Basty bet

Еңбекпен өрілген өнегелі өмір

еңбек ардагері Оңғарбек Қорғанбайұлының өмір жолынан бір үзік сыр

Қарасаздық қария, еңбек ардагері Оңғарбек Қорғанбайұлын жергілікті жұртшылық пен ауылдастары еңбек майталманы, қадірлі қария ретінде жақсы таниды. Қазіргі Шақпақ ауылдық округінің аумағындағы бұрынғы Бірлік ауылында 1942 жылы дүние есігін ашқан бала Оңғарбек еңбекпен, қиыншылықпен есейді. Соның арқасында болу керек, өмір жолында кездескен қиыншылықтардың барлығына төтеп беріп, шыңдалып өсті. Бүгінде Қарасаз ауылында өркен жайып отырған үлкен әулеттің бас иесі. Ауыл-аймақтың ақыл сұрар ақсақалына айналып отырған жайы бар.
-Біз соғыс жылдары туған ұрпақпыз. Әкеден үш бала қалғанбыз. Бір отбасында әпкем және Сатыбалды деген ағам және кенжесі мен бірге өстік. Қазір сексен бес жасқа келген үлкен ағамның көзі тірі. Онда Шақпақ тауының бөктеріндегі Шахтаның жанында Сұрым Шанышқылы руының Бірлік деген ауылы болатын. Сонда туып, сонда есейдік. Соғыс жылдары туған біздің буында қайбір бақытты балалық шақ болды дейсің, шырағым?!

