Basty bet
Жаңа оқу жылында қандай өзгерістер күтіп тұр?
Міне, санаулы күндерден кейін жаңа оқу жылы басталғалы отыр. Елімізде мектептер Білім күніне арналған салтанатты жиынға дайындалып жатыр. Жаңа оқу жылына қатысты әрбір мәселе мемлекеттің жіті қадағалауында.
Оқушылардың алаңсыз білім алуы мемлекет тарапынан айтарлықтай қолдау көрсетіліп келеді.
Ауданымызда екі мектеп-гимназия, бір мектеп-лицей, 27 орта, үш негізгі, алты бастауыш мектеп бар. Оның екеуі, яғни Диқан және Алатау орта мектептерінің ұстаздары мен оқушылары жаңа оқу жылын жаңа мектепте бастағалы отыр. Сонымен бірге биыл Мыңбұлақ, Көктөбе орта мектебі мен Т.Тастандиев атындағы орта мектепке күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Биылғы жаңа оқу жылы ауданымыздың оқушылары үшін бірқатар жаңашылдық пен өзгерістерге толы болмақ.
1 қыркүйек – Білім күні қарсаңында аудандық білім бөлімінің басшысы Тыныбеков Нұрмахан Аманбайұлымен аудан мектептерінің жаңа оқу жылына дайындығы жайлы сұхбаттасқан едік.
-Нұрмахан Аманбайұлы, санаулы күндерден кейін басталғалы отырған жаңа оқу жылы құтты болсын! Оқу жылы сәттілікке, жақсы жаңалыққа толы болсын!»
-Рақмет!
-Жалпы ауданымызда 2022-2023 оқу жылында білім ошақтарына қанша оқушы келеді?
-1 қыркүйекте аудан мектептеріне 10 798 оқушы келеді деп күтілуде. Оның ішінде 962-і мектеп табалдырығын аттайтын оқушылар.
-Аудан мектептерінің оқулықтармен, компьютермен, интернет желісімен қамтылуы қандай?
-Жалпы мектептер 2824 компьютермен қамтылған. Білім ошақтарының барлығы интернет желісімен қамтамасыз етілген. Сонымен бірге барлық мектеп «Күнделік» ақпараттық жүйесіне қосылған.
Оқушылардың оқулықтармен қамтылуы қашан да маңызды мәселе. Биылғы жылы оқулықпен қамтуға 225 500,0 мың теңге қарастырылған. Оқулықтарды тасымалдауға 1 млн теңге бөлінген. Қазіргі таңда тасымалдау жұмыстары жүргізілуде. Жалпы оқушылардың оқулықтармен қамтылуы 100 пайыз болады.
-Балалардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету де өзекті мәселе. Осы мақсатта мектептер мен балабақшалардың бейнебақылау камераларымен қамтылуы туралы айтып өтсеңіз.
-Тәрбие, білім ошақтарында қауіпсіздік талаптарын күшейту бойынша жұмыстар жоспарлы жүруде. Яғни, мектептер мен балабақшалар бейнебақылау камераларымен 100 пайыз қамтылған.
-Қазіргі таңда ауданда ерекше күтімді қажет ететін қанша бала бар және олармен жұмыс жүргізу барысы қандай?
-Ауданда ерекше күтімді қажет ететін балалармен бір педагогикалық-психологиялық түзету кабинеті жұмыс істейді. Өткен оқу жылында 110 бала үйде оқытылды. Инклюзивті біліммен 36 оқушы қамтылған. Ерекше күтімді қажет ететін балармен жұмыс жоспарға сай жүргізіледі.
-Елімізде 1-30 тамыз аралығында «Мектепке жол – Шекарасыз жақсылық!» ұранымен «Мектепке жол» жалпы респубилкалық қайырымдылық акциясы өтуде. Ауданда акция аясында қанша балаға көмек көрсетілді?
– Жуалы ауданы бойынша жалпыға бірдей міндетті білім беру қоры есебінен 32500 теңге бөлінуде. Биылғы жылы да осы қаржы көлемінде 2770 оқушының ата-анасына жоспарланған, бүгінгі күні 2187 оқушының ата-аналардың жеке шоттарына аударылды. Қаулыға сәйкес 32500 теңгені 37389 теңгеге (әр балаға 4889 теңгеден) 13 млн 545.5 мың теңге жергілікті бюджеттен қарастырылады.
«Мектепке жол» республикалық қайырымдылық акциясы шеңберінде 50 балаға 1 млн теңге көлемінде көмек көрсетілуде.
Сонымен бірге аудандық «Аманат» партиясының депутаттары тарапынан аз қамтылған, көпбалалы отбасынан шыққан 12 оқушыға көмек көрсетілуде.
-Аудан мектептерінде жалпы қанша педагог бар? Ауданда маман тапшылығы бар ма?
Жалпы өткен оқу жылының жетістіктеріне қысқаша тоқталып, жаңа оқу жылына жасаған жоспарларыңызбен бөліссеңіз.
– Өткен 2021-2022 оқу жылының ең үлкен серпінді нәтижесі ол жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиадасының қорытындысы болды. 2020-2021 оқу жылында жалпы білім беретін пәндер бойынша республикалық олимпиаданың ІІІ облыстық кезеңіне қатысқан 23 оқушының 6-ы жүлделі орындарды иеленсе. Биылғы жылы 39 оқушының 23-і жүлделі ІІ және ІІІ орындарды иеленіп, үш оқушы республикалық кезеңге жолдама алды. Нәтижесінде №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектептің 10 сынып оқушысы Емберген Гүлжанат құқық негіздері пәні бойынша қола медаль иегері атанды. Жетекшісі: Наурызбаев Асланбек. Жоғарыда аталған оқушымыз облыс әкімі Нұржан Молдиярұлының қатысуымен өткен облыстың дарынды оқушыларымен кездесуіне қатысып, арнайы Алғысхатпен және 100 000 теңгелік сертификатпен марапатталды.
