Basty bet
30 жыл темIрдей тәртIпке бағынған
Әскери қызмет – қашанда ерекше құрметке ие. Ел тәуелсіздігін қорғау, халықтың тыныштығы мен мемлекеттің шекарасын күзетуде әскери мамандардың еңбегін ештеңемен салыстыра алмаспыз.
Асыл дініміз Исламда да Алла елшісі (с.а.с): «Екі көз ақыретте тозаққа күймейді: біріншісі – күнәсына өкініш білдіріп, оңашада егіліп жылаған көз, екіншісі – Отанды қорғап шекара күзеткен көз», деген екен. Міне, осыдан-ақ Отанды қорғаудың маңызын түсінуге болады.
Әрбір жігіт сарбаз атанып, қолына қару ұстап, Отанды қорғауға жастайынан дағдылануы тиіс. Әскер – соғыс майданы емес, шыңдалу ортасы. Ел басына күн туған шақта туған жерді қорғай білуге баулитын орта.
Жігіттің жігері жоқтығынан әскерден қашқандар Отанына адал қызмет ете алмайтыны анық. Ал, жас жігіттерді Отан алдындағы басты міндеті саналатын әскери борышын өтеуге шақырып жүретін аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімнің атқарар жұмысы аса жоғары.
Қорғаныс істері жөніндегі бөлімінің басты міндеттеріне адамдық және көлік ресурстарын жұмылдыру, Қазақстан Республикасының Қарулы Күштеріне азаматтарды шақыру, Қазақстан Республикасының аймағындағы, Ресей Федерациясы және алыс елді мемлекеттердегі ЖӘОО, «Жас Ұлан», Кадет корпусына және басқа да әскери оқу орындарына үміткерлерді іріктеу және жастар арасында Отанды сүюге, әскери-патриоттық сезімдерін оятуға тәрбиелеу жатады.
Мұны неге айтты дейсіз ғой?! Бүгін біз аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімде 30 жылдай уақыт жемісті еңбек етіп келе жатқан Күлпан Қозыбақова туралы әңгімелемекпіз. Бүгінде ол аталған бөлім бастығының кадрлық жұмыстары бойынша көмекшісі болып жұмыс істейді.
Айта кету керек, Күлпан Қозбақова ауданға қарасты Қошқарата ауылында 1965 жылы дүниеге келген. Осындағы он сыныптық Абай атындағы орта мектебін тамамдаған соң, Жамбыл технологиялық институтына оқуға түседі.
Кейіпкеріміз еңбек жолын 1992 жылы Бауыржан Момышұлы ауылдық әкімшілігінде әскери есеп үстелінің маманы болып бастайды. Ал, 1998 жылы аудандық Қорғаныс істері жөніндегі бөлімге ауысып, мұнда инспектор, бөлімше бастығы болып ұзақ жыл абыроймен еңбек етеді. Бір қызмет орнында тапжылмай жұмыс істеуді мен ерлікпен пара-пар дер едім. Неге? Қазіргі уақытта бір орында, жұмыстан шықпай еңбек етіп жүрген жастар саусақпен санарлық. Біріне айлық жалақысы ұнамаса, енді біріне қызметтестерінің іс-әрекеті ұнамайды. Осылайша жұмыстан-жұмысқа секіріп жүре береді. Бұдан соң, адамның берекесі қашады емес пе?! Ал, егде жастағылардың мұндай іс-әрекеттеріне таңырқай қарайсың.
– Даңқты қолбасшы, Батыр Бауыржан Момышұлы бабамыз айтқандай «Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бас иген құл болмайды». Біздің бөлімде темірдей әскери тәртіп орнатылған. Жұмысқа аса жауапкершілікпен қарап, киім киюің ұқыпты әрі таза, жүріс-тұрысыңа да аса мән беріледі. Өзіңе жүктелген міндетті тиянақтылықпен орындауға тырысасың. Әсіресе қызметкерлердің сауаттылығына ерекше назар аударатын. Біз қызметке орналасқан алғашқы жылдары жазуды машинкамен жазатын едік. Онда қазіргідей компьютер жоқ, жіберілген қатені дер кезінде түзей салатын. Ол кезде бір әріптік қатеге бола он беттік құжатты қайта басынан бастап жазуға тура келетін. Ал, біз мұндай іске де аса сабырлылықпен қарадық. Ал, қазіргі уақытта жұмыс істеймін деген әрбір азаматқа жақсы жағдай жасалған. Бірақ, сонда да жұмысына көңілі толмайтын жастарды көргенде налисың. Әрине, көпке топырақ шашудан аулақпыз. Белсенді жастар да баршылық.
Әскери қызметші Қазақстан Республикасының Конституциясын, заңдарын қатаң сақтауға және әскери жарғылардың талаптарын қатаң сақтауға және өз Отанының патриоты болуға, түрлі ұлттардың әскери қызметшілерінің арасындағы достықты нығайтуға міндетті, – дейді Күлпан Аязбекқызы.
Әскери қызметкер үш жылдан соң зейнеткерлікке шықпақшы.
Хош. Бүгінде жастарға патриоттық тәрбиені насихаттау, Отан алдындағы міндетін түсіндіру маңызды. Қазіргі кезде жастар арасында әскерге бару мәселесінің де өзекті екенін айта кету керек. Елімізде әскери қызметке барлық мүмкіндіктер жасалғанмен, көп жастардың әскер қатарына баруға құлықсыз екені белгілі. Ал. Мұндай жайттарды болдырмау мақсатында жұмыс істейтін Қорғаныс істері жөніндегі бөлім қызметкерлерінің міндеті зор.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»