Basty bet
Үкімет аппаратының өңірлік инспекторы кәсіпкерлермен кездесті
Қазақстан Республикасы Үкіметі аппаратының өңірлік инспекторы Ергелді Сәрсенбаев Жамбыл облысына арнаған жұмыс сапары барысында ауданымызға да арнайы келіп, бірқатар нысандардың жұмысымен танысты. Е.Сәрсенбаевты аудан әкімі Жалғас Мұртаза мен аудан әкімінің орынбасары Рақымғазы Құниязов қарсы алды.
Алдымен Ақтөбе ауылдық округіндегі Бәйтерек ауылына кіреберістегі “Жасыл белдеу” бағдарламасымен егілген қылқан жапырақты ағаштар алаңын барды.
Ауылдың кіреберісіндегі шамамен екі гектардай жерге ауыл тұрғындарының демеушілігімен егілген 600 түптей шырша аумағы қоршалып, уақытылы суғарылып, күтім жасалуының нәтижесінде бүгінде едәуір бой көтеріп, жайқалып тұр. Алдағы уақытта бұл жер абаттандырылып, аллея жасау жоспарлануда.
Аудан әкімі Ақтөбе ауылдық округі ауданда “Ауыл аманаты” бағдарламасына енген алғашқы округ екенін, округ бойынша 2023 жылы 11 көше асфальтталғанын, егін алқаптарын суғару үшін гидрокөпірлер жасалғанын, бұл өңірдегі тұрғындар негізінен картоп, күнбағыс егетінін жеткізді. Сонымен бірге Бәйтерек ауылы Қырғызстан Республикасымен шекаралас болғандықтан ауыл тұрғындарының екі ел арасындағы ауылға жақын жердегі бұрынғы кеден бекеті ашылса деген өтініштері барын айтты. Әрине, бұл халықаралық мәселе, дегенмен тұрғындардың өтінішін тиісті орынға жеткізгенін, егер алдағы уақытта бұл кеден бекеті ашылса, экономикалық дамуға оң әсерін тигізер еді деген пікірімен де бөлісті.
Ауылдық округтің әкімі Ғалым Жақыпбеков ауылдық округтің тыныс-тіршілігімен қысқаша таныстырды.
Жаңаталап ауылында ашылған “BAKESH ARENA” спортзалының жұмысымен нысанның демеушісі Тойшыбековтардың атынан Талғат Тойшыбеков таныстырды. Спортзал 20 млн теңгеге салынған. Бүгінгі таңда мұнда 50-60 бала еркін күрестен жаттығуда. Спортзал қажетті құрал-жабдықтардың барлығымен қамтамасыз етілген. Балаларға жаттығудан кейін жуыну үшін су кіргізіліп, душ жасалған.
Тойшыбековтардың ауыл балаларына жасаған игі ісіне риза болған Е.Сәрсенбаев жұмыстарына сәттілік тіледі.
Өңірлік инспектор Ергелді Сәрсенбаев “Злиха” шаруа қожалығының картоп алқабына да барды. Қожалықтың жетекшісі Керімқұл Бегалиев жұмыс барысымен таныстырып, проблемаларды айтып, жоспарларымен бөлісті.
Картоп өсіруден тәжірибесі мол шаруа қожалық биыл 70 гектар жерге “Пеккасо”, “Коломба”, “Артемис” голландиялық картоп тұқымын егіп, күтім жасауда. Картоп қыркүйек айының ортасынан бастап қазылады деп жоспарлануда. Шаруа қожалық жыл сайын картоп тұқымын жаңартып отыруды қолға алған.
Аудан әкімі Жалғас Әлижанұлы шаруа қожалық ауданда диқаншылықпен айналысатын шаруаларды картоптың элиталы тұқымымен қамтамасыз етіп отырғандығын жеткізді.
Шаруа қожалықтың 1500 тонна картоп сақтауға арналған қоймасы бар. Бес гектар картоп су үнемдеу технологиясымен суғарылады.
Картоп теру жұмысы адам күшімен атқарылады. Алдағы уақытта картоп теруге арнайы техника сатып алуды жоспарлауда.
Шаруа қожалықтағы бір мәселе – күзде картоп бағасының төмендеп кетуі. Сондықтан өнімді шикі зат күйінде ғана емес, өңдеумен (чипсы жасау) айналысуды, яғни дүкен сөрелеріндегі жәй чипсыдан гөрі сапалы, құнарлы өнім жасайтын қондырғы сатып алуды жоспарлауда. Шаруаның бұл жобасын аудан басшысы да, облыс басшысы да қолдап отыр. Шаруа “Тараз” ауыл шаруашылығы кооперативі арқылы қомақты несиеге қол жеткізсе, жобасын іске асырмақ.
Керімқұл Мамырұлы бір түп картоптың түбін қазып, картоп өнімін көрсетті. Картоп ірі-ірі, шаруа биыл өнім мол болады деген үмітте екенін жасырмады. Е.Сәрсенбаев диқаншылардың ісіне береке тілеп, келесі нысанға бет алды.
Аудан орталығындағы “Бурный ірімшік” зауытының тыныс-тіршілігімен ЖШС басшысы Сывамбай Арынов таныстырды.
Бұл зауыт аудандағы ең ірі компания. Мұнда шамамен 130-ға жуық адам жұмыс істейді. Зауыттың қуаттылығы күніне 100-110 тонна сүт қабылдауға жетеді. Алайда бүгінде 25-30 тоннаға дейін ғана сүт қабылдайды.
Зауытта сырдың төрт түрі, сары май, айран, пастерленген сүт шығарылады. Компания өндірген өнімдер ауданымыз бен еліміздегі бірнеше қалаларға және Ресейге жіберілуде.
Сывамбай Арынов зауыттағы цехтардың жұмысымен жеке-жеке таныстырды.
Кәсіпкер елімізге алыс-жақын шетелден түрлі сырлардың келуіне байланысты отандық өнімнің өтпей, қоймада ұзақ тұрып қалуы үлкен мәселе болып отырғанын айтты.
Қысқасы, Ергелді Сәрсенбаев сапар аясында шаруалар мен кәсіпкерлердің пікірін тыңдап, мемлекет тарапынан әрдайым қолдау болатынын жеткізді.
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»