Basty bet
Тату отбасы
«Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп» деген Абай Құнанбайұлының осы бір өлең жолында үлкен даналық ой бар. Расында да, адамзаттың бәрін бауырым, жақыным деп сүю үшін Алланың жаратылысына деген махаббат керек. Бұл махаббатты ата-бабамыз бір шаңырақтың астында тұрған өзге ұлт өкілдеріне көрсеткен қамқорлығы мен шынайы ізгі ниетіен байқай аламыз. Әлемде түрлі соғыстар мен ашаршылық секілді қиын-қыстау кезде бір нанды бөлісіп, бір шаңырақ астында тату-тәтті тұрған еді. Ғасырлар бойы ел ішіндегі ұлтаралық татулық пен тұрақтылықты сақтай білген.
Бүгінгі біздің әңгімемізге арқау болатын отбасы – тату-тәтті өмір сүріп жатқан Еминовтар жанұясы. Олар жанұясымен бірнеше жылдар бойы Қазақстанда тұрып келеді. Нигматулла Еминов 1962 жылы, ал оның жары Роза Еминова 1965 жылы Түлкібас ауданында дүниеге келген. Ұлты – өзбек. Олар Нұрлыкент ауылдық округіне 1998 жылы көшіп келеді. Қазіргі таңда сол жердің жергілікті халқымен жақсы араласып, этнос өкілдерінің іс-шараларына да белсене қатысып тұрады. Еминовтер отбасының Абдулла, Руслан, Гафур атты үш ұлы бар. Үшеуі де жұмыс істеп, өз шаңырақтарын құрған.
Нигматулла Бекенұлы 2002-2012 жылдар аралығында Жуалы ауданындағы сыр зауытта механик болып қызмет еткен. Ол – Ауған соғысының ардагері. Ал Роза Газыбаевна 2007 жылдан бастап Нұрлыкент ауылдық округінде поштада газет тасушы болып жұмыс істейді.
Еңбекқор отбасы бау-бақша өсірумен айналысады. Бақшасында қызанақ, қияр, асқабақ, жүгері, көкпияз пен сарымсақ, асқабақ, алма ағаштары да отырғызылған. Оны жолдасы Нигматулла күтіп баптайды. Уақтылы суғарып, құрттамасы үшін дәрілеп, арамшөптерінен тазалайды. Бір қызығы олардың бақшасында салмағы 45 келі тартатын үлкен асқабақтар өсіп тұр. Сондай-ақ олардың көршілері де келіп бақшаны баптау тәсілдерін сұрап отырады екен. Отбасы мүшелері кішігірім мал да ұстайды.
Сөзімізді қорытындылай келе, ынтымақта өмір сүріп жатқан, өңірге сыйлы Еминовтер отбасысы өзінің бірлігімен көпке үлгі бола алады. Бұл шаңыраққа ынтымақ пен бақ-береке тілейміз!
Үміт Мадиярбек,
«Жаңа өмір»