Basty bet

Тіршілігі қайнаған, тұрмыстары жайнаған…

нұрлыкенттік диқандар бақша дақылдарынан мол өнім жинау үстінде

Қасиетті Жуалы өңіріне қарасты қайсыбір ауылдық округті немесе қай ауылды алып қарасаңыз да жыл он екі ай еңбек етіп, табан ақы, маңдай терді төгу арқылы отбасының тұрмыстық табысын арттырып жатқан еңбекқор азаматтарды көресіз. Бұл бір жағынан заңды да. Біріккен істің ырыс, берекесінің мол болатынын түсінген ауыл азаматтары күш біріктіру арқылы туған ауылға ортақ игіліктерді де арттыруда. Қалай десек те, адал еңбектің ғана асыл мұратқа жеткізетінін жақсы түсінетіндері жылдың қай мезгілінде де еңбектен қол үзген емес.

Біздің таулы өңірдегі аудан негізінен ауыл шаруашылығы саласына бейімделген. Күнделікті күнкөріс пен тұрмыстық табысты арттырудың ең пайдалы жолы да осы. Бұл мақсатта өңірде ауыл шаруашылығы дақылдарының бірнеше түрі егіліп, бапталады. Мал азығына арнап егілетін арпа, бидай, мақсары, жоңышқадан бөлек, аудан орталығына іргелес орналасқан Нұрлыкент ауылдық округінің тұрғындары көбінесе диқаншылықты кәсіп етіп, көп жылдан бері бау-бақша дақылдарын дәстүрлі өсіріп келеді. Ауданда егілетін қырыққабат, сәбіз, басқа да бау-бақшалық көкөністің бірнеше түрі аталған округке тиесілі. Биыл жергілікті диқандар 70 гектарға жуық алқапқа қырыққабат және бау-бақша дақылдарын егіп, күтіп-баптады.
Күзге салым басталатын жиын-терін науқаны кезінде диқандардың жыл бойы еткен қажырлы еңбегі ақталып, бау-бақша дақылдарынан мол өнім жинау үстінде. Маңдай терді төгіп еткен еңбектің жемісін көру – кім-кімге де үлкен қуаныш.
Диқандардың ауылы саналатын Нұрлыкентте биыл күздегі жиын-терін науқаны әлі де қызу жалғасу үстінде. Қырыққабаттың дені жиналып болса, ендігі кезекте жергілікті диқандар сәбіз жинауға кірісті. Ауылдың қай көшесіне барсаңыз да, көшеде немесе жекелеген аулаларда сабағымен үйілген сәбізді көресіз. Оны сабағынан ажыратып тазалап, қаптарға салу үшін ауыл тұрғындары көмек көрсету үстінде.
Биыл ауыл сыртындағы егістік алқапқа азықтық сәбіз егіп, баптаған диқанның бірі ауыл тұрғыны – Оразғали Қожамқұлов. Диқаншылық кәсібімен 20 жылға жуық уақыттан бері тұрақты айналысып келе жатқан еңбексүйгіш азамат биыл 1,5 гектар алқапқа сәбіз егіп баптағандарын айтады. Бұл отбасылық кәсіптің түрі болғандықтан, сәбіз тұқымын алқапқа еккеннен бастап, оған тұрақты күтім жасау жұмыстарын отбасы мүшелерімен бірге атқарады. Бұл іске Оразғалидың жұбайы Алтынай Ержанова және көршілес тұратын немере інілері де тұрақты жәрдем беру үстінде. Жиын-терін жұмыстарына бір аптаға жуық уақыт жұмсалады. Қолайлы ауа райын пайдаланған олар аталған науқанды аптаның соңына дейін толық аяқтауды жоспарлап отыр.
Жұмыстың негізгі жай-жапсарына тоқталатын болсақ, қазір алқап басынан қазылып, трактор тіркемесімен үйдің ауласына жеткізілген азықтық сәбіз өнімі осында сұрыпталу үстінде. Оған отбасы мүшелерімен бірге, көрші-қолаңның әйелдері де қол жәрдемін беруде. Сұрыптап, қаптауға 10-нан астам адам жұмылдырылған. Сұрыпталған өнім үлкен қаптарға салынып, әзірше есіктің алдына жиналуда. Клиенттер өнімді өздері үйден алып кететін көрінеді.
