Basty bet

Несие алып, несібесін арттыруда

Бүгінде өз кәсібін ашып, берекелі тұрмыс кешіп отырған жандардың қатары көп. Мемлекет тарапынан да бұл бағыттағы жұмыстарға жасалып жатқан қолдау жоғары. Яғни, төмен пайызды несиелер мен қайтарымсыз гранттар тағайындалуда. Мұндай жеңілдіктің шарапатын кәсіпке бет бұрған аудан тұрғындары да сезінуде. Ауданда мемлекеттің қолдауымен жеңілдетілген несие алып, жаңадан кәсіп ашқандар жетіп артылады. Өндіріс көлемін ұлғайтып, кәсібін арттырғысы келетіндер үшін де барлық жағдай жасалған.

Сондай жанның бірі аудан тұрғыны, кәсіпкер Эльхан Мамедов биыл жазда төмен пайызбен несие алып, бүгінде кәсібінің тасын өрге домалатуда. Мемлекеттік бағдарлама аясында биыл 2,5 пайызбен 5 млн теңге несие алып, берекеге толы іс бастады.
Ол мемлекеттен алған қаржыға бірден сауынды сиырлар сатып алған. Алдағы уақытта мал басын көбейтіп, жұртты сүтпен қамтуды көздеп отыр. Эльханның әрбір күні сиырларға шөп салумен басталады. Шаруа малға қалай күтім жасау керек екенін жақсы біледі. Өйткені жастайынан төрт түлікті күтіп-баптауды көріп өскен. Ол 21-35 жас аралығындағы кәсіпкер ретінде тіркелген кез келген тұрғын өтінім беріп, құжаттары несие алу шарттарының талабына сай келсе, осы қолдауға ие болатынын сөз етті.
– «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында сүт бағытындағы мал шаруашылығы бойынша 5 миллион теңге несие алуға мүлкімді кепілге қоя отырып, өтінім жолдағанмын. Нәтижесінде комиссияның оң шешімімен 5 млн. теңге қаржы берілген. Несие қаржысынан 4 миллион 200 мың теңгеге 12 бас сауынды сиыр сатып алып, ал қалған 800 мың теңгесі мал азығына жұмсалды. Бүгінгі күнде таңертең сиырдан 36 литр, кешке 30-32 литрдей сүт аламыз. Сүтті өткізіп отырамыз.
Кәсіпкер өз кәсібін дамыту аясында алдағы уақытта мал басын көбейтуді жоспарлап отыр. Жас кәсіпкер Эльхан өз сөзінде: «Көптен бергі арманым жеке кәсіппен айналысып, табыс табу болатын. Мемлекеттік бағдарламаның арқасында сол арманым орындалып келеді» деп ағынан жарылды.
Эльхан жастайынан төрт түлік малды өсіріп, бабын жасауды біледі. Өйткені әкесі мал бағудың шебері. 2021 жылы «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасының аудандық филиалына жүгініп, құжаттарын тапсырады. Арнайы курстан өтіп, іскерліктің әліппесін оқып, сертификат алады. Бизнес жоспарын сәтті қорғаған соң, тексеру комиссиясының мақұлдауымен «Бастау Бизнес» жобасы шеңберінде мемлекеттен 500 мың теңге қайтарымсыз грант алып, 12 бас уақ мал сатып алуға қол жеткізеді. Одан бөлек қорасында 22 бас бұқа да асырап отыр. Бүгінде мал басын көбейтіп, бұқаларды бордақылап, етін сатып, пайда табуда. Қазіргі таңда тынымсыз еңбектің арқасында, табысқа кенеліп отыр.
Кәсібін бастамас бұрын үй маңына ыңғайлы қора-жай салыпты. Отбасылық бизнес болғандықтан ынталы кәсіпкерге әкесі мен жары көмектесуде. Кәсібін енді бастап отырған Эльхан Шагвалетұлының алдағы жоспары да ауқымды.
– Мал өсіру қазақ халқына бұрыннан белгілі ата кәсіп. Сол үшін де бұл кәсіп түрімен кез келген адам айналысып, табыс таба алады. Шағын және орта бизнестің гүлденуі еліміздегі орташа әлеуметтік санат үшін қолжетімді кәсіп көзі мен табысты жұмыс орны ретінде маңызға ие болып отыр. Бұл тұрғыдан алғанда мемлекет өз ісін ашуға ынта білдіргендерді қолдап, іскерлік әліппесін үйрету мен қаржылай қолдаудан бөлек кәсіп түрлерінің дамуына қолайлы орта туғызып отыр. Бұл біз секілді жас кәсіпкерлердің ісінің өркен жаюына жол ашатыны сөзсіз.
Жалпы кәсіпкерлікке қолдау көрсетіп отырған мемлекеттік бағдарламалар бүгінде ауылдық жерде тұратын, кәсібін ашуға ынталы адамдар үшін таптырмайтын мүмкіндік, – дейді жас кәсіпкер.

Анар ТІЛЕНШИЕВА,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close