Білім сапасы педагогтің кәсіби біліктілігіне тікелей байланысты. Жалпы аудан бойынша жұмыс атқарып отырған 1881 педагогтың 26-сы педагог – шебер, 153- і педагог-зерттеуші, 175- сі педагог- сарапшы, 109-ы педагог-модератор.
Алдағы оқу жылының ерекшеліктерінің бірі балалардың қауіпсіздігі мен көрсетілетін қызметтердің сапасына қатысты мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға қойылатын талаптарды күшейту, ерекше білім беруге қажеттігі бар білім алушылар үшін жағдай жасау болып табылады. Орта білім беруде білім алушылардың пәндік дағдылары мен құндылықтарын қалыптастыруға және дамытуға, ерте кәсіптік бағдар беруге, инклюзивті орта мәдениетін қалыптастыруға баса назар аударылатын болады.
2022-2023 оқу жылында үлгерімі төмен білім алушылармен жеке жұмыс жүргізуді ұйымдастыру, ерекше білім беруді қажет ететін білім алушыларға тиімді психологиялық-педагогикалық қолдау көрсету, ұлттық құндылықтар негізінде мектептің мәдени ортасын қалыптастыру, «Оқуға құштар мектеп», «Дебат қозғалыстары», «Мектеп парламенті», «Балалар және театр» «Жылыжайлар» және т.б. жобаларды іске асыру бойынша жұмыстар жүргізіледі.
Бүгінде ауданда «Жасыл мектеп», «Цифрлы мектеп», «Смарт мектеп» жобалары, «Ауыл мектебі» пилоттық жобасы жүзеге асырылуда.
Өздеріңізге белгілі, мектеп бітіруші түлектерге «Алтын белгі» мен Үздік аттестат қорытынды аттестаттау нәтижесінде беріледі. 2021-2022 оқу жылында 11 сыныпты 651 оқушы аяқтап оның 577-і ҰБТ қатысып орташа балл 70,1 құрады, 23 оқушы «Алтын белгі» төс белгісін, 47 оқушы үздік аттетат иегері атанды.
Мектеп жасына дейінгі балаларды мектепке дейінгі тәрбиемен қамту үшін ауданда ауқымды жұмыстар жүргізілуде.
Бүгінгі күні ауданда мектепке дейінгі ұйымдар саны 32, оның ішінде: 26 мемлекеттік, 6 жекеменшік, 1 шағын орталық. Ағымдағы жылдың 21 шілдесінен аудан орталығына жақын орналасқан Диқан елді мекенінде жекеменшік 45 орындық балабақша ашылып, жұмысын бастады.
Алдағы уақытта бұл жұмыстар өз жалғасын табатын болады. 2023 жылы «Мыңбұлақ» ауылдық округінде үшжақты келісім бойынша қадамдық жоспарға сәйкес 75 орындық «Балажан» жекеменшік бөбекжай-балабақшасының ашылуы жоспарлануда. Жалпы аудан бойынша мектепке дейінгі мекемелерде қамтылған 2-6 жас аралығындағы балаларды қамту үлесі 98 %, 3-6 жас -100% құрап отыр.
Мектепке дейінгі тәрбие мен оқыту бойынша қамтылған балалар саны 2450 құрайды. Мемлекеттік мектепке дейінгі ұйымдарда – 2075 бала, шағын орталықта – 50 бала, жекеменшік мектепке дейінгі ұйымдарда – 325 бала тәрбиеленуде.
-Жаңа оқу жылындағы өзгерістерге, жаңалықтарға тоқталып өтсеңіз?
-Жаңа оқу жылының ұзақтығы 1 сыныптарда 35 оқу аптасын, 2-11 сыныптарда 36 оқу аптасын құрайды. Бұл мектептердің 5 күндік оқумен жұмыс істеуіне, мектеп оқушыларының қажетті білім көлемін алудағы олқылықтың орнын толтыруға мүмкіндік береді.
Бастауыш білім берудің үлгілік оқу жоспарына сәйкес бірінші сыныпта тек қазақ тілі пәні жүргізіледі. Ал орыс сыныптарында қазақ тілі және орыс тілі оқытылады. Орыс тілі 2 сыныптан, ал ағылшын тілі 3 сыныптан бастап жүргізіледі. Бірінші сыныпта «Көркем еңбек» пәні екі пәнге бөлініп, «Еңбекке баулу» және «Бейнелеу өнері» пәндері жүргізіледі.
Білім беру саласындағы мемлекеттік саясат қағидаттарын сақтау мақсатында аудандық барлық орта білім беру ұйымдарында 2022-2023 оқу жылдарында 1 сынып оқушылары үшін бірыңғай қою көк түсті мектеп формасы ұсынылып отыр. Бұл ата-аналарға форманы базардан да, сауда үйінен де сатып алуға ыңғайлы. Сонымен қатар оқушы мектеп ауыстырған жағдайда да жаңа форма сатып алудың қажеттілігі болмайды. Яғни, ата-ана мектеп формасын бір өндірушіден сатып алуға міндеттелмейді.
-Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»