Basty bet

Тарихы терең тараз шекара шебіне – 25 жыл!

Қазақстан Республикасының Қырғыз бағытындағы шекарасын нығайту, ҚР ҰҚК Шекара қызметінің жетілу бағдарламасына сәйкес 2000 жылғы 10 қазанындағы Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығына орай, «Тараз» шекаралық бақылау жасағы құрылды. Бұл — Тәуелсіз Қазақстанның оңтүстік шекарасындағы жаңа бетбұрыстың бастауы еді. Еліміз егемендігін енді ғана нығайта бастаған кезеңде, мемлекеттік шекараларды заңдық және инфрақұрылымдық тұрғыдан бекіту — ұлттық қауіпсіздіктің ең маңызды басымдығына айналды.
2000 жылы Тараз қаласына алғашқы офицерлер мен сарбаздардың келуімен шекара жасағының тарихы бастау алды. Олардың алдында үлкен әрі жауапты міндет тұрды: Қырғыз Республикасымен шектесетін аумақты күзету, мемлекеттің саяси-экономикалық мүдделерін қорғау, заңсыз көші-қон мен контрабандалық әрекеттерге тосқауыл қою, ел тыныштығын сақтау. Бұл міндеттерді орындау үшін жасақ құрамына «Қордай» және «Меркі» шекаралық бақылау бөлімшелері мен «Қордай» шекара комендатурасы енді. Алғашқы әскери қалашық бұрынғы кәсіптік-техникалық училище ғимаратында орналастырылып, шекара қызметінің бастамасы қарапайым, бірақ рухы биік ортада қаланды.
Белсенді әрі күрделі бағыттарын қамтыды.
2001 жылдың желтоқсанында «Айша бибі», «Тараз» (авиациялық), «Нововоскресеновка», «Камышановка» және «Меркі» (теміржол) өткізу пункттерінде шекаралық бақылау жүйесі толық іске қосылды. Сол сәттен бастап Қазақстан мен Қырғызстан арасындағы әкімшілік-аумақтық шекараны жоспарлы және жүйелі қорғау дәстүрі қалыптасты.
Әрбір жаңа бөлімше ашылған сайын, шекарашылардың отбасы жағдайы да ескеріліп отырды. Шекарашының отбасылық тыныштығы – оның қызметтегі тұрақтылығы мен рухани күшінің кепілі еді. Осы тұрғыда Жамбыл облысының әкімдігі шекарашылар үшін оннан астам пәтерді тегін бөліп берді, Меркі ауылында 30-дан астам қызметтік үй дайындалды. Шекара бөлімшелерінде автономды жылу жүйелері орнатылып, тұрмысқа қолайлы жағдай жасалды. «Қордай» комендатурасында тұрғын үйлер бой көтеріп, әскери қалашықтар өз өмірімен тыныстай бастады.
Күнделікті қызмет шекарашылардан қырағылық пен сабырлықты, батылдық пен тәртіпті талап етті. Тараз жасағының сарбаздары қыс-жаз демей, қырағы қызметтің алдыңғы шебінде болды. Қиындыққа төтеп беріп, техника жетіспеушілігіне қарамастан, олар ел шекарасының тыныштығын күзетіп, болашақ құрылымдық жүйенің іргетасын қалады.
Жылдар өте келе «Тараз» шекаралық бақылау жасағы Жамбыл облысындағы мемлекеттік шекараны қорғаудың ірі әскери құрылымына айналды. Бұл жылдар тек қызметтің күшеюі ғана емес, жаңа ұрпақтың қалыптасу дәуірі болды. Әр шекарашы өз борышын адал атқарып, Отан алдындағы сертіне берік болуымен ерекшеленді.
2020 жыл – шекара тарихындағы ерекше бетбұрыс кезеңі. Қазақстан Республикасы Ұлттық қауіпсіздік комитеті Төрағасының 26 наурыздағы №025 бұйрығына сәйкес Шекара қызметінде ауқымды қайта құру жүргізілді. Осы реформаның нәтижесінде «Тараз» шекара жасағының құқықтық және құрылымдық негізі жаңарып, ол жаңа мәртебеге ие болды. Осы күннен бастап бұрынғы 2035 әскери бөлімі негізінде ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаменті құрылды.
Бұл шешім шекара қызметін өңірлік деңгейде тиімді үйлестірудің бастамасы болды. Департаменттің орталығы Тараз қаласында орналасты, ал оның қарамағына үш негізгі басқарма – Жамбыл, Меркі және Қордай аудандары бойынша шекара басқармалары берілді.
2035 әскери бөлімі – Жамбыл ауданы бойынша шекара басқармасы, 2093 әскери бөлімі – Меркі ауданы бойынша шекара басқармасы, ал 2038 әскери бөлімі – Қордай ауданы бойынша шекара басқармасы болып өзгертілді.
Бұл өзгеріс тек атау ғана емес, мазмұндық жаңғыру еді. Жаңа форматтағы департамент құрылымы заманауи технологияларды қолдануға, әскердің жауынгерлік әзірлігін арттыруға, офицерлер мен сарбаздардың кәсіби деңгейін көтеруге бағытталды. Шекара комендатуралары шекара бөлімдері болып, ал заставалар шекара бөлімшелеріне айналды. Осылайша, қызмет жүйесі біріздендіріліп, басқару тетіктері жаңартылды.
ҚР ҰҚК Шекара қызметінің Жамбыл облысы бойынша департаменті бүгінде еліміздің оңтүстік шебінде қауіпсіздіктің сенімді қалқанына айналды. Мұнда заманауи бақылау жүйелері, бейнебақылау желілері мен ұшқышсыз ұшу аппараттары қолданылады. Бұл – уақыт талабына сай бейімделген, үздіксіз дамып келе жатқан құрылым.
Департаментке қарасты шекара басқармалары мен бөлімшелер халқымыздың қаһарман ұлдарының есімдерін иеленіп, ұлттық рухты асқақтатып отыр. Жамбыл ауданында – халық қаһарманы, жазушы Бауыржан Момышұлының атымен аталатын шекара бөлімшесі, Меркі ауданында – Кеңес Одағының батыры Сәду Шәкіров және Сыпатай, Андас, Жауғаш, Аспара батырлардың есімдері берілген бөлімшелер бар. Ал Қордай ауданында – Қордай, Қарасай және Өтеген батыр атындағы бөлімшелер қызмет атқаруда.
Бұл атаулар — шекарашылардың бойына рух береді, ұлт намысын ұлықтайды. Әрбір бөлімшенің туы астында – ел қорғауға ант берген ұл-қыздардың батырлық дәстүрі мен адалдық анты жатыр.
Бүгінде бұрынғы 2035 әскери бөлімі – тәуелсіз елдің қауіпсіздік тарихында айрықша із қалдырған құрылым. Оның базасында құрылған Департамент бүгінде шекара қауіпсіздігінің жаңа дәуірін бастап, еліміздің оңтүстік қақпасын мызғымас бекініске айналдырды. Тараз шекара жасағының өткені – бұл батылдық пен адалдықтың, ұлтқа қызмет етудің символы, ал бүгіні – жаңарған, заманауи, қуатты шекара жүйесінің бейнесі.
Тараз өңірінің әрбір шекарашысы – осы тарихтың жалғасы, осы рухтың иесі. Олардың саптағы адымдары мен жүректегі серті – мемлекеттің тәуелсіздігі мен бейбіт аспанының кепілі.

А.ЖЕКСЕНБИН,
«ОС-ЧР» әскери журналисі.Капитан

Таңдаулы материалдар

Close