Basty bet
Бірлік пен отаншылдық сезім болмаса, ілгерілеу де болмайды
1 қыркүйек күні Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев дәстүрлі халыққа Жолдауын жолдады.
“Әділетті Қазақстанның экономикалық бағдары” атты Жолдауда көптеген мәселелер көтерілді. Оның ішінде сыбайлас жемқорлық, халықтың қаржылық сауаттылығын көтеру, жас ұрпақ тәрбиесіне қатысты мәселелерге тоқталғым келеді. Бұлар елдің дамуы үшін ең маңызды мәселелер. Өмірде көп мәселе адамның ниетіне, көзқарасына, ойлау жүйесіне байланысты. Сондықтан мемлекетшіл, жанашыр, ынтымақшыл, еңбекқор, білімді жастар көп болған сайын елімізде даму, ілгерілеу, бәсекелестік те жоғары болады. Жастар мықты болуы үшін оларға бағыт-бағдар беретін үлкендер, аға буын мықты болуы тиіс.
“Әрине, даму жолымыз әрдайым теп-тегіс, даңғыл болмайды. Ешкім де сырттан келіп, Қазақстанды көркейтіп жібермейді. Ол үшін еліміздің әрбір азаматы заман талабына сай болуға тиіс. Жалпы, халқымыз осындай дағдарыс кезінде біртұтас болуы керек. Басқа жол жоқ.
Әділетті Қазақстанды құрамыз десек, саяси-экономикалық реформа жасау жеткіліксіз. Ең бастысы, қоғамдық сана, азаматтардың ниеті өзгеруі керек. Онсыз басқа жұмыстың бәрі бекер. Мен бұл туралы Ұлттық құрылтайдың екінші отырысында нақты айттым.
Ұлттың жаңа сапасын қалыптастыру еліміз үшін айрықша маңызды. Әрбір азаматымыз, әсіресе, жастар ең жақсы қасиеттерді бойына сіңіруі қажет. Оның бәрі бірігіп, біртұтас қоғамдық қасиетке айналады.
Әркім отаншыл, білімпаз, еңбекқор, тәртіпті, адал, әділ, үнемшіл әрі жанашыр болса, алынбайтын асу жоқ. Абайдың “Толық адам” ілімінен бастау алатын “Асыл азамат” тұжырымдамасының түпкі мәні – осы” деді Мемлекет басшысы халыққа Жолдауында. Президент Жолдауын осылай қорытындылауы жайдан-жай емес. Себебі, барлық істің жүзеге асуы үшін ең бірінші халықтың ауызбіршілігі мен отаншылдығы, еңбекқорлығы мен адалдығы аса қажет.
Перизат Шымыртайқызы,
аудандық “Жаңа өмір-Новая жизнь” қоғамдық-саяси газетінің бас редакторы.
“Amanat” партиясы Жамбыл облыстық филиалы
саяси кеңесінің мүшесі