Basty bet

Шет жерде шейіт болған…

Ұлы Отан соғысында қаза болған жуалылық жауынгерлердің жерленген орны белгілі болды

Жақында ауданға қарасты Шақпақ ауылдық округінің әкімшілік ғимаратында ел тарихы үшін ерекше мәні бар тағылымды жиын өтті. «Атамның аманаты» республикалық қоғамдық бірлестігі мен ауыл әкімшілігі бірлесе ұйымдастырған кездесудің басты мақсаты – Екінші дүниежүзілік соғыста туған жері мен елі үшін жанын қиған боздақтардың ерлігін ұрпақ санасына сіңіру және олардың қаһармандық жолын құрметпен еске алу.
Жиынға «Атамның аманаты» қоғамдық бірлестігінің бас маманы Бақытгүл Жексекеева, округтің әкімі Нұрбақыт Балтабаев, ардагерлер кеңесінің төрағасы Балтабай Көшербаев және майдангерлердің ұрпақтары мен ауыл тұрғындары қатысты.
Жиында ақсақалдар сөз алып, жастарға бейбіт өмірдің қадірін терең түсіндіріп, оларды қасиетті Отан мен туған жерді аялауға және Отан алдындағы перезенттік парызын адал атқаруға үндеді. Айта кету керек, бірлестіктің жүргізген іздестіру-зерттеу жұмыстарының нәтижесінде бұрын хабарсыз кеткен жерлес майдангерлердің мәңгілік мекені табылды.
Олардың қатарында: Нарымбетов Оймауыт, Сабыркулов Уалбай (Т.Дүйсебайұлы ауылы), Сағындықов Курмаш (Ынтымақ ауылы) және Жадыков Құттыбай (Бақалы ауылы) бар. Майдангерлердің мәңгілік тыныс тауып, жерленген орны нақтыланып, бұл жөніндегі ресми құжаттар ұрпақтарына табыс етілді.
Тағылымды жиынның соңында ауыл ақсақалдары ел қорғап, шет жерде шейіт болған боздақтардың рухына құран бағыштап, елдің тыныштығы мен амандығын тіледі.

Ақжан Ахметов,
Шақпақ ауылдық округі

Таңдаулы материалдар

Close