Basty bet
Тазалық бар жерде тәрбие де, береке де бар
«Тазалық – табалдырықтан басталады» демекші, қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарау – әрбір азаматтың басты міндеті. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, «Таза Қазақстан» республикалық экологиялық акциясы аясында санитарлық-тазалық жұмыстары өз жалғасын тапты.
Өздеріңіз білетіндей, Мемлекет басшысының тапсырмасымен сәуір айынан бастап «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы бастау алған болатын. Акция аясында аудан көлемінде көптеген тазалық жұмыстары жүргізілді.
Апта ортасында қоршаған ортаға қамқорлық жасап, өскелең ұрпаққа өнегелі істі насихаттауға бағытталған шара өтті. Іс-шара ауданға қарасты үш ауылдық округте болды. Қарасаз, Жетітөбе ауылдық округінде акция аясында ауылдық округ әкімдерінің бастамасымен ауылдағы жалғыз басты қарттардың үйлерін сырлап, әктеп, аулаларын арам шөптен тазартылды.
Бұл игілікті жұмысқа ауыл тұрғындары мен қоғамдық жұмысшылар тартылған.
Қарасаз ауылдық округінде қазіргі таңда 12 жалғыз басты қарт тұрады. Ауыл әкімінің айтуынша, бұл кісілердің кейбірінің балалары бар. Бірақ олар анда-санда ғана келіп, көмек беріп кетеді. Қалған уақытта ауыл тұрғындары өздері көмектесіп отырады.
Жалғыз басты қарттар ауыл әкімі мен ауыл тұрғындарына өздерінің алғыстарын айтты.
Әрі қарай акция Күреңбел ауылдық округінде жалғасын тапты. Ол жерде ауыл әкімшілігі аппаратының қызметкерлері мен ауыл тұрғындары Батырбек датқа кесенесіне тазалық жұмыстарын жүргізді. Біреуі сырласа, енді бірі арам шөптен тазартып жатты.
Акцияның басты мақсаты – қоршаған орта мен тұрғындар үшін қолайлы жағдайларды қамтамасыз ету, азаматтық жауапкершілікті арттыру, экологиялық сана мен экологиялық мәдениетті қалыптастыру және нығайту, қоғамдық игілікке ұқыптылықпен қарау қағидаттарын қалыптастыру.
Акцияға үш ауылдық округтен 50-ден аса адам қатысты. «Таза Қазақстан» экологиялық акциясы әлі де жалғасатын болады.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»