Basty bet
Туған өлкенің тарихымен танысты
Тарихты тану – болашаққа бастар жолдың негізгі тетігі. Туған жерді сүю парыз, сүю үшін білу парыз. Туған өлке тарихын әспеттеп, келер ұрпаққа жеткізу – аға буынның міндеті. Бұл жайында «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында ерекше аталып көрсетілген. Болашаққа қалай қадам басарымыз – өскелең ұрпаққа беретін тәрбиеге байланысты.
Жастар мектеп қабырғасында алған білімімен ғана шектеліп қалмай, туған жер топырағының қадір-қасиетін бағалап, тарихи-мәдени мұрасын білуі қажет. Осы мақсатта аудандық халық шығармашылығы және мәдени демалыс орталығына қарасты Бақалы ауылдық мәдениет үйінің мамандарының ұйымдастыруымен С.Сейфуллин атындағы орта мектептің 7сынып оқушыларымен бірге аудандық тарихи-өлкетану музейіне “Жұлдызы биік Жуалы” атты экскурсия жасалды.
Шараның мақсаты – оқушыларды өз елінің орта ғасырлық тарихымен таныстыра отырып, тарихи мәлімет беру. Еліне, жеріне деген сүйіспеншілігін арттыру.
Ауданның тарихымен музейдің ғылыми қызметкері Дәулетжан Байдалиев таныстырды. Ауданымыздың төл тарихын оқушыларға музейдің бірінші қабатында орналасқан жәдігерлермен таныстырудан басталды. Алдымен ауданның тарихи-мәдени ескерткіштерінің сызбасы түсірілген картаға көз жүгіртті. Одан кейін музейге қойылған тарихи жәдігерлердің табылуы, шығуы мен оның қай ғасырға жататындығын оқушыларға жіті түсіндірді.
Оқушылар да “Үздік өлкетанушы” Дәулетжан Жамалбекұлына қызықтырған сұрақтарын қойып, тарихтан сыр шертілді. Ауданымыздың мол мұрасы саналатын тарих қойнауынан қызықты ақпараттар айтылып, туған өлкенің тарихымен танысты. Музейдің барлық бөлімін тамашалап, құнды деректерді білді.
Бақалы ауылдық мәдениет үйі