Basty bet

«Есту әлемі»: сенім мен сапа тоғысқан орталық

Он бес жылдан астам уақыт болды, әкемді Тараз қаласындағы «Есту әлемі» деп аталатын шағын емдеу мекемесіне апарып келемін. Ондағы мақсатымыз – есту жүйесін мүмкіндігінше қалыпқа келтіру және әкеме сапалы әрі ыңғайлы есту аппаратын алу. Осы аралықта бізге дұрыс таңдау жасауға көп көмегін тигізіп жүрген жан жайында айтпай кету мүмкін емес. Ол – аталған мекеменің аудиолог-слухопротезист маманы Гүлшира Әміралиева.
Өз басым Гүлшира ханымды нағыз өз ісінің маманы деп білемін. Сондықтан да бізге тигізген пайдасы өзгелерге де керек болар деген ниетпен «Жұмысшы мамандықтар жылында» өз ісін шексіз сүйетін ақ халатты абзал жаннан сұхбат алуды жөн көрдім.
– Гүлшира Пернебекқызы, өзіңіз және мамандығыңыз жайында қысқаша баяндап берсеңіз. Бұл салаға қалай келдіңіз?
– Дәрігер болу – менің бала күнгі арманым. Бұл арманның қалыптасуына ең алдымен әкемнің ықпалы зор болды. Бала кезімнен-ақ «менің қызым дәрігер, тіпті бас дәрігер болады» деп жиі айтатын. Сол сөздер санама сіңіп, жүрегіме жол тапты десем, артық айтқандық емес. Әкеміз оқытты, тәрбиеледі, үлкен өмірге нық қадам басуыма себепкер болды. Жалпы, мен медицина саласында 1990 жылдардан бері еңбек етіп келемін.
Ал қазіргі жұмысыма қалай келгеніме тоқталсам, 2006 жылы өз денсаулығыма байланысты Алматы қаласына бардым. Сол жерде есту жүйелерімен тығыз айналысатын дәрігерлермен кеңесіп, Таразға мүлде өзге адам болып оралдым. Ашығын айту керек, ол кезде қаламызда есту қабілеті төмен жандармен жүйелі түрде жұмыс жасайтын орталықтар жоқтың-қасы еді.
Көп ұзамай Алматы қаласынан маған жұмыс бойынша ұсыныс түсті. Мен көп ойланған жоқпын, бірден келістім. Содан бері 20 жылдан астам уақыт бойы аудиолог-слухопротезист маманы ретінде еңбек етіп келемін. Есту қабілеті төмен жандарға көмектесу – менің өмірлік миссиям іспетті.
Бұл сала ерекше жауапкершілік пен жанашырлықты талап етеді. Адамдарға есту қабілетін қайта сезінуге көмектесу – мен үшін ең үлкен бақыт әрі мамандығымның басты мәні.
– Адамдарға есту қабілетін қайтаруға немесе өмір сапасын жақсартуға көмектескен кезде қандай сезімде боласыз?
– Мен үшін алдыма келген әрбір адам – жеке тұлға, әрқайсысының өз тағдыры, өз үміті бар. Сол адамның алғаш рет анық естіген сәттегі қуанышын, көзіндегі жас пен алғысты көру – сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Бұл – менің дәрігер ретіндегі ең үлкен марапатым.
Есту қабілеті жақсарған сәтте адамның өмірге деген көзқарасы өзгеріп, өзіне деген сенімі арта түседі. Сол өзгерістің бір бөлшегі болу, олардың қоғаммен қайта еркін араласуына, жақындарының дауысын қайта естуіне себепкер болу – мен үшін зор бақыт.
Бұл сала күн санап дамып келеді. Өз біліктілігімді арттыру үшін үнемі оқып, білімімді жетілдіріп отырамын. Осы уақытқа дейін Мәскеу, Астана, Алматы қалаларында өткен семинар-тренингтерден қалмай қатыстым. Жинаған әрбір жаңа білім болашақта науқастарымның игілігіне жарайды деп есептеймін.
– Есту қабілеті төмендеуінің қандай алғашқы белгілерін адамдар көбіне елемей жатады?
– Алғашқы белгілерге сөзді жиі қайта сұрау, теледидардың дыбысын қатты қою, шулы жерде сөйлескенде сөзді түсінудің қиындауы жатады. Көп жағдайда адамдар мұны шаршаумен немесе жасқа байланысты деп ойлап, мән бермей жүре береді. Бұл – үлкен қателік.
Уақытында маманға жүгінбеу естудің тұрақты нашарлауына, сөйлеуді түсіну қабілетінің төмендеуіне, әлеуметтік оқшаулануға, тіпті күйзеліске әкелуі мүмкін. Ал, балаларда есту мәселесін кеш анықтау сөйлеу дамуының кешеуілдеуіне соқтырады. Сондықтан дер кезінде тексеріліп, қажет болған жағдайда арнайы аппараттарды тағу өте маңызды. Кей жағдайларда, егер науқас тым кеш келсе және аппарат көмектеспесе, мемлекет тарапынан арнайы ота жасалады.
