Basty bet

Мұқтаж жандарға қамқорлық жасау – ең игі іс

«Қайырымдылық жасасаң,
Қайырын өзің көресің», дейді қазақ xалқы. Қайырымдылық – адамзат бойындағы ерекше бір қасиет болып саналады.
Қайырымдылық ізгіліктің, адамның адамға деген таза ниетін, адамгершілік қарым-қатынасын көрсететін адамдардың бір-біріне деген сүйіспеншілігі мен көмегі.

Қазіргі таңда елімізде түрлі іс-шаралар мен акциялар, қайырымдылық қорлары арқылы қол ұшын созатын ізгі жандар көбейіп келеді. Қайырымдылық жасауға мемлекет тарапынан да көп көңіл бөлініп отыр. Жақсылық жасайтын жандар әрқашан және әркезде табылады.
Осыған орай, Шақпақ ауылдық округінің жастар ісі жөніндегі инспекторы, қайырымдылық шараларының басында жүретін Ақжан Ахметовпен сұхбаттасқан едік.
Өздеріңізге белгілі, Шақпақ ауылдық округінің әлеуметтік парақшаларын жүргізіп, көмек қолын созған жандарға қаржы жинастырып, қайырымдылық істердің басында жүретін де осы – Ақжан Ахметов десек қателеспейміз.
– Адам өміріндегі ең игі істердің бірі – мұқтаж жандарға қамқорлық жасау. Адамдар бір-біріне қайырымдылық, мейірімділік таныту арқылы жақсылық жасайды. Қамқорлықты қажет ететін жандарға қол ұшын беру арқылы адам баласы жақсылыққа қадам басады, – деп бастады сөзін ол. – Округімізге қарасты Ынтымақ ауылының тұрғыны Әсілхан Ратаев ағамыздың отбасында күз айында оқыс оқиға орын алды. Қысқа жинаған мал азығы – 1 200 түк шөбі отқа оранды. Ауыл тұрғындары аяқтарынан тік тұрып, өртті сөндіруге бар күштерін салды. Өкінішке қарай, шөп түгелдей өртеніп кетті. Алайда ауыл белсенділері Құлажан Жапарбаев, Хамит Сыздықбаев, Данияр Алманов сынды азаматтар белсенділік танытып арнайы ауыл үшін ашылған әлеуметтік желілер арқылы ауыл тұрғындарын көмекке шақырды. Нәтижесінде ағамызға ауылдық округ азаматтарының көмегімен 1500 түк шөп бір күнде жиналды.
Одан бөлек, «Әр қазағым – жалғызым» дейтін жанашыр жандар шақпақтық жерлесіміз, Үшкемпір Асылбек Ғалымжанұлының ауыр дертке шалдығуына байланысты, науқасқа ота жасауға 5 күн қалғанда екі миллионға жуық қаржы жинап бердік.
«Жүрек жылуы» атты қайырымдылық шарасында Амансай ауылының тұрғындары Еркінбек Кемелов ағамызға және Зәуре Дәулетбаева әпкеміздің үйіне көгілдір отын кіргізіп беру үшін жұртшылық болып қаражат жинадық. Нәтижесінде, «Кемеловтар отбасына жылулық сыйлайық» атты акциясы аясында қаражат екі күнде жиналып, 1987 жылы туған ауыл азаматтары азаматтық танытып ішкі жұмыстарын мойындарына алып үй ішіндегі жылу құбырларын ауыстырып, пеш орнатып берді. Сонымен қатар, кәсіпкер ағамыз Әнет Көпбаев өз отбасының атынан газ плитасын сыйға берді. Газ тарту барысында дәнекерлеу жұмыстарына атсалысқан Ерлан Ормаханұлына және электр желісін реттеуге септігін тигізген Жалғас Дәулетұлына алғысымызды білдіреміз, – дейді Ақжан Ілиясұлы.
«Жүрек жылуы» қайырымдылық акцияларының ұйымдастырушылары Құлажан Жапарбаев және Ақжан Ахметов сияқты азаматтардың ісі көпке үлгі боларлықтай.
Жастардың ендігі жоспары – ауылдан әлеуметтік сала маманымен бірлесе отырып қайырымдылық дүкенін және жаңа 2023 жылдан бастап, ауылдың «Қайырымдылық қорын» ашу. Мұндағы мақсат – арнайы пошта арқылы есеп-шот ашылып, ауыл тұрғындарына көмек есебінде ақша аударып отырса болады.
«Бұл «Қайырымдылық қорына» жиналған қаржыны арнайы комиссия мүшелері қадағалап отырады. Ауылда түрлі жағдай орын алған болса, осы қаржы игі істерге жұмсалатын болады. Қор туралы ауыл тұрғындарына, ауыл ақсақалдарына, жастарына айтқан болатынбыз. Бұл жоспарды қолдағандар көп болды» дейді Ақжан Ахметов.
Сондай-ақ, Шақпақ ауылдық округі тұрғындары үшін ашылған «WhatsApp», «Facebook», «Instagram» әлеуметтік желілері де ұдайы жұмыс жүргізіп отыратынын айтады қоғам белсендісі.
Иә. Осындай азаматтарды көргенде, ісіне қарап сүйсініп, көңіліңе қуаныш сезімі ұялайтыны жасырын емес. Жақсылық жасау – имандылықтың, тәрбиеліліктің, парасаттылықтың айқын көрінісі. Бұл игі істер, басқа да ауылдарға үлгі болатынына сеніміміз мол.

Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close