Basty bet
Тұмау және ЖРВИ-ден сақтаныңыз!
Тұмау ауруы қысқы салқынның ажырамас бөлігі секілді. Осы кезеңде адамдарда тұмауратуы мен жөтел, жалпы әлсіздік пен қызудың көтерілуі жиі кездеседі..
Тұмау және басқа да ЖРВИ жоғарғы тыныс жолдары, жүйке жүйесі, құлақ және жоғарғы тыныс органдарының зақымдануымен қауіпті. Асқынулар 3 жасқа дейінгі балалар арасында жиі кездеседі, себебі олардың иммунитеті әлі де жетілмеген және жүйке жүйесі толық қалыптаспаған.
Тұмау және басқа ЖРВИ сырқаттану балалар арасында ересек адамдарға қарағанда жыл сайын 4-5 есе жоғары болады. Соның ішінде 5 жасқа дейінгі балалар арасында тұмау және ЖРВИ ауыр ағымда өтіп, асқынулар туындауы мүмкін. Респираторлы ауруларға шалдығу мүмкіндігі мектепке дейінгі балалар мекемесіне және мектепке баратын балалардың арасында жоғары. Себебі, үлкен ұжымдарда инфекция тез таралады.
Тұмау – жоғары тыныс алу жолдары зақымдалу және уыттану белгілерімен сипатталатын жұқпалы инфекциялық ауру. Ауру адамнан сау адамға жөтелген, түшкірген кезде ауа тамшысы арқылы беріледі.
Бұл ауру түрінің клиникалық белгілеріне келер болсақ, тамақ ауруы, дене қызуының көтерілуі, бас ауруы, сонымен қатар, бұлшық еттің ауруы, осыдан барып адам еңбекке уақытша жарамсыз болып қалады.
Тұмау және ЖРВИ алдын алу: баланы вирустан қалай сақтауға болады?
• Вакцинация. Жылына бір рет, күз айларында, барлық жанұя мүшелерінің тұмауға қарсы вакцина алуына кеңес беріледі. Жыл сайын біздің облысымызда ақысыз түрде тұрғындардың неғұрлым әлсіз топ өкілдері: балалар үйінің, сәбилер үйінің тәрбиеленушілері, мектеп-интернат оқушылары, қарттар үйіндегі адамдар, медқызметкерлерге егіледі.
Тұмауға қарсы витаминдік профилактика балалар мен ересек адамдардың респираторлық вирустарды жұқтыруына тосқауыл болады. Респираторлық вирустарға қарсы тұруға, жеке бас тазалығын сақтау және белсенді саламатты өмір салты көмектеседі, соның ішінде:
• Жоғарғы тыныс жолдарының кілегей қабаты және тері жамылғысының тазалығы (тамақты шаю, мұрын қуысын шаю, қолды жиі сабындап жуу және тұрақты шомылу шаралары);
• Үйдің тазалығын сақтау – қоршаған орта әсерінен тұмау вирусы тез жойылады (тұрақты түрде бөлмелерді желдету және ылғалды тазарту);
• Көкөніс пен жеміс-жидектен тұратын толыққанды байытылған тамақ көздерін пайдалану;
•Денешынықтырумен, спортпен айналысу және организмді шынықтыру.
Баланы үй жағдайында өзіңіз емдемеңіз – бұл оның денсаулығы мен өміріне қауіпті. Дәрігер шақыртыңыз – себебі, тек білікті маман ғана дұрыс диагноз қойып, ем-шара тағайындай алады.
Аурудың алғашқы белгілері пайда болса, үйде қалып, төсек режимін сақтаңыз. Бөлмені күніне екі рет таза ауамен желдетіп, мұрыннан су аққанда, жөтелгенде маска киген жөн. Сонымен қатар сусын, шай, шырын түрінде сұйықтықты көп ішіп, жеке бас тазалығын сақтағаныңыз жөн. Дәрігерді үйге шақырып, аймақ дәрігеріне уақтылы қаралыңыз.
Аурып ем іздегенше, ауырмайтын жол іздеңіз!
Жазира МЫРЗАЛИЕВА,
аудандық орталық аурухананың
инфекционист дәрігері