Basty bet

Егемен елдігіміздің еңселі нышандары

«Елтаңба, Ту, Әнұран – тәуелсіздігіміздің басты құндылықтарының көрінісі, бейбітшіліктің, бірлік пен келісімнің, өсіп-өркендеудің белгісі. Біз халқымыздың мүддесін қорғайтын күшті, беделді мемлекет құру жолында биік белестерге бірге жетеміз».

Қасым-Жомарт ТОҚАЕВ,
Қазақстан Республикасының Президенті

Биыл Тәуелсіз Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздерінің қабылданғанына 30 жыл толып отыр. «Елу жылда – ел жаңа» демекші, егемендік алған осынау орда бұзар отыз жылдың ішінде ел халықының мемлекеттік рәміздерге деген құрметі қаншалықты қалыптасты?! Әлбетте, еңселі елдігіміздің айшығына айналған айбынды нышандарымыздың орны әрдайым төрде, жоғарыда болуы тиіс. Елдің айбынын асырып, халықтың намысын қайрап, болашаққа жігерлендіретін елдіктің нышандарына құрмет толастамауы қажет.
Мемлекеттік рәміздер – ел дамуының ажырамас бөлігі. Сондықтан қазақстандықтардың осы рәміздерге деген құрметі, оларды бойтұмардай қастерлеуі ерекше сезіліп тұруы тиіс. Рәміздер арқылы елімізді бүкіл әлем таниды. Өйткені онда қазақ халқының бастан өткізген тарихы, мәдениеті мен дәстүрі көрініс береді. Жастардың отансүйгіштік сезімін оятады, патриотизмге үндейді, батылдыққа тәрбиелейді. Алғашқы жылдардағыдай емес, қазіргі кезде еліміздің Әнұраны мәтінін білмейтін жан кемде-кем. Ол насихаттың жемісі десек, қателеспейміз.
Рәміздер балабақшаларда да, мектептерде де, жоғары оқу орындарында да, мемлекеттік мекемелердің ғимараттарында да көрнекті орындарға орналастырылған. Балабақша бүлдіршіндері оң қолының алақанын жүрек тұсына қойып «Менің Қазақстанымды» шырқағанда ерекше бір сезімге бөленетінің, жігерленіп қанаттанатының рас. Бұл ел болашағы – жастардың өз Отанын, өз жерін, өз елін қорғауға деген сезімін оятып, сенімін нығайтатыны анық. Балабақша тәрбиеленушілері мен мектеп оқушылары еліміздің Әнұраны мәтінін ата-аналарынан да жақсы біледі десек, дұрыс айтқан болар едік.
«Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздері туралы» Конституциялық Заң 2007 жылы 4 маусымда қабылданды. Осы Заңға сәйкес, жыл сайын 4 маусым Қазақстан Республикасында Мемлекеттік рәміздер күні ретінде мерекеленеді.
Мемлекеттік рәміздер – бұл кез келген мемлекеттің егемендігі мен біртұтастығын бейнелейтін, оның ажырағысыз атрибуттарының бірі. Қазақстан Республикасында Мемлекеттік ту, Мемлекеттік елтаңба және Мемлекеттік гимн – мемлекеттік рәміздер болып табылады.
Еліміздің егемендігін, әлем елдерімен терезесі тең дәрежеде өз алдына дербес мемлекет екендігін айшықтай, айқындай түсетін рәміздеріміздің бірі – Елтаңба. Биыл Қазақстанның Мемлекеттік рәміздерінің қабылданғанына 30 жыл толып отыр десек, оның ішінде Мемлекеттік Елтаңбаның рөлі туралы көп айтуымызға болады. Мемлекеттік Елтаңбаның авторы, елімізге белгілі сәулетші Жандарбек Мәлібекұлы жақында Қарағанды облысына жағасан сапары (ҚР Мемлекеттік Рәміздерінің 30 жылдығына арналған тур) барысында Қарқаралы ауданының әкімдігінде өткен кездесуде Елтаңбаның тарихына қысқаша тоқталып, тақырып аясында әңгіме өрбіткенін ел газеті – «Егемен Қазақстаннан» оқып, таныстық.
Белгілі сәулетші Арқа өңіріндегі сапары барысында елдіктің нышандары туралы тереңнен ой қозғап, түрлі кездесулерге қатысып, сөз сөйледі. Мемлекеттік Елтаңбаның елдік салтымыздағы рөліне де кеңінен тоқталды.
Шеңбер түрінде бейнеленген Елтаңбаның негізгі элементі – киіз үй. Шаңырақ қазақ елінің кеңестің одақ құрсауынан босап, тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуының айқын айғағы болса, аспанымыздың әрқашан ашық болуын меңзеген көгілдір түс аясындағы шаңырақ, кереге, босаға – шаңырағымыз биік, керегеміз кең, босағамыз берік болсын, елімізде шаңырақ көтерген отбасыларымыз көп болсын деген мағынада қойылған. Ал шаңырақты ұстап тұрған уықтар, автордың айтуынша, Қазақстанда тұрып жатқан жүзден астам ұлт пен ұлысты бейнелеп, ынтымақ-бірліктің нышанын білдіреді.
Елтаңба ер қанаты аттың, онда да қарапайым емес, мүйізді аттың бейнеленіп, ал сол мүйіздің жеті бөлікке бөлінуі қазақтың қан тазалығын, тектілігін сақтап, жеті ата ұғымына аса мән беруін меңзейді. Жоғары жақтағы бес бұрышты жұлдыз, еліміздің жұлдызы биік, жарық болсын деген бата-тілектермен тұспалдасқан.
Ал төрт жыл бұрын латын қарпіне ауыстырылып, «QAZAQSTAN» деп өзгертілген жазу мемлекетіміздің атауы екені дүйім жұртқа мәлім. Жандарбек Мәлібекұлы Елтаңбадағы алтын немесе сары бидай түстес реңді байлықтың, әділдіктің және молшылық пен тоқшылықтың белгісі ретінде сипаттайды.
Тәуелсіздік таңында Қазақстанның алғашқы рәміздерін жасау жалпыхалықтық сипатқа ие болды. Өткен байқау қазақстандық патриотизмнің жарқын айғағына айналып, финалға 245 жоба қатысты.
Тудың авторы – Қазақстанның еңбек сіңірген өнер қайраткері Шәкен Ниязбеков. Көгілдір жалау – аспан мен судың түсі. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған. Күн, оның шұғыласы, қыран және ұлттық өрнек бейнесі алтын түстес.
Елтаңбаның авторлары – белгілі сәулетшілер Жандарбек Мәлібеков пен Шот-Аман Уәлиханов. Елтаңба – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған.
1956 жылы еліміздің «Менің Қазақстаным» патриоттық әні жазылды. Әнін Шәмші Қалдаяқов, сөзін Жұмекен Нәжімеденов жазған. Елбасы әнге мемлекеттік мәртебе беру үшін туындының бастапқы нұсқасын өңдеді. Еліміздің жаңа мемлекеттік гимнін 2006 жылы 6 қаңтарда Қазақстан Парламенті бекітті.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close