Basty bet

ҚАРИЛАР МЕШІТТЕ ҚҰРАН ХАТЫМ ТҮСІРУДЕ

Қайрат ауылындағы мешітте қасиетті Рамазан айының басталуымен дәстүр бойынша Тарауық намазында Құран Хатым оқыла бастады. Құранды ауылдың имамы Сауран Сарыпбековпен бірге “Балаби хари” медресесінің қарилары Хикметулла Рахматуллаев пен Абдурразақ Тұрапбаев және “Ықылас” медресесінен келген қари Шыңғысхан Пернебек түсіруде. Олар ұстаз Арман Қуанышбаев пен Нұржан Абдиевтің шәкірттері.

Ауыл имамы мен қарилар хатым Құран дұғасында, ең алдымен, Алла Тағаладан ел-жұртымыздың тыныштығын, отбасымыздың амандығын, деніміздің саулығын, жасаған ізгі амалдарымыз бен құлшылықтарымыздың қабыл болуын тілеуде. Алдағы ораза айтына, Рамазаннан Рамазанға аман-есен жетуге, сондай-ақ, Алла Тағаладан хатым Құранға қатысқандардың дұға-тілектерін қабыл етіп, үлкен сауаптардан жазсын деп дұға етуде.
Құран Хатым күніне екі рет оқылады. Яғни, бесін намазынан кейін және тарауық намазында.
– Құран түсірудегі мақсат – жерімізді, елімізді тазарту, – дейді Қайрат ауылының имамы Сауран Бекәділұлы. -Әрбір адамға өмірінде жылына бір рет Құранды оқып шығуы сүннет саналады. Осы адамның мойнындағы міндеті атқарылады. Екіншіден, Құранның әрбір әрпіне он сауап болса, оны намазға қосып оқитын болса, әрбір әрпіне жүз сауап жазылады. Ал, Рамазан айында бұл сауап жеті жүз есеге көбейтіледі. Оның пайдасы адамның жанын, тәнін, рухын тазартады. Елді, жерді, халықты жаманшылықтан тазартады. Яғни, Құран түсірудегі басты мақсатымыз тазалану арқылы, еліміздің амандығы мен тыныштығын, деніміздің саулығы мен отбасымыздың амандығын тілеу.
Бұл Рамазан айы – кешірім, тазару, жаңару айы. Сол себепті, қасиетті айда мешіттегі қарилар арнайы шақырылды. Олар Рамазан айында Құранның толық 30 парасын оқып шығады.
Ораза айында адамның ең жақсы амалы таң атқаннан кеш батқанға дейін ауыз бекітіп, ораза ұстауы. Оразада тек ішіп-жеуден ғана емес, жаман әдеттерден, ғайбат сөздерден бойын аулақ ұстауы қажет. Сонымен қатар, Рамазан айы біткенше пітір-садақасын беріп, шамасы келгенше ауызашар бергені абзал. Алладан истиғфар, тәубә сұрау керек.
Бұл ай мың айдан да артық ай. Бұл айда Құран түскен. Одан бөлек, дұға-тілектер қабыл болатын Рамазан айы Қадір түнімен ерекшеленеді. Сонымен қатар, дұға-тілектер кеш батып, аузын ашқан уақытта да қабыл болады.
Адамдар Аллаға құлшылық жасау арқылы тәубаға келіп, кешірім сұрап, жақсы, игі амалдар жасайды. Оразаны Құран Хатым оқумен, еңбек етумен, қайырымды іс жасаумен өткізген жөн.
Ендеше, қасиетті, сауабы мол Рамазан айында бойымызды жаман әдеттен аулақ ұстап, жақсы амалдар жасауға асығайық. Елдің амандығы мен тыныштығы үшін түсіріліп жатқан құранымыз қабыл болсын! Жердің беті тазарып, Алла тағала көктен жауын, жерден мол астық беріп, тыныштық, тоқшылық заман болсын! – дейді ауыл имамы.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close