Basty bet

Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің аудан тұрғындарына, мекеме басшыларына, кәсіпкерлер мен шаруа қожалықтарына, бастауыш ардагерлер ұйымдарына Үндеуі

Біз, Жуалы аудандық ардагерлер кеңесінің ұйымдастыруымен даңқты қолбасшы, Кеңес Одағының Батыры, Қазақстан Республикасының Халық Қаһарманы, қазақ халқының қаһарман перзенті, ел тарихындағы бірегей тұлға – Бауыржан Момышұлының туғанына 115 жыл толуына орай ауданның аумағынан өтетін «Батыс Қытай – Батыс Еуропа» халықаралық автожолының бойынан орнатылып жатқан Батырдың еңселі ескерткіш-монумент кешенінің құрылысына аудандық ардагерлер кеңесі, оған қарасты бастауыш ардагерлер ұйымдары болып осынау игілікті іске сүбелі үлес қосу мақсатында игі бастама жасап, осыған сәйкес, аудан тұрғындарына, жанашыр азаматтарға, осында орналасқан мекеменің басшыларына, өңірдің ірі кәсіпкерлері мен іргелі шаруа қожалықтардың басшыларына, облыстық және аудандық мәслихаттардың депутаттарына Үндеу жолдағанды жөн санадық!
Себебі, өткен жылы Батырға арналған ескерткіштің құрылысы басталып, Бауыржан Момышұлының туған күні 24 желтоқсанның қарсаңында аяқталуы қажет болатын. Алайда, құрылысқа қажетті қаржы-қаражаттың тапшылығына байланысты ескерткіштің құрылысы аяқталмай қалды. Құрылыс басында біршама жұмыс атқарылып, үлкен автожолдың бойындағы Шерхан Мұртаза саябағының аумағынан жалпы аумағы – 1,5 гектар болатын орынға аллея жасалып, аллеяда өңірге қарасты 14 ауылдық округтің құжаттық паспорты жазылып, сонымен қатар, жұлдызы биік Жуалы ауданынан түлеп ұшқан 14 генералдың есімі бедерленген тақтайша орнатылады. Постамент жерден 8 метр биіктікке тұрғызылды. Ендігі кезекте Батыр ескерткішінің экскизі дайындалу үстінде.
Қадірлі Жуалы жұртшылығы!
Ескерткіштің құрылысына бюджеттің есебінен қаржы бөлінбейтіні белгілі. Бұл мақсатта аудандық ардагерлер кеңесінің жанынан «Бауыржан Момышұлы мейірімділік қоры» құрылған. Аталған қорға жергілікті кәсіпкерлерден жиналған қаржының есебінен құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Алдағы уақытта ескерткіштің құрылысын қарқынды жүргізіп, оны биыл 9 мамыр – Ұлы Жеңіс күні мерекесінің қарсаңында толық аяқтау жоспарланып отырғанын назарларыңызға жеткізгіміз келеді.
«Ардагерлер ұйымы» Республикалық коғамдық бірлестігінің Ережесіне сәйкес, Отан қорғаушылардың мемориалдары мен ескерткіштерін және облискілерін күтіп ұстауға қамқорлық жасауға қатысу міндетті делінген.
Құрметті жуалылықтар!
Сіздерден ерлік даңқы әлемге жайылып, есімі халықтың жүрегінен өшпестей орын алған даңқты қолбасшы, қаһарман жерлесіміз – Бауыржан Момышұлының әзиз рухын асқақтатып, батырлығын жас ұрпақтың жадында жаңғыртып, кеңінен дәріптеуге арнап тұрғызылып жатқан тарихи ескерткіштің құрылысына жанашырлықпен атсалысып, игілікті де сауапты іске өз үлестеріңізді қосуды сұранамыз!
Бұл – қасиетті Жуалы жұртшылығының қасиетті Отанның алдындағы қастерлі парызы болмақ!

Үндеу аудандық ардагерлер кеңесінде қабылданды.
28 қаңтар, 2026 жыл, Жуалы ауданы

Таңдаулы материалдар

Close