Бала кезімізде қиыншылықты көп көрдік. Небәрі жетікластық білімім бар. Орыс тілін де жарытып жақсы білмеймін. Мектепті бітіргеннен кейін біраз жыл ауылда жұмыс істеп, кейін 1961 жылы әскер қатарына алындым. Алғаш Түркіменстанда, одан кейін негізгі азаматтық борышымды үш жыл үш ай уақыт Германия жерінде өтедім. Әскерде спорттық ротада болдым. Жастайымнан классикалық күрес түрімен айналысқанымнан болар, әскерде оның көп көмегі тиді. Әскерден келгеннен кейін үйленіп, отбасын құрдым. Содан бергі өмірімнің көп бөлігін еңбекке, ауыл-аймақтың дамуына арнадым. Отбасында асыл жарым Патима Сыздықбайқызы екеуміз барлығы сегіз ұл-қыз тәрбиелеп өсірдік. Құдайға тәуба. Осы күнге аман-есен жеттік,- дейді бүгінде сексеннің сеңгірінен асқан Оңғарбек қария.
Біле білген адамға жақсы қартая білу де – өнер. Сексенге сергек жету дегеніміз – бүкіл саналы ғұмырыңды жақсы істерге және адал еңбек етуге арнау деген сөз емес пе. Еңбек етпеген адамның жағдайы елсіз даладағы ғаріп жолаушымен бірдей болатынын жастайынан жан-жүрегімен ұғынған біздің кейіпкеріміз әскерден келгеннен кейінгі өмірін сол тұстағы совхоздың дамуына, сол арқылы ауылдың өркендеуіне арнаған адам. Оның 82 жылдық саналы ғұмырының 40 жылға жуық уақыты еңбек майданында өтті. Оңғарбек Қорғанбайұлының негізгі мамандығы жүргізуші. Бұрынғы К.Маркс совхозында жүргізуші, кейіннен механикалық колоннада (ПМК) кран жүргізуші, колонна жабылғаннан кейін аудан орталығындағы «Межколхозстрой» құрылыс мекемесінде кран жүргізушісі болып жұмыс істеп, алдыңғы қатардан көрінгені бар.
«Өзі жақсы адамға бір кісілік орын бар» демекші, ниеті түзу, пейілі таза әрі тура жүріп, тура сөйлейтін еңбекқор жігіт ағасына Патима Сыздықбайқызындай жақсы жардың кездесуі де жақсылықтың нышаны емес пе?! Екі бірдей жақсының бірігіп құрған өнегелі отбасында алты қыз, екі ұл тәрбиеленіп, олардың барлығы еңбекке жақын болып өсті. Бір өкініштісі, әулеттің үлкен ұлы Ербол мезгілсіз қайтыс болды. Орнында бардың оңалатыны бар емес пе. Атпал азаматтың артында қалған үш ұл-қызы қарияның көңіліне медеу.
Қазір қарияның қолында тұратын кенже ұл Ерғазы мен келіні Нұргүл үлкен үйде өнегелі ұрпақ өрбітуде. Олар ата-анасы құрып, аяққа нық тұрғызып, жұмысын бастап берген шаруашылықтың жұмысын лайықты жалғастыруда. Шаруашылықта төрт түліктен – жылқы, сауынды сиыр және қой бағылады. Бір жылдары «Сыбаға» бағдарламасымен қомақты несие алып, малдың басын көбейткендерін айтады шаруашылық мүшелері. Қожалықтың иелігіндегі 50 гектардан астам егістік жерден негізінен малдың қыстық азығы дайындалады. Жер өңдейтін техникалары да шаруашылық ісіне сай.
-Өмір жолымды тақтайдай тегіс болды деп айта алмаймын. Жүргізуші болып еңбек еткен жылдары көбінесе далада ыстықта, суықта да жүрдік. Содан денсаулыққа да біраз нұқсан келді. Өмірдің аты – өмір. Оған ешқашан мойыған емеспін. Балалар аман болса, немерелер «Аталап» алдыңнан жүгіріп шықса, ел-жұртың мен ауылың аман болып, айналаңа сыйлы болсаң, біз сияқты қарияға одан артық қандай бақыт керек. Құдайға тәуба. Осыншама ұзақ ғұмыр берген Ұлы Жаратушыға күн сайын сыйынып, тағзым етемін,- дейді қария.
Оңғарбек қариямен өмірдің өткелдерінен бірге өтіп, 58 жыл бірге отандасқан асыл жары жақында ғана өмірден озыпты. Қос қария ұл-қыздарынан 34 немере және 24 шөбере сүйді.
Қариясы бар ел – қазыналы. Оңғарбек қария қазіргі таңда ұрпақтарына ақыл айтып, оларға ұлағатты тәрбие берумен қатар, мұсылманның бес парызын орындап, Құдайға құлшылық жасауды басты парызы деп санайды. Одан бөлек, ол халық дәстүрінің бір тармағы саналатын батаның түрлерін жаттап, оны жас ұрпақтың бойына сіңіру үстінде. «Атадан бота қалғанша, бата қалсын» деп білетін халқымыз үшін бата беру дәстүрінің мән-мағынасы ерекше екені белгілі. Оңғарбек қария бүгінде батаның 40-қа жуық түрін жатқа біледі. Ол жақында аудан орталығында ұйымдастырылған «Ақ бата» батагөйлер байқауына қатысып, үшінші орынға қол жеткізген батагөй қарияның бірі.
«Жақсы қария – жан досың» деген ұғым бар. Жұмыс барысымен, журналистік іссапарлармен өңірге қарасты ауылдарда көп боламыз. Осындайда ауыл ағаларымен, қариялармен кездесіп, көп сөйлесеміз. Осындайда ел ішіндегі қариялардың ауыл-аймақтың ынтымақ-бірлігін арттырудағы рөлін ерекше атап өтпесек, бізге сын.
Қарасаздық Оңғарбек қариямен әңгімелесе отырып, ол кісінің бойынан ерекше қасиеттерді байқағандаймыз. Нағыз балуанға лайықты бітім-болмысы мен тура сөйлейтін қасиеті бір бойына жарасып-ақ тұр. Еңбекпен өрілген өнегелі өмірдің бір парасы осындай. Қазынамыз бен қасиетіміз болған қарияларымыз аман болсыншы!

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close