Basty bet
Түлектің тамаша тартуы
Мектеп – біліммен сусындатып, үлкен өмірге қанат қақтырған киелі шаңырақ. Сонымен қатар, балалық шақ пен қызықты күндердің куәсі. Сол себепті де, мектепке қадам басқан әрбір жан жастық дәуренін еске алып, бір жасаратыны бар.
Түлектердің ұшқан ұяға сағынышпен оралып, өздеріне білім беріп, тәрбие жолын ұсынған ұстаздарына тағзым етуі қандай жақсы. Биыл №2 Мыңбұлақ орта мектебінің 1996 жылғы түлегі Нүрила Мәлібекова игілікті дәстүрдің тағы бір түрін жаңғыртты. Бұл дәстүр көпке үлгі боларлықтай игі іс деп білеміз. Қазақта «Туған жерге туыңды тік» деген сөз бар. Алыс-жақында жүрген азаматтардың өз ауылына, мектебіне қолдау көрсетуі – азаматтық жауапкершіліктің айқын көрінісі.
Еске сала кетейік, биыл аудан бойынша 11 сыныпты аяқтаған 649 түлектің 24-і «Алтын белгі» төсбелгісін, 72-сі «Үздік аттестат» иеленді. Соның ішінде, Қайрат ауылындағы №2 Мыңбұлақ орта мектебінде екі «Үздік аттестат» иегері бар. Міне, сол үздік аттестат иегерлеріне Нүрила Эдиханқызы аттестат тапсыру рәсіміне арнайы қатысып, өз атынан қаржылай сыйлық табыстады. Нақтырақ айтсақ, әр оқушыға 100 мың теңге көлемінде бір реттік шәкіртақы сертификаты ұсынылды. Ал тамаша тарту жасаған түлектің басты мақсаты – аудан оқушыларының білім деңгейінің артуына себепші болып, үздіктердің қатарынан көрінуге ынталандыру болса, біздің мақсат – осындай жандардың жасап жатқан қайырымды істерін мақаламызға арқау ете отырып, көпке үлгі ету.
Н.Мәлібекова қазіргі таңда аудандық мәслихаттың депутаты ретінде қолдан келгенше ауылдың гүлденуіне атсалысып, қаржылай қолдау көрсететінін де айта кеткен жөн болар. Одан бөлек, 2021 жылдан бастап аудандық Іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы. Әйелдер қауымына кәсіп бастап, дамуына септігін тигізіп қана қоймай, бүгінде «Topjargan» оқу орталығында 10 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, 300-ге жуық шәкірт тәрбиелеп отыр. Онымен қоса, «Кәсіптік бағдар беру» курсын өткізіп, тұрғындарды жұмыспен қамтуға да үлесін тигізуде. Бұл аталған жұмыстар бір-бірімен тығыз байланысты екені белгілі. Мұндағы мақсат біреу – халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, ауданның, оның ішінде, өңір тұрғындарының әлеуметтік жағдайын көтеруге атсалысу.
Аида ТҰРҒҰМБЕКОВА,
«Жаңа өмір»