Basty bet
Мерекелік шара балаларды қуантты
1 маусым – Балаларды қорғау күні мерекесіне орай аудан және аудандық «Мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту және бейімдеу орталығының» ұйымдастыруымен осында тәрбиеленушілерге арналған «Бала – біздің ерекше әлем» қайырымдылық концерттік бағдарламасы өтті.
Мерекелік шарада аудан әкімдігінің жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің қызметкерлері Айнұр Ұлтарақоваға және Ельмира Данияроваға сөз берілді. Олар аталған шараға келген балаларды мерекемен құттықтап, осындай ерекше бала тәрбиесімен айналысып жүрген ата-аналарға алғысын жеткізді.
Шараға жеткіншектер әсем әндері мен әдемі тақпақтарын әзірлей келіпті. Айдар Досымжанның және Ақниет Досымжанның орындауларында «Әке-ана», «Мерекем» әндері шырқалып, бүлдіршіндердің көңілін көтереді. Шараны ұйымдастырушыларға ата-аналар алғыстарын, жылы лебіздерін білдірді.
«Мүмкіндігі шектеулі балаларды оңалту және бейімдеу орталығының» басшысы Дамира Жолшанқызы жиналған балаларды мерекемен құттықтады.
Ол жүріп-тұруға мүмкіндік алған бүлдіршіндердің өмірі, жетістіктері бізді де қуантады, осындай ерекше балаларға тиісті көмектің нәтижесінде олардың тезірек қатарға қосылуына жәрдемдесуіміз керек деп өз сөзін қорытындылады.
Эльмира СҮЙІНБАЕВА,
«Жаңа өмір»