Basty bet

Халықты жұмыспен қамту – масылдықтан арылуға көмектеседі

Президенттің Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауларында мемлекет дамуының басты салаларының жұмысын дамытумен қатар, ауылдағы шағын және орта бизнестің дамуына тұрақты басымдық беріліп келе жатқанын жақсы білеміз. Президенттің халыққа арнаған алғашқы Жолдауларының бірінде: «Шағын, әсіресе, микробизнес еліміздің әлеуметтік-экономикалық және саяси өмірінде маңызды рөл атқарады. Атап айтқанда, ең алдымен, ауыл тұрғындарына тұрақты, жұмыссыздықты азайтады. Сонымен қатар, салық базасын құрап, жергілікті бюджетті нығайтады. Сондай-ақ, жаппай кәсіпкерлікті дамыту санаға сіңген патерналистік пиғыл мен масылдықтан арылуға мүмкіндік береді. Сондықтан мемлекет алдағы уақытта да бизнеске қолдау көрсете береді» делінген.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жасанды интеллект дәуіріндегі Қазақстан: өзекті мәселелер және оны түбегейлі цифрлық өзгерістер арқылы шешу» атты 2025 жылғы халыққа Жолдауының алтыншы бағдарында да аталған маңызды мәселелерге тағы да назар аударылғанын баса айтқан жөн. «Шағын және орта бизнестің ішкі жалпы өнімдегі үлесі 40 пайызға, ал жұмыспен қамту ісіндегі үлесі 50 пайызға жуықтады. Бұл – жаман көрсеткіш емес. Бірақ осы саланы жүйелі түрде жетілдіре түспесе, экономиканы дамыту және тұрмыс сапасын жақсартуға тың серпін бере алмаймыз. Екі миллионнан астам шағын бизнес субъектісінің ішінде өнім өндіретін кәсіпкерлер саны алты пайызға да жетпейтіні жасырын емес. Орта бизнесте бұл көрсеткіш жоғарырақ болғанымен, бәрібір көңіл көншітпейді.
Былтыр мен «Экономиканы ырықтандыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлыққа қол қойдым. Бұл құжат бизнестің мүддесін ескере отырып, барынша ашық реттеу үлгісіне көшуге негіз болды. Бірақ Жарлық толық орындалмай отыр. Іскер азаматтардың әлеуетін толық ашу мәселесі күн тәртібінен түскен емес. Сондықтан тиісті құқықтық базаны жаңғырту керек» деді Президент.
Президент тапсырмаларын сапалы орындау – маңызды әрі межелі міндеттердің бірі. Бұл – барлық өңірге қатысты мәселе. Халықты жұмыспен қамтып, ел өңірлерінде кәсіпкерлік ісінің көкжиегін кеңейту арқылы өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтардың үлесін арттыру жұмыстары мемлекет саясатының күн тәртібінен түскен емес. Олай болатыны, қазына қаражаты мен мемлекет табысының елеулі бөлігі шағын және орта бизнестің үлесінде. Сондықтан, бұл саланың жұмысын ілгерілету ісіне қай кезде да баса назар аударған дұрыс.
Халықты жұмыспен қамту, өңірде жұмыссыздықтың деңгейінің төмендеуі, ең бастысы – азаматтарға кәсіпкерлік ісін ашуға көмектесу бағытында да аудан көлемінде бірқатар жүйелі жұмыстардың атқарылып келе жатқанын айтуға тиіспіз.
2026 жылдың 9 айындағы Жуалы ауданында халықты жұмыспен қамту, жұмыссыз азаматтарды еңбек нарығына тарту және кәсіпкерлік бастамаларды қолдау бағытындағы жоспарлы жұмыстар туралы айтсақ, аудандық Мансап орталығы филиалының ресми мәліметінше, жылдық жоспарға сәйкес, жұмыспен қамтудың белсенді шараларына жалпы – 2 997 адамды тарту көзделген. Оның ішінде: 1 798 адамды тұрақты жұмыс орындарына орналастыру, 545 адамды субсидияланатын жұмыс орындарымен қамту, сонымен қатар, 297 азаматты «Бастау-Бизнес» жобасы бойынша оқыту, 100 адамды қысқа мерзімді кәсіптік оқытуға және жұмыс берушілердің жұмыс орындарында оқытуға тарту, 297 азаматты «Бастау-Бизнес» жобасымен және 197 азаматты онлайн оқыту курстарымен қамту, ал, 60 азаматқа 400 АЕК мөлшерінде мемлекеттік қайтарымсыз грант беру жоспарланған.
