Basty bet

«Дені саудың – жаны сау» жастар арасында футболдан жарыс

Жуырда Қайрат ауылындағы Б.Момышұлы атындағы саябақта орналасқан стадионда «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі және аудандық пробация қызметінің ұйымдастыруымен уақытша бос жүрген мен пробация қызметінің есебінде тұрған жастар арасында футболдан турнир өтті.
Аталған турнир «Әулиеата жастары» өңірлік бағдарламасы аясында өтті.
Шараның мақсаты: жастардың бос уақытын тиімді пайдалана отырып, бұқаралық спорт түрін жетілдіру, футбол ойынын жастар арасында насихаттау, саламатты өмір салтын ұстануға шақыру.
Шараны «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі директорының орынбасары Жеңісбек Сейтбеков және аудандық пробация қызметі бөлімінің басшысы, әділет майоры Қуат Сарғалтақов жарысқа қатысушы жастарға сәттілік тіледі.
Турнирге ауданымыздың уақытша бос жүрген жастары және пробация есебінде тұрған жастардан алты құрама команда қатысты. Турнирге «Бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығы» мекемесінің спорт нұсқаушысы Эльдар Шырынбай, «Бұқаралық спорттық іс-шаралар өткізу орталығы» мекемесінің әдіскері Мадияр Зиябек төрешілік етті. Ойын басында төрешілер құрама командаларға ережелерді түсіндіріп өтті.
Спорттық сайыста құрама командалар жеребе тарту рәсімімен бір-біріне қарсылас атанып, өзара бақ сынасты. Турнирдің нәтижесіне сәйкес, жүлделі ІІІ орынды «Пробация» құрама командасы жеңіп алса, «Мыңбұлақ» құрама командасы турнирдің жүлделі ІІ орынына жайғасты, ал «Теріс» құрама командасы турнир жеңімпаздары атанды. Одан бөлек жарыс барысында ерекше көзге түскен ойыншыларға түрлі номинациялар берілді. Ильяс Байжұманов «Үздік ойыншы» номинациясымен, Абдуллин Әлімбаев «Үздік қақпашы» номинациясымен марапатталды. «Жастар ресурстық орталығы» мекемесі директорының орынбасары Жеңісбек Сейітбеков пен Жуалы аудандық пробация қызметінің бастығы әділет майоры Қуат Сарғалтақов жеңістерімен құттықтап марапаттады. Тартысты турнирге қатысқан барлық футбол командаларына алғысхаттар мен дипломдар және ынталандыру сыйлықтары табысталды.

Арслан Әлімбек,
«Жастар ресурстық орталығы» мекемесінің инспектор-заңгері

Таңдаулы материалдар

Close