Basty bet

Жігітке жеті өнер де аз…

Еліміздің ертеңі, мемлекетіміздің жарқын болашағы – білімді де талантты, өнерлі жастардың қолында. Қай заманда болсын, қоғамның қозғаушы күші – жастар. Жастардың бойындағы табиғи таланты мен дарынын танып, қолдау көрсете білгенде ғана олардың арасынан жалынды да жасампаз тұлғалар іріктеліп шығатыны анық.

Осыған орай, «Әуелі бойыңда талант болсын, талантыңа талабың қанат болсын» деген ұстанымды алға тарта отырып, аудан орталығындағы №1 Балалар өнер мектебінде жас өрендердің таланттары мен қабілеттерін ашып, өнерге деген сүйіспеншілігін арттырып, жаңа есімдер ашу мақсатында балаларды шыңдап, республикалық, халықаралық байқауларға дайындап, үлкен сахнаға шығуына септігін тигізіп отырған ұстаздар еңбегінің арқасында қаншама өнерлі жас аудан мерейін үстем етуде.

Солардың бірі Ә.Бөкейхан атындағы №15 тірек-мектеп лицейінің озат оқушысы, №1 Балалар өнер мектебінің шәкірті Мирас Ғалиды талантымен танылған жалынды жас деуге әбден лайық. Ол алғашында театр үйірмесіне қабылданып, кейіннен вокал, домбыра үйірмелеріне де қызығушылығы артып, барлығын қатар алып жүр. «Жігітке жеті өнер де аз» демекші, тек шығармашылықпен шектеліп қана қоймай, спортпен де айналысады. Ара-тұра шабыты тасығанда өлең шығаратын да өнері бар екен. Сұхбат барысында бұл анасының бойынан дарыған қасиет екендігін атап өтті. Оның мектептің іс-шараларына, өнер кештеріне біркісідей белсене атсалысатыны тағы бар.

Театр сыныбының жетекшісі, Мирастың ұстазы Мейрамкүл Тойшыбековамен де тілдесіп, шәкірті жайлы сұраған едік.

– Мирас жылдан-жылға шыңдалып, сахнада керемет өнер көрсетіп келеді. Қатысқан байқаулардан жүлдесіз оралған емес. Вокалдық шеберлігі де бар. Монолог, поэзия да оқиды. Жақында ғана даңқты батыр Бауыржан Момышұлының прозаларынан үзінді оқу жарысы облыстық деңгейде өткен болатын. Әдеттегідей оның қоржыны бос қайтқан жоқ. Байқауда I орын иеленіп, көптің ыстық ықыласына бөленді. Мирас талантты әрі болашағынан зор үміт күтетін шәкірттерімнің қатарында. Ол әуелден өз творчествосының сұлу қырымен жарқ етіп көзге түсті. Қиын өнердің тізгінін ұстап, өнімді еңбек атқарып келе жатқан жас өрен десем, артық айтпаймын.

Актер аспапта да ойнай білуі керек, вокалдық тәжірибесі де болу қажет. Өзінің қызығушылығы басым болып, жаны қалайтындықтан бәрін қатар алып жүруге бөгет болмадық. Бірақ қазір жасөспірімдік кезең болғандықтан, дауыс өзгеріске ұшырайды. Ауыртпашылық салып, дауыс ырғағын құртып алмас үшін вокалды қоя тұруға тура келді. Себебі, көркемсөз оқыған кезде де интонация мен диапазон керек,- дейді ұстазы М.Тойшыбекова.

Жас өнерпаздың жеткен жетістіктері ауыз толтырып айтарлықтай. Атап айтар болсақ, Халықаралық «Самға, Самұрық!» балалар байқауында «Көркемсөз» аталымы бойынша үздік өнер көрсеткені үшін Бас жүлде, облыстық «Ер есімі – ел есінде» атты мәнерлеп оқу байқауында I орын, III республикалық Мұқағали оқулары байқауында I орын иеленген. Сонымен қатар, «Әділетті Қазақстанның 100 дарынды оқушысы» атты республикалық форумында I дәрежелі Дипломмен марапатталып, «Үздік өнерлі оқушы – 2024» аталымының жеңімпазы атанған. Одан бөлек, түрлі Алғысхаттар мен Дипломдармен марапатталған.

«Болашақта өнер жолын таңдамақ ойым бар. Тіпті, қай жоғарғы оқу орнына түскім келетінін де анық білемін. Осы уақыт аралығында түрлі байқауларға қатысып, сахнаға төселіп, шыңдалып келеміз. Ұстазым Мейрамкүл әпкей бізді өз баласындай көріп, үнемі ақылын айтып, қолдауын аямайды. Әр жеңісіміздің артында ұстазымның еңбегі зор» деді өнерлі өрен Мирас Қуанышұлы.

Ұстазының айтуынша, бірінші 100 пайыз  өнер емес, 99 пайыз еңбек, бір пайыз өнер болуы тиіс. Әр тапсырма бергенде лирикалық иірімдерді сезініп, автор не айтқысы келді, нені жеткізгісі келді, осыны алдымен өздері жақсылап түсінсе ғана көрерменнің жүрегіне жетеді. Кейіпкердің рөліне толық ену үшін әуелі киноны көрсетіп, кейіпкерді зерттеп барып, жұмысқа кіріседі. Әр кезде әртүрлі образ сомдау арқылы бала шыңдалады әрі сан қыры ашылады. «Заманың түлкі болса, тазы боп шал» демекші, заман талабына сай жан-жақты адам болу қажет. Бұрыңғы қасаң пікірлердің көбесін сөгіп, театр өнері мен мәдениетімізді тереңінен ұғынып, жастарды қолдап, болар баланы алға жетелеу керек.

Осы бағытта жастарға жүйелі жол көрсететін ұстаздар барда өркениетті Жаңа Қазақстанның жарқын болашағын қалыптастыратын жаңа, өнерлі буынның қатары толығып, өсіп-жетілетініне сеніміміз мол. Өнерлі жастарды жан-жақты қолдап, дамытқан кезде ғана олардың алар асуы биік болып, өркениетті елдің айнасына айналары хақ.

 

Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,

«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close