Basty bet

Павловня жерсінсе, пайдасын жұрт көреді

Бәйтеректегі көгеріштендіру жобалары кісі қызығарлықтай

Ақтөбе ауылдық округінде соңғы кездері көріктендіру, көгеріштендіру және жасыл белдеу құру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар көңіл көншітерлік. Мәселен, округ орталығы – Бәйтерек ауылына кіреберіс жол айрығында бос жатқан екі гектар алап игеріліп, арша көшеті отырғызылған. Күтімі дұрыс болса, таяу болашақта бұл маңнан қылқанды орман өсіп шықпақ.
Округ әкімі Көбейсін Хайралаповтың бастамасымен былтыр Сарыағаш тұқымбағынан 600 түп арша көшеті әкелініп, отырғызылды. Бақтың аумағы толығымен аласа еуроқоршаумен қоршалған. Қазір аршаның 80 пайызы тамыр жайып, өніп, бойлап өсе бастаған. Бақтың күтімімен қоғамдық ақылы жұмысшылар мен арнайы агроном шұғылданады.
– Аршаны табиғаттың өкпесі деп айтсақ та болады. Ол көміртегі газын бойына сіңіріп, орнына оттегі бөліп шығарады. Сол үшін бұл ағаш түрін әдейі таңдадық.
Бақ су көзі жақсы келетін жерде. Бой алған ағаштар жүйелі түрде суғарылып, қатар аралығындағы арамшөптері оталады. Одан бөлек, зиянкестер залал келтірмеуі үшін жапырақтары мен діңі карнивин деп аталатын препаратпен өңделеді. Енді бір аз уақытта бақ көркейіп, жастар мен тұрғындардың демалыс аймағына айналатын болады, – дейді Көбейсін Есқалиұлы.
Бақтың шет тұсында оқшау тұрған бірнеше дараққа еріксіз көз түседі. Ол павловния деп аталады екен.
– Павловния немесе Адам дарағы әлемде тамаша құрылыс материалы ретінде жақсы таныс. Ол Алюминий ағашы деп те аталады. Жоғары тығыздығымен ерекшеленеді, оған қоса, жеңіл өңделеді. Ағаш шеберлері оны беріктігі, тегістігі мен ақаулардың жоқтығы үшін таңдайды екен.
Павловния ағашын үй салуға көп қолданады. Басты артықшылығы ақаусыз, жылдам кебетіні әрі оңайлықпен сынбайтыны. Одан жалюзи, қадалар, арқалықтар, жабындар, итарқа, паркет, қаптау материалдары, есік-терезе жақтаулары мен кез келген жиһаз дайындалады. Бұл жақтағы ағайынға бейтаныстау дарақты осында жерсіндіру үшін биыл алты көшетін арнайы әкеліп, оырғыздық. Егер бұл ағаш біздің жерімізге жерсініп кетсе, алдағы уақытта оның санын көбейту жоспарда бар, – дейді ауыл әкімі.
Аршадан бөлек әкімдік ауылдың орта тұсынан бір гектар жерге қарағай бауын да жайластырған екен. Көшеті Сарыағаш тұқымбағынан алдырылған. Мал түсіп кетпеуі үшін аумағы темір қоршаумен қоршалыпты. Бұл бау да ерекше күтімге алынып, суғарылып, арамшөптері жұлынуда.
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close