Basty bet

«Балапан ұяда нені көрсе, ұшқанда соны іледі!»

отбасындағы балаға берілетін тәлім-тәрбие және олардың қауіпсіздігі ата-ананың жауапкершілігіне тікелей байланысты

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына арнаған Жолдауында: «Біз заң мен тәртіп, білім мен парасат үстемдік ететін қоғам құруымыз керек. Азаматтары, әсіресе жастары мәдениетті, жаңашыл әрі жасампаз ұлттың ұпайы түгел. Сондықтан біз өркениетті ел болуға кедергі жасайтын жағымсыз әдеттерден арылуымыз керек» деп Парасатты да Әділетті қоғам құру туралы айтқан пайымды пікірлерін жақсы білеміз. Бұл жайдан жай айтылған сөз емес. Олай болатыны, Тәуелсіз Қазақстан Республикасы қазіргідей жаңа дәуірге қадам басқан дәл осындай маңызды кезеңде елдің болашағы саналатын жас ұрпақтың ең алдымен тәрбиелі, саналы, білімді және ізгілікті болып қалыптасуы барлығынан маңызды.

Қазіргі таңда қоғамның басты міндеттерінің бірі – баланың өмірі мен қауіпсіздігін қорғау болып отырғаны белгілі. Бұл – тек балаларға тәрбие мен білім беретін мектептің, ата-ананың немесе құқық қорғау органдарының ғана емес, мұны – қоғам мүшелерінің бірлесіп атқаратын ортақ міндеті және ортақ жауапкершілігі деп түсінген абзал!
Азаматтардың құқығы мен бостандығы бірінші орында тұратын елімізде бала – қоғамның ең құнды бөлігі болып табылады. Балалардың өмірі мен денсаулығы үшін жауапкершіліктің көп бөлігі ата-аналарға тиесілі. Ал бала тәрбиесімен қатар, олардың қоғамдағы қауіпсіздігі, жарқын болашағы, жақсы азамат болып қалыптасуы – барлығынан маңызды. Жасөспірім шақта ақыл-ойы әлі толық толыса қоймаған балалар мен әрнәрсеге еліктегіш келетін жас буынның назарын осындай ұрымтал кезеңде дұрыс бағытқа бұрып, оларға адастырмайтын жол көрсету – қоғам мүшелерінің ортақ міндеті!
Ұрпағын өмірінің жалғасы деп таныған дана ата-бабаларымыз парасатты ұрпақ қалыптастыру үшін бойындағы бар асыл қасиеттері мен өмірлік мол тәжірибесін өз балаларының бойына сіңіре білгенін тарихтан жақсы білеміз. Бала тәрбиесі үй ішінде басты назарда болып, олардың ата-анасы, әулеті, туған-туыстары мен жақын-жуықтары тарапынан болған көмек-қолдаулар баланың білімді, мейірімді, саналы ұрпақ болып қалыптасуына жол ашатыны дау тудырмаса керек. Сол себепті дана халқымыз «Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілерсің» деп, отбасында алған тәрбиенің баланың болашаққа бастар адастырмас бағдаршамы екендігін қалай дөп басып айтқан десеңші?…
«Ұлы жол – отбасы табалдырығынан басталады!» деген ұлағатты сөздің мағынасына терең үңілсек, бала тәрбиесінде ең бірінші кезекте ата-ананың басты жауапты тұлға екенін еске салумен қатар, жас жеткіншекті отбасы-ошақ қасынан көрген тәрбие, жағымды қасиеттерді бойға жия білуге шақырады. Сонымен қатар, барлық жақсылықтың бастауы – туған табалдырықтан басталып, ұрпақ ұғымында «асыл босаға» деген киелі түсінікті қалыптастырса керек…
Өткен замандардың ақыны, ұлы ойшыл, ғұлама ғалым, философ Жүсіп Баласағұни: «Бала нені білсе жастан, ұядан, Өле өлгенше соны таныр қиядан» деп тереңнен толғанады. Әрбір ата-ана баласының өз алдына жеке тұлға болып қалыптасуына тигізер ықпалы зор. Баланың бойында жастайынан жақсы мінез-құлық қалыптастырумен қатар, ысырапшылдыққа жол бермеу, қолда бар дүниені үнемдеп жұмсай білу, орынсыз жиын-тойға әуестенбеу, баға жетпес алтын уақытты босқа өткізбеу, т.б. жаман әдеттерден бойын аулақ ұстау туралы ақыл-кеңес беру, баланы дұрыс өмір сүруге бейімдеу – ата-ананың басты міндеттерінің бірі әрі ең негізгісі десек, әсте қателеспейміз. Әрбір ата-ана балаларына тәлім-тәрбие беріп, еңбекке баулып, адамгершілікке тәрбиелеумен бірге, бір мезгіл олармен сырласып, ақылдасып, баланың ойын жете танып, өмірде ойып алар орындарының бар екенін де сезіндіре білудің ешбір артық тұсы жоқ. Баламен үздіксіз байланыста болып, реті келгенде, жетістіктеріне мақтаныш сезімін білдіріп, бойында байқалған кейбір кемшіліктер болса, оны да дер кезінде орынды ескерте білудің маңызы өте зор.
Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда балалардың смартфонға тәуелділігі қоғамды алаңдататын жай болып отыр. Сондықтан, балаларға телефонды қолдануға шектеу қою қажет. Байқап отырсақ, жасөспірімдер арасында орын алып жатқан түрлі қатыгездік көріністері – соның айғағы болса керек…
Оның соңы қайғы-қасіретке де әкеп соғатынын бір-бірімізден қалай жасырайық? Жасөспірімнің өз өзіне қол жұмсауы сияқты өрескел әрекеттерді болдырмай, қоғам болып оның алдын алуға тиіспіз. Бұл үшін баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, оларды пайдалы іспен айналысуға тарту, сонымен қатар, бұл мәселеде жоғарыда айтылған отбасындағы дұрыс тәлім-тәрбиенің рөлі зор екенін қайталап айтқым келеді.
Қоғамда орын алып жатқан жағымды және жағымсыз жайлардың барлығына ең алдымен өзіміз жауаптымыз. Бұл мақсатта ата-аналар қауымының мектептегі ұстаздармен тығыз байланыс орнату арқылы бірлесе атқарылған жұмыстар өз нәтижесін беретіні анық. Жақсы ой мен жақсы іс – қоғамды жақсылыққа жетелейді. Адамзаттың болашағына пайдасы бар дүниелерді жоғары орынға қойып, жақсы істермен айналысу – балаларды дұрыс бағытқа салады. Пайдалы істермен айналысуды әдетке айналдыру – ата-ана тәрбиесінің жемісі болса керек. Кітап оқу, спортпен тұрақты шұғылданып, саламатты өмір салтын ұстану, түрлі үйірмелерге қатысу арқылы талантын шыңдау – баланың жан-жақты дамуына мол пайдасын тигізетіні анық.
Отбасы – адам баласы үшін мейірім мен сүйіспеншіліктің ордасы, тәлім-тәрбие мен барлық жақсылықтың қайнар көзі. Отбасында өзара ауызбіршілік берік орныққанда ғана жас ұрпақтың дұрыс жетіліп, баланың ел болашағына пайдасын тигізер айтулы азамат болып қалыптасуына мызғымас негіз қаланады. Өйткені, Отанның кішкентай бір бөлшегі болып табылатын әрбір жанұяда болашақтың иелері тәрбиелену үстінде. Өз отбасын сүйіп, бойына жақсылықты жия білген ұрпақтар ғана болашақта елін, жерін, қасиетті Отанын сүйетін ұлтжанды азамат болатыны ешбір дау тудырмаса керек.
Қазіргі жас өскін ұрпақтың Тәуелсіз елімізді дамытып, Отанына адал қызмет етіп, көзі ашық, заманауи біліммен қаруланған, заман тынысын дөп басып, ғылым мен заманауи технологияның тілін терең меңгерген саналы азаматтар болып қалыптасуында ұрпақтар іргетасын қалаушы ата-ананың орны бөлек. Даңқты қолбасшы, Батыр Бауыржан Момышұлы: «Адам өміріндегі ең үлкен қуаныш – бала сүю» деп айтқандай, бауыр етіміз болған балаларды мейіріммен жақсы көре отырып, олардың бойына жастайынан халқымыздың дана да дара қасиеттерін терең сіңіре білген жөн.
Балалар – біздің болашағымыз! Бала мен жас ұрпақтың тәрбиесінде отбасындағы тәлім-тәрбие, ата-ана үлгі-өнегесінің орны бәрінен биік тұрады. Баланың рухани дамуы ең бірінші кезекте өз отбасында қалыптасатынын ескерсек, бұл мақсатта ата-аналар қауымы, жалпы алдыңғы толқын аға буын өкілдері жас ұрпаққа жарқын өнеге бола білсе құба-құп. Ол үшін әрбір жанұяда отбасы құндылықтары кеңінен дәріптеліп, өзара татулық пен сүйіспеншілік, мейірімділік, үлкенге құрмет, кішіге қамқорлық пен ізет көрсетіліп, қамқорлық орныққанда ғана мұндай үлгілі отбасынан ешуақытта қоғамға жат қылықтардың шықпайтыны анық.
Болашағымыз, елдің ертеңгі тұтқасы, жарқын өмірдің жалғасындай болып, отбасында өсіріп, тәрбиелеп отырған ұл-қыздар өз кезегінде елін сүйіп, қасиетті Отанын көздің қарашығындай қорғайтын саналы азамат болып қалыптасып келеді. Жас ұрпақ халқымыздың асыл қасиеттерін бойына сіңірген, ұлттық құндылықтарды білім-ғылыммен ұштастыра білгенде ғана Тәуелсіз Қазақстанның болашағы бүгінгіден де жарқын болмақ!

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close