Basty bet
Тау тұлға, дара тұлға – Бауыржан Момышұлы
«Ешкім де, ештеңе де ұмытылмайды» демекші, Ұлы Отан соғысы мәңгі тарих қойнауына енді. Бүгінде бұл сұрапыл соғыстың аяқталғанына 80 жыл. Даңқты батыр, халық қаһарманы, Тәуелсіз Қазақстанның тарихына алтын әріптермен жазылған Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай аудандық орталықтандырылған кітапханада «Ұлан даланың алып ұлы – Бауыржан Момышұлы» атты танымдық-портрет кеші өтті.
Кеш барысында кітапхананың тұрақты оқырманы Мөлдір Дәулетбай жазушы Бауыржан Момышұлының «Ұшқан ұя» шығармасынан үзінді, №15 Ә.Бөкейхан атындағы тірек мектеп-лицейінің 5 сынып оқушысы Әдемі Пернеқұл, №2 Мыңбұлақ орта мектебінің 5 сынып оқушылары Имантай Дәулетбай, Азамат Нұрхан белгілі жазушылардың батырға жазған арнауларын мәнерлеп оқыды. «Тopjargan» білім мен шығармашылық орталығының «Көркем» орта би тобы «Қамажай» биін биледі.
Ал, №15 Ә.Бөкейхан атындағы тірек мектеп-лицейінің 8 сынып оқушысы Мейірлан Пернеқұл «Жуалы», 6 сынып оқушысы Мирас Ғали «Жаным қазақ» әндерін орындады. Әдіскер Г.Шапенова Бауыржан Момышұлының ерліктері мен даналық сөздері өскелең ұрпақ үшін рухани темірқазық болып отырғанын, тек бір дәуірдің емес, бүкіл қазақ халқының мәңгілік мақтанышы екенін айтып «Ерліктің, адалдықтың асқар шыңы» атты кітап көрмесіне шолу жасап жазушының кітаптарын жеке-жеке таныстырып өтті.
Кітапханашы А.Тасжүрекова Ұлы Жеңіске қаруымен де, қаламымен де үлес қосқан, аты аңызға айналған өр тұлғалы азамат, қаһарман жазушылардың бірі де, бірегейі – Бауыржан Момышұлының фотогаллереясын таныстырды. Бауыржан Момышұлы – оның өсиеттері мен ерліктері келешек ұрпаққа сарқылмас күш пен сенім береді. Батырдың рухы әр қазақтың жүрегінде мәңгі сақталады.
Аида ШӘКІР,
аудандық орталық
кітапхананың қызметкері