Basty bet
Алқаптан мол өнім жиналуда дегенмен шаруашылықтарда күрделі мәселе де жоқ емес
Ауыл шаруашылығы саласын дамыту – мемлекеттің басым бағыттарының бірі екені даусыз. Сондықтан кейінгі жылдары азық-түлік қауіпсіздігі әлемдік сын-қатерлердің бірі ретінде де қарастырылып отыр. Аграрлық саланы дамытуды бірлесіп қолға алудың қажеттілігі маңызды мәселе. Сол себептен де, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың халыққа арнаған жыл сайынғы Жолдауларында асыраушы саланың әлеуетін арттыру мәселесі назар тыс қалған емес. Бұл саланы дамытпай, нақты секторды дамыту да мүмкін емес нәрсе.
Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» атты Қазақстан халқына арнаған жаңа Жолдауында да аграрлық сектордағы агроөнеркәсіптік кешенді дамыту мәселесі нақты айтылып, бұл мәселе «Нақты секторды дамыту» деп аталатын екінші бағытта айтылды.
«Ауыл шаруашылығын дамыту – негізгі проблеманың бірі. Осы саладағы ахуал мемлекетіміздің азық-түлік қауіпсіздігіне тікелей әсер етеді. Еліміздің ауыл шаруашылығы өнімдерінің көлемін және оның қосымша құнын арттыру қажет. Бұл – стратегиялық міндет. Қазір тек бидай мен мал сатып отыратын заман емес. Үкімет агроөнеркәсіп саласын субсидиялаудың ұзақ мерзімге арналған жаңа тәсілдерін әзірлеуге тиіс.
Бюджет қаражатының қайтарымы болуы керек. Мемлекет қаржыны оңды-солды шашып, ысырап етуге жол бермейді. Субсидия бөлуге және оның жұмсалуына жүргізілетін бақылауды күшейту керек.
Шаруалардың өзара ұжымдасуы ауыл шаруашылығын дамытуға жол ашып отыр. Біз осындай пилоттық жобаны жүзеге асырдық. Оған қатысқан ауыл шаруашылығы кооперативтерінің егіні екі есе артық өнім берген. Ал, мал басы шамамен 25 пайызға көбейген. Әр өңірдің ерекшелігін ескере отырып, оң тәжірибені бүкіл елге біртіндеп тарату қажет. Бұл салада озық технологиялар тапшы.
Қазір ауыл шаруашылығына арналған жер туралы толыққанды ақпарат жоқ. Жердің құнары, су ресурсы мен суару жүйесі және оның жолдары жайлы мәліметтер жан-жақта шашырап жатыр. Цифрлық платформа осының бәрін бір жерге жинақтайды. Тұтастай алғанда, еліміздің агроөнеркәсіп кешені келесі жылдан бастап жаңа әрі тұрақты ереже бойынша жұмыс істеуі қажет»,- делінген Жолдауда.
Ауыл шаруашылығы саласының дамуын ауылдағы еңбекқор шаруаларсыз көзге елестетудің өзі қиын. Аталған саланың дамуына олардың қосып отырған көп үлесі бар. Жұмысы жүйелі сондай шағын шаруашылықтың бірі – «Сағынбек» шаруа қожалығы. Қожалық Көкбастау ауылдық округінің Қосбөлтек ауылында орналасқан.
Шаруа азамат Нұржан Нұрпейісов жетекшілік ететін «Сағынбек» шаруа қожалығының иелігінде 50 гектардай егістік жер бар. Оның басым бөлігіне ақ егістен – арпа және бидай дақылы егіледі. Шаруашылық одан бөлек, картоп және бау-бақша дақылдарын өсіруді де жыл сайын тұрақты қолға алып келеді.
Биыл да солай болды. Топырағы құнарлы егістіктің басым бөлігіне ерте көктемде арпа мен бидайдың (күздік бидай) дәнін сіңірген шаруашылық астық бастыру науқанында оның әр гектарынан (арпадан – 22 центнер, ал күздік бидайдан – 18 центнерден) өнім жинады. Былтыр және алдыңғы жылдардағы қуаңшылыққа қарағанда бұл жаман көрсеткіш емес.