– Есепті кезеңде аудан бойынша – 1 716 адам жұмыспен қамтылды. Бұл – жоспарланған 2 343 адамның – 73,2 % құрайды. Атқарылған жұмыстарды таратып айтатын болсақ, 1 192 адам тұрақты жұмыс орындарына, 524 адам уақытша жұмыс орындарына орналастырылды. Тұрақты жұмыс орындары бойынша жоспардың орындалуы – 66,3 %, уақытша жұмыс орындары бойынша – 96,1 % құрады.
Халықты жұмыспен қамтудың белсенді шараларының бірі – субсидияланатын жұмыс орындарын ұйымдастыру. Атап айтқанда, «Жастар практикасы» жобасымен 160 жас маманды жұмысқа орналастыру жоспарланып, есепті мерзімде 103 жас маман жұмысқа жолданды. Жоспардың орындалуы – 64,4 % құрады. Ақылы қоғамдық жұмыстарға 300 адамды тарту жоспарланған болса, нақты кезеңде 339 жұмыссыз азамат жұмысқа орналастырылып, жоспар – 113 % орындалды.
Әлеуметтік жұмыс орындарына 25 адамды орналастыру жоспарланып, бұл бағыттағы жоспарлы жұмыстар толық орындалды. Нәтижесінде 25 азамат жұмысқа жолданып, орындалу көрсеткіші 100% құрады. Ал, «Күміс жас» жобасы бойынша 60 адамды жұмыспен қамту жоспарланып, бүгінгі таңда 60 азамат жұмысқа жолдама алып отыр. Жоспардың орындалуы – 100 пайыз,- дейді өз сөзінде, Жуалы ауданы бойынша Мансап орталығы филиалының директоры Нұрбол Құрмашев.
Жуалы ауданы бойынша жыл басындағы статистикалық мәліметтерге сәйкес, экономикалық белсенді халықтың саны – 24 507 адамды құрайды. Есепті кезеңде ресми тіркелген жұмыссыздар саны – 888 адамды құрап, жұмыссыздық деңгейі – 3,6 % болды. Бұл көрсеткіш облыстық орташа көрсеткіштен 1,1 % төмен. (облыстық орташа көрсеткіш 4,7%).
Кәсіпкерлік бастамаларды қолдау – басым бағыттардың бірі
Жуалы ауданы бойынша Мансап орталығы филиалының ақпаратына қарағанда, аудандағы жұмыссыз және әлеуметтік осал санаттағы азаматтарды кәсіпкерлікке тарту мақсатында мемлекеттік қолдау шаралары да жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Бұл мақсатта 2026 жылы жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз гранттарды 60 азаматқа беру жоспарланған. Грантқа өтініштер «Электрондық еңбек биржасы» порталы арқылы қабылданып, бірінші лек бойынша 29 азаматқа мемлекеттік қайтарымсыз грант берілді. Ал, биылға жоспарланған 2-ші лекке байланысты Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен келіп түскен хатқа сәйкес, қайтарымсыз грант қаражатына жүргізілген талдаулардың нәтижелеріне, анықталған бюджет қаражатының нысаналы жұмсалмау жағдайларын, сондай-ақ мемлекеттік ресурстардың барынша нәтижелі жұмыспен қамту шараларына шоғырландыру қажеттілігін назарға ала отырып, аталған министрлік жаңа бизнес-идеяларды іске асыруға арналған мемлекеттік қайтарымсыз гранттар беруді тоқтату туралы шешім қабылдағанын аудан тұрғындарының назарына салғанды жөн көріп отырмыз.
Сонымен қатар, азаматтардың кәсіпкерлік сауаттылығын арттыру мақсатында «Бастау-Бизнес» жобасын іске асыру бағытында да бірқатар жүйелі жұмыстар атқарылуда. «Enbek» порталы арқылы оқу жоспары – 297 азамат, оның ішінде, 157 азамат оқуын аяқтап, сертификат алды. Жоспардың орындалуы – 52,9 % құрады. Жыл соңына дейін жоспар толық орындалады деп күтілуде.