– Соңғы жылдары дыбыс күшейткіштерінің түрі көбейді. Олар нағыз есту аппараттарынан несімен ерекшеленеді? Тексеру қалай жүргізіледі және бұл қызмет аймағымызда қаншалықты қолжетімді?
– Дыбыс күшейткіштері барлық дыбысты бірдей қатайтады, медициналық тексерусіз қолданылады және сөзді түсінуді жақсартпайды, кейде құлаққа зиян да келтіруі мүмкін. Ал, нағыз есту аппараттары аудиологиялық тексеру нәтижесіне сай жеке бапталады.
Біздің «Есту әлемі» орталығында аудиометрия, сөйлеуді түсіну тесті және қажет болған жағдайда қосымша зерттеулер толық жүргізіледі. Науқасты жан-жақты тексеріп, есту аппаратын бейімдеп беру – біздің басты артықшылығымыз.
– Адамдарда қандай қорқыныштар жиі кездеседі және аппаратқа үйрену қанша уақытта өтеді?
– Алғашында кей науқастар ұялу, қысылу секілді сезімдерді бастан кешіреді. Бірақ, біз олармен түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, аппарат тағу – есту деңгейін сақтап қалу үшін маңызды екенін айтамыз.
Аппараттарымыз сапалы, әрі, қолжетімді, сондықтан көп жағдайда адаптация тез өтеді. Тағы бір артықшылығымыз – ҮШ ЖЫЛДЫҚ КЕПІЛДІК. Осы уақыт ішінде науқастарды толық бақылауда ұстап, баптау және қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ету қызметін көрсетеміз.
– Әртүрлі бағалық санаттағы есту аппараттарының бір-бірінен айырмашылығы неде? Оларды таңдағанда нені ескеру керек?
– Есту аппараттарының бағасы олардың техникалық мүмкіндіктеріне тікелей байланысты. Қарапайым, қолжетімді аппараттар негізінен дыбысты күшейтумен ғана шектеледі, ал жоғары санаттағы құрылғылар сөйлеуді фондық шудан ажыратып, әр ортаға автоматты түрде бейімделеді және сөзді түсіну сапасын айтарлықтай жақсартады.
Сондықтан аппарат таңдағанда ең алдымен науқастың есту деңгейін, өмір салтын, қолданылатын ортасын, жұмыс орнын ескеріп барып құрылғы ұсынамыз. Қазіргі таңда технология қарқынды дамыған, әр адамға қолайлы есту аппараттарының түрі өте көп. Олардың өзі бірнеше санатқа бөлінеді, ал бағасы атқаратын функциясына қарай белгіленеді.
Негізінен, науқас есту аппаратын таңдауда оның бағасына емес, ең алдымен қолайлылығына мән бергені дұрыс. Мысалы, есту аппаратына қосымша жалғанатын Roger Clip деп аталатын арнайы құрылғы бар. Егер науқас бұл құрылғыны бөлек алып қолданса, көпшілік орындарда, жиындар мен семинар-тренингтерде еш қиындықсыз қатыса алады. Аталған құрылғылардың барлығы біздің орталықта қолжетімді.
– Естуі нашарлап жүрсе де, маманға баруға қорқатын адамдарға не айтар едіңіз?
– Қорқатын ештеңе жоқ. Тексеру ауыртпайды, көп уақыт алмайды және ешкімді бірден аппарат тағуға мәжбүрлемейді. Керісінше ерте келген адам естуін сақтап қалу немесе жеңіл жолмен түзету мүмкіндігін алады. Қазіргі таңда тіпті көзге көрінбейтін есту аппараттары да бар.
Сондай-ақ, бір маманға тұрақты қаралу маңызды. Бұл өзара түсіністікті жақсартып, нәтижені тиімді етеді.
– Қорытынды ретінде, өздеріңізге сенім артқан емделушілерге не айтасыз?
– Бізге сенім артқан әрбір емделушіге шексіз алғыс айтамын. Сіздердің жылы сөздеріңіз бен қуанып қайтқандарыңыз – біздің ең үлкен бағамыз. Біз үшін естуді жақсарту ғана емес, адамдардың өмір сапасын арттыру, қоғаммен байланысын қайта қалпына келтіру маңызды. Алдағы уақытта да кәсіби түрде адал қызмет көрсете береміз.

Сұхбаттасқан
Жәнібек БАЗЫЛБЕК.

Таңдаулы материалдар

Close