Basty bet
Мерейтой иесіне академик атағы берілді
Мерейтой иесі, жерлесіміз, Қызыларық ауылының азаматы Мырзахан Рахманбердіұлын қаламы қарымды журналист, жазушы-публицист, сезімі сәулелі ақжарма ақын және талантты композитор, үлкен жүректі, ұлтжанды азамат ретінде айрықша құрмет тұтады.
Журналист ауданымыздың 90 жылдық тарихы бар төл басылымы, аудан тарихының шежіресі, жаңалықтың жаршысы бола білген “Жаңа өмір” қоғамдық-саяси газетінде 1989-1994 жылдары редактор болып қызмет атқарды. Мырзахан Рахманбердіұлы басқарған тұста газет шығару ісі ел Тәуелсіздігінің алғашқы жылдары егемендікке енді ғана қадам басқан елдің, қала берді ауданның экономикалық-әлеуметтік, рухани-мәдени дамуы және өңірдің орнықты даму кезеңіне тұспа-тұс келді. Аудандық басылым тілшілері өңір дамуының және тұрғындардың тыныс-тіршілігі, салалардың жұмысы, ондағы жетістіктер, кемшіліктермен қатар, ең маңыздысы, әдебиет пен мәдениет, ұлттық-рухани құндылықтар жайында кеңінен қалам тербеді. М.Ахмет аудандық басылымды Тәуелсіздікпен бірге түлетіп, жұмыс арнасын жаңаша бағытқа сала алды.
«Жаңа өмір» газетінде ұзақ жыл қызмет істей жүріп, жергілікті тұрғындардың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, олардың өмірлік мәселелері туралы ой толғаған очерктері мен публицистикалық мақалалары оқырманның ыстық ықыласына бөленді.
«Көңілімде таси-таси ақ суат,
Ізгіліктен келем дәйім бақ сынап.
Ел-жұртыма төксем деймін шапағат,
Айналама шашсам деймін ақ шуақ»,- деп ақын өзі жырлағандай, көп жылдар бойы Бұқаралық ақпарат құралдары мен мемлекеттік қызмет салаларында абыроймен еңбек ете жүріп, ел-жұртыңыздың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап, оларға жүрегінің жылуын, жанының ақ шуағын шаша білді.
Мырзахан Рахманбердіұлының еңбек жолы мен шығармашылық еңбектері, Тәуелсіздік алған жылдары ауданымыздағы жер-су атауларын қазақшалаудағы еңбегі туралы газетіміздің 23 тамыз күнгі №62 санында айқарма бетте жан-жақты жазылды.
Жуалылықтар мерейтой иесін әріптестерімен бірге мәдениет үйінің алаңында зор құрметпен қарсы алды. Алаңда ақынның еңбек жолы мен шығармашылығына арналған фотокөрме жасалды. «Қызғалдақ» ән-би ансамблінің өнерпаздары ән салып, би билеп, қазақы дәстүрмен қонақтарға бауырсақ пен қымыз ұсынды. Сонымен бірге аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі ақынның кітаптарынан көрме дайындады.
ҚР Мәдениет қайраткері, Қазақстан Жазушылар және Журналистер одағының мүшесі, Мұқан Төлебаев атындағы республикалық композиторлар конкурсының лауреаты, жазушы, журналист, ақын, композитор Мырзахан Ахметтің 70 жас мерейтойына арналған әдеби музыкалық кеш шымылдығы «Жуалының бір жұлдызы» атты бейнероликпен ашылды.
«Қызғалдақ» ән-би ансамблінің әншілері «Жолыққан қандай жақсы” әнін орындап, «Мыңбұлақ», «Жуалы” халық театрларының әртістері «Жыр жазамын» композициясын қойды. Композицияда театр әртістері ақынның өлеңдерін тебіреніспен оқыды.
Мырзахан Ахметтің «Жуалым» әні шырқалып, сахна төріне кеш иесі құрмет қошеметпен шақырылды.
Алғашқы құттықтау сөз сөйлеу мәртебесі аудан әкімі Жалғас Мұртазаға берілді.
Жалғас Әлижанұлы барша жуалылықтардың атынан мерейтой иесін құттықтап, облыс әкімі Ербол Қарашөкеевтың және өз атынан Құттықтау хатын тапсырып, игі дәстүрімізбен басына бөрік кигізіп, иығына шапан жапты.
Кешке тілеулес болып алыс-жақыннан келген қонақтар облыстық мәслихаттың төрағасы Абдалы Нұралиев, облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы Еркінбек Солтыбаев, ҚР Журналистика академиясының президенті, тарих ғылымдарының докторы, профессор, академик Сағымбай Қозыбаев, академияның вице-президенті, академик Валерий Жандәулетов, академик Төлеміс Құлмұхамедов, «МедРемЗавод» медициналық холдингінің бас директоры, мед техника өндіруші Арыстанбек Жұмағұлов, ҚР Ұлттық машина жасау көлік академиясының президенті, техника ғылымдарының докторы, профессор, академик Жақсыбай Нұрлыбайұлы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Кәсіподақ комитетінің төрағасы Мұхтар Ибраймов, тағы да басқа азаматтар игі тілегін білдіріп, сый-сияпаттарын тапсырды. Олар Мырзахан Ахметтің қаламгерлігі, кісілік болмысы, еңбекқорлығы, ұлтжандылығы туралы естеліктерімен бөлісті.
Кеш иесіне ҚР Журналистика академиясының Президенті, профессор Сағымбай Қозыбаев журналистика саласындағы үздік табыстары үшін “ҚР Журналистика академиясының академигі” омырау белгісін тапсырды.
Сонымен бірге Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университеті Кәсіподақ комитетінің төрағасы Мұхтар Ботабайұлы білім беру саласын дамытуға қосқан үлесі үшін “Абай” төсбелгісімен марапаттады.
Әдеби-сазды кеш Кенен Әзірбаев атындағы Жамбыл облыстық филармониясының әншілерінің концерттік бағдарламасына ұласты. Филармония әншілері ақын, сазгер Мырзахан Рахманбердіұлының әндерін шырқады.
Кеш соңынан республикалық бата беру байқауының жеңімпазы Аманжол Дүрәліұлы бата беріп, ақынның «Қилы-қилы тағдырлар» кітабының тұсауы кесілді.
Мырзахан Ахметтің жерлестері мен ағайын-туысы ат мінгізсе, ұлы айтыскер ақын Қанат Мырзаханұлы темір тұлпар тарту етті.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»