жүріп, малға деген қызығушылығым арта түсті.
Бүгінгі қоғамдағы өзекті проблемалы мәселелердің бірі ретінде малшылардың аздығын айтуға болады. Қазір кім малшы болғысы келеді, дейсіз?! Сондықтан ауыл шаруашылығын дамытуға лауазымды тұлғалар барынша атсалысса нұр үстіне нұр болмақ. «Туған жерге, туыңды тік!» демекші, әрбір ер азамат өз туған жерінің гүлденуі үшін аянбай еңбек етуі тиіс деп санаймын. Адамды адам қылатын – еңбек, – деген Дархан Рахманқұлұлы әр қиындықтың, бір жеңілдігі бар екенін сондықтан істегі қиындықтарға қарсы тұрып жеңе білу керектігін айтады.
Кейіпкердің сөзінше, малды күтіп-баптау үшін де талмай еңбектену керек. Ол бүгінде, қандай да бір малы ауырып қалса да емін тауып, кітаптарды ақтарып, дәрі салып аурудан жазып алып отыруды да терең меңгерген.
Дарханның ендігі мақсаты – малды асылдандыру, саннан сапаға көшіп, мал етінен өнім шығаруды жоспарлап отыр. Шаруа қожалық иесі тек малмен ғана шектелмей алдағы уақытта алма бақ, балық шаруашылығымен айналысып, ауылдан демалыс орындарын, саябақ ашуды жоспарлауда.
«Қайырымдылық – жылы жүректен» дегендей, кейіпкеріміз қайырымдылық жасаудан да қалыс қалмай, ауылдағы мұқтаж жандарға үзбей қол ұшын беруді әдетке айналдырған.
Иә, «Еңкейгеннің еңсесін еңбек көтереді» демекші, еңбек етіп, мақсатқа жеткен жанның шаруасы шалқып, несібесі артатыны белгілі. Адал еңбегінің ақ майын татып отырған «Жанасыл» шаруа қожалығының жұмысы көпшілікке үлгі етуге тұрарлық деп есептейміз.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close