–Еңбек нарығында сұранысқа ие жаңа дағдыларды меңгеру мақсатында «Enbek.kz» платформасы арқылы онлайн оқыту ұйымдастырылып, жоспарға сәйкес, 197 азаматты оқыту көзделсе, нақты кезеңде 247 азамат онлайн оқудан өтіп, сертификат алды. Осылайша жоспар 125,4 % орындалды. Жұмыссыз азаматтардың кәсіби біліктілігін арттыру мақсатында қысқа мерзімді кәсіптік оқуға 70 адамды, ал, жұмыссыздарды жұмыс берушілердің жұмыс орындарында оқытуға 30 адамды тарту жоспарланған. Есепті кезеңде барлығы – 100 азамат қысқа мерзімді оқу курстарына жолданып, жоспар 100 % орындалды.
Ұлттық жобаның аясында аудан бойынша 2026 жылға жұмыс орындарын құру Өңірлік картасының аясында – 5 жоба (атап айтқанда, Қызыларық, Түктібай ауылдарында медициналық пункт ғимараттарын күрделі жөндеу жұмыстары, Шақпақата ауылындағы №4 Қ.Сағындықов атындағы орта мектептің ғимаратын күрделі жөндеу жұмысы, Нұрлыкент және Көлтоған ауылдарында спорт-сауықтыру кешендері ғимаратының құрылысын салу жұмысы). Жоспар бойынша – 14 жұмыс орны (оның ішінде, уақытша – 10, тұрақты – 4 жұмыс орны) бекітілген.
Берілген жоспар бойынша 2 жобаға (Түктібай ауылындағы медициналық пункттің ғимаратын күрделі жөндеу жұмысына – уақытша 4 жұмыс орны, Шақпақата ауылындағы №4 Қ.Сағындықов атындағы ОМ ғимаратын күрделі жөндеу жұмысына – уақытша 3 жұмыс орны) барлығы 7 жұмыс орны ашылып, МЗЖ төленді. Қызыларық ауылындағы медициналық пункттің ғимаратын күрделі жөндеу жобасы интеграциялық картасы ақпараттық жүйесінде көрінбей тұрғанына байланысты бұл туралы Жамбыл облыстық «Еңбек мобильділігі орталығына» тиісті хат жолданды. Бүгінгі күнге Нұрлыкент аулындағы спорт-сауықтыру кешеніне – 2 адам, Көлтоған ауылындағы спорт-сауықтыру кешенінің ғимаратын салу құрылыс жұмыстарының аяқталмауына байланысты, тұрақты екі жұмыс орны ашылған жоқ,- дейді Мансап орталығының басшысы.
Атаулы әлеуметтік көмек 2026 жылдың қыркүйек айына атаулы әлеуметтік көмек тағайындау бойынша – 588 адамы бар 99 отбасының өтініші оң шешім тауып, оларға АӘК тағайындалды (оның ішінде: шартсыз ақшалай көмекке – 86 адамы бар 19 отбасына; шартты ақшалай көмекке – 507 адамы бар 81 отбасына). Былтырмен салыстырғанда, атаулы әлеуметтік көмек (АӘК) алушы отбасылардың саны – 28 отбасы 170 адамға, немесе 22% азайған (2025 жыл қыркүйек айында – 758 адамы бар 127 отбасы), алайда ауданда халық саны (52 475 адам) шаққанда, АӘК алушылардың үлесі – 1,1% құрайды (орташа облыстық көрсеткіш – 3,0%).
Шартты ақшалай көмек алушылардың еңбекке қаблетті 135 адам, оның ішінде, тұрақты жұмысы барлар – 78 адам, ал 54 жұмыссыз азамат жұмыспен қамту белсенді шараларымен қамтылды: тұрақты және маусымдық жұмысқа орналастырылған – 50 адам, ақылы қоғамдық жұмысқа – 4 адам тартылып, 2026 жылдың қыркүйек айына нысаналы индикатор – 97,8%-ға орындалған,- дейді Жуалы ауданы бойынша Мансап орталығы филиалының директоры Нұрбол Құрмашев.

Таңдаулы материалдар

Close