Basty bet
Нан – ас атасы, дастарқан байлығы
«ТікАсуНан» ЖШС жергілікті дүкендерді сапалы нан және кондитер өнімдерімен тұрақты қамтамасыз етуде
Азық-түлік қауіпсіздігі – бұл мемлекеттік маңызы бар стратегиялық мәселе. Халық санының артуына байланысты қазіргі таңда азық-түлікке деген сұраныстың күн санап артып келе жатқаны жасырын емес. Сонымен қатар соңғы жылдары әлемде орын алған пандемия да азық-түлік қауіпсіздігіне өзінің кері әсерін тигізіп, мұның арты халық күнделікті тұтынатын азық-түлік тауарларының қымбаттауына әкеліп соқты.
Азық-түлік бағасы қазіргі таңда халықтың басты мәселесіне айналып отырғанын ешкімнен жасыра алмаймыз. Бұл мәселенің маңыздылығы сол, ұсақ-түйек азық-түлік тауарлары түрлерінен бөлек, алдыңғы жылдары орын алған қанттың тапшылығы және пияз бен картоптың жөн-жосықсыз қымбаттауы мен оның бағасындағы ала-құлалық ел тұрғындарының арасында түсініспеушілік пен дау тудырғанын жақсы білеміз. Сондықтан, азық-түлік бағасына тұрақты бақылау жасап отыру, әсіресе, тұрғындарға әлеуметтік маңызы бар азық-түлік өнімдерінің қолжетімділігін арттыру – жергілікті атқарушы органдардың басты міндеті болуға тиіс. Сонда ғана бағаның тұрақтылығын сақтауға болады.
Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларымен жергілікті тұрғындарды қамтамасыз ету және бағаны тұрақтандыру Үкіметтің алдына қойылған маңызды мәселе болса, бұл орайда 2022 жылдың қараша айында ауданның орталығы Бауыржан Момышұлы ауылындағы орталық базар аймағынан әлеуметтік дүкен ашылып, жұмыс істей бастағаны белгілі. Дүкеннің иесі – «Наурызқұлова» ЖК-ның басшысы, жеке кәсіпкер – Әшіркүл Наурызқұлова.
Иә, «аты жаман» аурудан орын алған карантин тұсында аталған кәсіпкерлік аудан басшылығының қолдауымен, сонымен қатар алдын ала жүргізілген жоспарлы жұмыстарға сәйкес, «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ арқылы қомақты несие алып, әлеуметтік дүкенді ашуға қол жеткізді. Әлеуметтік дүкеннің ашылуы коронавирустан болған карантин тұсында өңір тұрғындарының азық-түлікке деген қолжетімділігін арттыра түскені анық.
Айта кетсек, жеке кәсіпкер жоғарыда аталған корпорациядан төмен пайызбен алған несие қаражатына әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларынан – картоп, пияз, сәбіз, бірінші сұрыпты бидай ұны және макарон өнімдері (кеспе, жайма, вермишель т.б.) өсімдік майы, күріш, қарақұмық дәндері, сондай-ақ, қанттың бірнеше тоннасын сатып алып, аудан тұрғындарына қолжетімді бағада саудалап, азық-түлік бағасының тұрақтылығына елеулі әсер еткенін аудан жұртшылығы әлі ұмыта қойған жоқ…
Ауданда азық-түлік бағасын тұрақты ұстауды басты мақсат тұтқан жеке кәсіпкерлік иелері биыл «Наурызқұлова» ЖК және иеліктегі «Шынтас» шаруа қожалығының басын біріктіру арқылы «ТікАсуНан» аталатын ЖШС құрып, қазір өнімді жұмыс атқаруда. Нан өнімдерін дайындау ісін бұрынырақта қолға алып, мол тәжірибе жинаған жеке кәсіпкерлік биыл шағын кәсіпті кеңейтуге бел байлап, қомақты қаражатқа нан және кондитер өнімдерін шығаратын заманауи жаңа қондырғылар сатып алып, оны көп ұзамай іске қосты.
Осы тұста қолға алған кәсіпкерлік істі алға жылжытуда «Ауыл аманаты» бағдарламасының «Кәсіпкерлікті дамыту» аталатын бесінші бағытымен «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы» АҚ-нан жылдық пайыздық мөлшерлемесі небәрі 2,5 пайызды құрайтын 25 миллион теңге көлемінде несие қаражатын алып, оған тиісті қондырғылар сатып алғанын айтқан жөн.
