Basty bet

Жуалылық педагогтердің еңбегі жоғары бағаланды

Өткен аптада облыста алғаш рет «Білім беру саласының әлеуетті көшбасшысы» атты педагогтер арасында конкурс өтті.
Конкурс өңірдің жалпы орта білім беру саласында кәсіби құзыреттіліктері мен көшбасшылық қасиеттері жоғары деңгейде қалыптасқан педагогтерді анықтау, өңірлік кадр пулын қалыптастыру мақсатында ұйымдастырылды.
Облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтің бастамасымен өткізілген конкурсқа білім беру саласындағы еңбек өтілі кемінде бес жыл, негізгі жұмыс орны білім беру мекемесі болып табылатын 51 педагог және мектеп директорының орынбасарлары қатысып, ІV кезеңде бақ сынасты. Жуалы ауданынан конкурсқа сегіз педагог қатысып, іріктеу кезеңінен екі педагог сүрінбей өтіп, марапатталушылар қатарынан көрінді.
Конкурс «Не? Қайда? Қашан?» блиц-сауалнамасы, «Кәсіби жетістік баспалдағы» тақырыбында үш минуттық презентация, Форсайт сессия және «Әлеуетті көшбасшының табыс формуласы» сұхбаттасу айдары атты кезеңдерден тұрды.
Конкурстың нәтижесінде үздіктер анықталып, жеңімпаздар бірнеше номинациялармен және сертификаттармен марапатталды. Байқауда №27 Диқан орта мектебі директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Қаракөз Қырғызбаева және директордың бейінді оқыту ісі жөніндегі орынбасары Бақыткүл Полатова ережеге сәйкес кезеңдердің талаптарын орындап, нәтижесінде Жамбыл облысы әкімдігінің білім басқармасының арнайы сертификаты мен облыс әкімінің атынан берілген 200 000 теңгелік сертификаттың иегері атанды. Алдағы уақытта жуалылық педагогтер көшбасшылық резервке өту үшін оқуға шақырылып, арнайы курстан өтетін болады.
Педагогтердің әлеуетін арттыруға бағытталған байқау ұстаздар шамшырағының жануына үлкен септігін тигізді, болашағына деген сенімін арттырды, ең бастысы, кәсіби тәжірибе алмасу алаңын орнатты.

Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close