Basty bet

“Оқушы дарынды болса, мұғалімге екі есе қабілет керек”

№1 Шерхан Мұртаза атындағы мектеп-гимназияның педагог-психологі Мира Өскенбаеваның ұстаздық санаты педагог-шебер. Еліміз бойынша педагог-шебер психологтар әзірге үшеу-ақ болса, оның біреуі Мира Аманжолқызы.

Педагог-психолог 2012 жылы психология ғылымдарының магистрі атанды. Дәл осы жылы «Мектептердегі психологиялық қызметті жетілдіру» кітабын жазып, қорғап шықты. Бүгінде бұл кітап республика көлемінде мектеп психологтарына таралған.
2013 жылы республикалық «Үздік психолог» байқауына қатысып, 83 психологтың ішінде жүлделі ІІ орынды жеңіп алды.
2018 жылы «Мамандық таңдау» атты кітап жазып, республикалық «Үздік педагог» байқауына қатысып, марапатқа ие болды.
23 жылдық еңбек жолында ҚР Оқу-ағарту министрінің Құрмет грамотасын екі рет иеленді.
2022 жылдан бастап ҚР Оқу-ағарту министрі тарапынан педагогтарды аттестациялау комиссиясының мүшесі.
Республика күні мерекесінің қарсаңында Мира Аманжолқызымен кездесіп, білім саласындағы реформалар, жаңашылдықтар және мұғалім біліктілігінің ұрпақ болашағындағы маңызы туралы әңгімелескен едік.
-Еліміз Тәуелсіздік алғалы білім саласы Үкіметіміздің басты назарында. 2004 жылдан бастап Ұлттық бірыңғай тестілеу енгізілді. Бұл – оқушы мен мұғалімнің білім деңгейін сарапқа салатын сынақ. 2012 жылдан бастап мұғалімдердің кәсіби біліктілігін арттыру үшін «Үздік педагог» байқауы енгізілді.
Оқушыларға стимул болу үшін 1999 жылы «Алтын белгі» төсбелгісін беру қолға алынды.
«Болашақ» бағдарламасы енгізілді. Бұл – білімді, қабілетті жастардың шетелде білім алып, тәжірибе жинап елімізге келіп, елімізді дамытуға үлес қосуда таптырмас бағдарлама.
«Педагог мәртебесі» туралы заң қабылданды. Соңғы жылдары елімізде қаншама «Жайлы мектеп» бағдарламасымен заманауи мектептер бой көтеріп, пайдалануға берілді. Бұл білім саласындағы реформалар мен жаңашылдықтардың бір парасы ғана,- дейді психолог. Шынында білім саласында қаншама өзгерістер орын алды. Мәселен, біздің ауданның өзінде ауыл-ауылда қаншама жаңа мектептер ел игілігіне берілді.
Қоғамда білікті психологқа деген сұраныс жоғары. Яғни, көптеген психологтарға ата-аналардың көңілі толмай жатады. Сондықтан психологқа жоғары оқу орында алған білімімен бірге өте көп ізденіс керек. Бұл пікірді Мира Аманжолқызы да қуаттайды.
-«Оқыту дегеніміз – екі есе оқу» деген сөз бар. Мұғалім сабағына жәй бармауы керек. Ол оқушылардың алдына жан-жақты біліммен қаруланып бару керек. Мұғалім оқушының кез келген сұрағына сауатты жауап бере алуы тиіс. Егер оқушы дарынды болса, мұғалімге екі есе қабілет керек. Яғни, өз пәніне дайындалып қана қоймай, сабақты бүгінгі жағдаймен, өмірмен байланыстырып түсіндірген дұрыс. Бұрын біз оқушы кезде мұғалімдер сабақта алғашқы бес минутта елдегі жағдайды айтып өтуші еді. Сонымен бірге әрбір мұғалім оқушыны әділдікке, шынайылыққа, қамқорлыққа тәрбиелеу керек.
Қазір ақпарат көп. Мұғалім соның барлығын өзі сүзгіден өткізіп, дұрысын балаға жеткізе білгені дұрыс. Себебі, әр баланың қабылдауы әртүрлі. Тәрбие мен білімді баланың жүрегіне жеткізу үшін әр балаға әртүрлі жолмен жол табу керек.
Қазір мұғалімге кәсіби шыңдалуға мүмкіндік көп. Қаншама құнды кітаптар бар. Оның барлығын оқу керек. Қанша көп оқып, түрлі конференцияларға қатысып, дәріс алсақ та білгенімізден білмегеніміз көп. Сондықтан заман ағымынан қалмай білім алуымыз керек.
«Ынта болса адамда, қиын іс жоқ ғаламда» демекші, өзінің мамандығын жақсы көрген адам үшін еш қиындық жоқ,- дейді Мира Аманжолқызы.
Сөз соңында ұлағатты ұстаз Республика күніне орай игі тілегін жеткізді.
-Биыл еліміз Тәуелсіздікке қол жеткізгеніне 33 жыл толады. Ең бастысы, ел аман, жұрт тыныш болсын.
Әрбір отбасында жағымды психологиялық ахуал болсын. Адамдар негативпен емес, позитивпен өмір сүрсе, барлығы да жеңіл болады. Себебі, көп мәселе адамның қабылдауында. Сондықтан әр нәрсені жеңіл, жақсы жағынан қабылдап, барды бағалап, шүкіршілік етіп, ерінбей еңбек етейік. Еңбегіміз берекелі, қайырлы болсын!
Республика күні құтты болсын!,- дейді ол!

Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close