– Жалпы 25 миллион теңге несие қаражатына барлығы 18 құрал-жабдықтан тұратын Қытайда жасалған заманауи қондырғыны сатып алып, қазір нан өнімдерінің көлемін екі-үш есеге арттыруға қол жеткіздік. Құрал-жабдықтардан нан пісіруге арналған сөрелер, 1 дана араластырғыш, қамыр илейтін құралдар, т.б. қажетті жабдықтар бар. Бұл қондырғының көмегімен бір мезгілде 220 дана бөлке нан пісіруге мүмкіндік бар.
Кәсіпкерлік ісін бұрынырақта ашып, жұмысты бастағанбыз. Алғашқыда Б.Момышұлы ауылындағы орталық базар аймағынан әлеуметтік дүкеннің жұмысын жүргізіп, онымен бірге, осында нан пісіру ісін де бірге алып жүрдік. Содан биыл кәсіпті кеңейтуді ойлап, нан өнімдерін пісіретін жаңа қондырғы пештер сатып алып, жұмысты жаңаша бағытта жүргізудеміз. Кәсіпкерлік ісіне қаржылай көмек-қолдау көрсеткен «Ауыл аманаты» бағдарламасына және тиісті қаржылық институттарға алғыс білдіремін. Сәтін салса, қолға алған істі ары қарай жалғастыра береміз. Оған әлеуетіміз толық жетеді,- дейді ЖШС басқарушысы, іскер азамат Нарқозы Наурызқұлов өз сөзінде.
Айтса айтқандай, орталық базар аймағынан ашылған нан өндіру цехындағы қызу жұмысқа өзіміз де куә болдық.
Осында күнделікті өндірілген нан өнімдері аудан орталығындағы дүкендерге, онымен қоса аудан орталығына жақын орналасқан Ақбастау, Көлбастау, т.б. ауылдарға жөнелтілуде. Орта есеппен алғанда, тәулігіне 700 дана бөлке нан өндіріліп, жергілікті нарыққа жол тартады. Тұрақты нан алатын дүкендер де бар. Көтерме бағасы да қолжетімді. Нан цехында бөлке нанмен қатар, қаттама нан, тәтті торттар, пирог, жалпы нан және кондитер өнімдерінің бірнеше түрі шығарылады. Жұмысшы күші де жеткілікті. Цехта жұмыс атқаратындардың көбісі аудан орталығының тұрғындары. Мұнда төрт жұмысшы маман тұрақты еңбек етсе, аудандық Мансап орталығы филиалы арқылы алынған бірнеше жұмысшы істі ілгерілетуге сеп болып отыр. Оларға мемлекеттік бағдарлама арқылы төленетін негізгі айлық жалақыдан бөлек, серіктестіктен 75-80 мың теңгенің көлемінде үстеме жалақы төленеді.
Қайбір істің де тетігін кәсіби мамандар ғана шешетінін жақсы білеміз. Кәсіпкерлік ісін дөңгелетуде де кәсіби мамандардың алатын орны маңызды. Осы тұста серіктестіктің нан пісіру цехында мамандардан – Валентина Загляда, Мадина Анашева және Ирана Исмайлова, т.б. тұрақты еңбек етіп, нан және кондитер өнімдерінің сапалы түрде шығарылуына аянбай жұмыс атқаруда. Өңірдің кәсіпкерлік саласында өзіндік орны бар «ТікАсуНан» ЖШС 12 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отырғанын айтқан жөн.
Серіктестіктің «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясынан» төмен пайызбен қомақты қаражат несие алғанын жоғарыда атап өткендей, шағын кәсіпорын тиісті облыстық басқармалар арқылы нан өндіруге қажетті негізгі шикізат бағасы арзандатылған бірінші сұрыпты ұнға да қол жеткізгенін атап өткен жөн. Бұл қолдау тетігі өз кезегінде жергілікті нарықта нан өнімдерінің бағасын тұрақты ұстап тұруға үлкен сеп.
Серіктестік басқарушысы Н.Наурызқұлов өз сөзінде, биыл орталық базар маңынан («Дәмді себет», «Корзина») супермаркетінің қарсы бетінен) жаңадан сауда орнының құрылысын жүргізіп, нәтижесінде алты орынды кәсіп ашуға ниетті жеке кәсіпкерлерге қолжетімді бағамен жалға бергенін айтады. Атап айтқанда, мұнда көкөніс, жеміс-жидек сататын орын, тандыр нан пісіретін және тауық өнімдерін сататын орын, т.б. орналасқан.
Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»