-Сәбізді сақтайтын үлкен қоймамыз жоқ. Өнімді сақтаудың талаптарын жақсы білмесеңіз, оны бүлдіріп алуыңыз мүмкін. Сондықтан қаптарға салынған өнім балғын күйінде базар және дүкен сөрелеріне жеткізіледі. Біздің міндет – өнімді барынша сапалы түрде өсіріп-өндіріп, тиімді бағамен алымсақтың қолына тапсыру. Өнім ары қарай Қазақстанның әр өңіріне жүк көліктерімен жеткізіледі.
Биыл алқапқа егілген сәбізден алынған өнім ойдан шығып отыр. Баға да көңілге қонады. Бізге одан артық не керек? Еңбегіміз ақталса болды. Негізгі отбасылық кәсіптің түрі осы. Диқаншылықпен күнкөрісті арттырып, жан бағумен қатар, балаларды да жоғары оқу орындарында оқытып, үйлендіріп-жайландырып жатқан жайымыз бар. Бір сөзбен айтқанда, бір гектар жер бір отбасыны асырауға жетеді. Тек оған мейірім төгіп, жақсылап қарау керек. Сонда ғана мол өнімге қол жеткізуге болады. Еңбексіз ештеңе де өнбейді. Онсыз ешқандай жетістіктің жоқ екені белгілі. Көктемнен бастап, жаз бойы алқап басында еңбек еттік. Енді жемісін көрсек дейміз. Алла тағала осы тірліктің ырыс-берекесін берсін,- дейді жергілікті диқан Оразғали Жақыпбайұлы.
Еңбексүйгіш диқан отбасы Қожамқұловтар бұдан бұрын Өзбекстан Республикасына қарасты Қарақалпақстанның Нөкіс ауданының Шортанбай совхозында тұрғандарын айтады. Аталған совхоз негізінен күріш егумен айналысқан. Оразғали ағаның айтуынша, оның ата-аналары колхоз еңбеккерлері болыпты. Ал өзі де ата-анасының жолын қуып, техникалық училищені механик мамандығымен бітіргеннен кейін қасиетті Жуалы жеріне қоныс аударғанша совхозда механизатор болып еңбек еткен. Ол ұжымшарда еңбек ете жүріп, диқаншылықтың қыр-сырын барынша меңгереді. 2006 жылы Нұрлыкент ауылына қоныс аударған тұста оның пайдасы көп тиді. Диқаншылық кәсібі – олардың негізгі күнкөрісі мен табыс көзі деуге әбден болады.
Диқанмен әңгіме барысында үйдің жанында тұрған үлкен сары кабиналы ЮМЗ маркалы тракторды байқадық. Диқаншылық кәсіпті ұлғайтып, оны кеңейту ісінде бұл техниканың көп көмегі тию үстінде. Ағайынды Қожамқұловтар жылына үш-төрт гектар егістік алқапты өз күштерімен және осы трактордың көмегімен тиімді игеріп отыр.
Иә, еңбекқор жандардың тірлігіне қанық болдық. Ендігі кезекте олардың отбасына да тоқталғанды жөн көріп отырмыз. Ерлі-зайыпты Оразғали мен Алтынай апай 1989 жылы шаңырақ көтеріп, отбасында үш ұл, үш қыз тәрбиелеп өсіргендерін айтады. Әзірше ұлдарынан бір келін түсірсе, екі қызы өмірден өз орындарын тапқан. Олардан үш немере сүйіп отыр. Отанасы алты баламен зейнеткерлікке шыққан. «Күміс алқа» алқасының иегері. Жыл он екі ай бойы тіршілігі қайнап, сол арқылы тұрмыстары да жайнаған ауылдың ахуалы жақсы деп айтуға толық негіз бар.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close