Шаруашылық сонымен қоса, биыл төрт гектар алқапқа картоптың «Кроне» аталатын тұқымын егіп, одан да мол өнімге қол жеткізіп отыр. «Сағынбек» ШҚ жақында картоп қазу науқанына кірісті.
Көктөбе ауылының маңында орналасқан картоп алқабында қызу еңбек. Біз өткен аптада шаруашылыққа арнайы барып, оның жұмысымен біршама танысқан болатынбыз. Шаруашылық басшысы Нұржан Нұрпейісовті алқап басынан кездестірдік. Ол осындағы жиын-терім жұмыстарына басшылық жасап жүр екен.
-Биыл картопты жоңышқа егілген алқаптағы тың жерге еккен болатынбыз. Дақыл уақтылы егіліп, уақтылы күтіп-бапталды. Соның нәтижесінде, жинап алатын өнім де ойдағыдай болып отыр. Орта есеппен әр гектардан 25 центнерден өнім жинаймыз деген үмітіміз бар. Былтыр 22 центнерден өнім жинағанбыз.
Айта кететін бір мәселе, төңіректегі шаруаларды ағын судың мәселесі қинап отыр. Дәл суғару маусымы кезінде шаруаларға су жетпей қалады. Каналдан босатқан судың өзі бізге толыққанды жетпейді. Сол үшін «Ақсай» каналының бас жағына судың нақты өлшемін белгілейтін құрылғылар орнатудың қажеттігі туындап отыр. Мысалы, каналдан шаруаларға босатылатын 50 литр судың тек 20 литрі ғана алқапқа жетеді. Ал біз судың ақысын 50 литрге төлеп отырмыз. Негізгі талап-тілегіміз осы,- дейді шаруа азамат.
Иә, қай дақылды ексе де, шаруа одан мол өнім алып, пайдаға кенелгісі келетіні анық. Шаруаның негізгі жұмыс көзі де, табыс көзі де осы егіншілік болғаннан кейін бұл бір жағынан түсінікті де. Біз әңгіме етіп отырған «Сағынбек» шаруа қожалығы ақ егіс пен картоптан жақсы өнім жинағанымен, шаруашылықтың жеті гектар алқапқа егілген қырыққабат дақылына уақтылы алымсақ болмай, өнімнің біраз бөлігі далада қалып қойды. Шаруашылық биыл жеті гектарға «Ринда» және «Бухарест» тұқымын егіп, баптады. Жалғыз бұл шаруашылық емес. Биыл бау-бақша дақылдарын еккен басқа да диқандардың өнімі көп болғанымен, өнімді дер кезінде сатып алатын клиенттің болмауы да биыл аудан шаруаларын біраз әбігерге салғаны анық.
-Бұл проблеманы да шешетін уақыт әлдеқашан жетті. Үкімет дайын өнімге субсидия берудің тетіктерін әлі де болса жолға қойып, оны жетілдіруі қажет деп санаймыз. Дайын өнімге немесе тұқым алуға мемлекет тарапынан нақты көмек-қолдаулар жасалуы тиіс. Мысалы, картоптың тұқымына субсидия беріледі. Ал оған қойылатын талап та өте жоғары. Тұқымға субсидия алу үшін ең бірінші кезекте тұқым шаруашылықтарымен тиісті келісім-шартың болуы қажет. Үлкен шаруашылықтар болмаса, біз мұндай жеңілдіктерге қол жеткізе алмаймыз. Одан кейінгі тағы бір мәселе, алқапқа көктемде сіңірілуі тиіс минералды тыңайтқышты да уақтылы ала алмаймыз. Жаздың дәл ортасында оның қажеті де жоқ. Бұл да біз үшін үлкен мәселе,- дейді Нұржан Нұрпейісов.
Әлбетте, ауыл шаруашылығы саласы дамып келеді десек те, Президент атап өткендей, аграрлық сектордағы агроөнеркәсіп кешенінде әлі де түйіні тарқамай отырған проблемалар бар. Оларды терең зерделеп, тиісті органдардың назарына жеткізу әрине, жергілікті атқарушы билік органдары қызметкерлерінің тікелей міндеті. Шаруалардың осындай талап-тілектеріне уақтылы назар аударғанда ғана аталған саланың даму қарқыны да алға жылжитыны анық.
Нұржан Манасұлы